АҚШ тізгіні Дональд Трамптың қолына екінші мәрте тигелі, АҚШ пен Иран ядролық келісім бойынша келіссөздерді қайта бастағаны белгілі. Осыған дейін тараптар келіссөздің төрт раундын өткізді. Енді бесінші кезек кездесу жоспарлануда.
(Коллаж: Mezgil.kz)
АҚШ ПЕН ИРАН: ЯДРОЛЫҚ КЕЛІСІМ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР
Осыған дейін АҚШ пен Иранның ядролық келісім бойынша келіссөздері Оманның Маскаты мен Италияның Римінде 12, 19 және 26 сәуірде өткен. Төртінші жолы тараптар тағы Иманның Маскат қаласында 11 мамырда жолықты. Тегеранның атынан СІМ басшысы Аббас Аракчи келіссөзші болса, АҚШ атынан арнайы өкіл Ситв Уиткофф келіссөз жүргізді.
Америкалық БАҚ-тың жазуынша, тараптар келер аптада Европада бесінші мәрте келіссөз өткізбек.
Әзірге АҚШ тарабының талабы – Иранның байытылған уран өндірісінен толық бас тартуы және өзінде бар барлық ядролық нысандардың көзін жоюы. Ал Иран бұған: «Біз өзіміздің ядролық құқығымыздың ешбірінен бас тартпаймыз», - деп жауап берген.
ИРАН: АҚШ БІЗГЕ ҚОҚАН-ЛОҚЫ ЖАСАУЫН ДОҒАРСЫН!
Кеше, 18 мамырда Иран президенті Масуд Пезешкиан Катар СІМ басшысы Мұхаммед бен Әбдірахман әл-танимен жолығып, былай деді: «АҚШ-пен Иран арасында ядролық келісім жасау әбден мүмкін нәрсе. Ол үшін ең әуелі – АҚШ тарабы өздерінің талап-шарттарын бізге таңып, Иранға қоқан-лоқы жасауын доғаруы керек! Иранды күшпен бағындыру мүмкін емес», - деді.
Кеше Иран президенті Пезешкиан Оман СІМ басшысы Бәдір әл-Бұсайдимен жолыққанда: «Иран Оманның арағайындық жасауы арқылы АҚШ-пен ядролық келісім жасасу мүмкін болады деп сенеді. Бұл Таяу Шығыстың тұрақтылығына кепілдік болатын келісім болады», - деді.
АҚШ: ИРАННЫҢ ЯДРОЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ НЕ БЕЙБІТ ШЕШІЛЕДІ, НЕ КҮШПЕН ШЕШІЛЕДІ!
Ал осының алдында АҚШ президенті Дональд Трамп сөйлеген (15 мамыр). Ол Иранмен ядролық келісім туралы: «Иранмен ядролық келісім жасасуға болады және бұл бойынша ілгерілеу байқалады. АҚШ Иранмен ұзақ уақыттық бейбітшілік бойынша өте маңызды келіссөздер жүргізуде. Ядролық бағдарламаны шешудің екі амалы бар. Бірі – тату-тәтті жолмен шешу. Екіншісі – күш арқылы шешу. Мен екінші жолмен жүргім келмейді. Біз Ираннның ядролық күлге айналуына жол бермейміз. Меніңше, біз келісім жасасуға жақындап қалдық», - деді.
Бұған Иран президенті Пезешкиан былай деп жауап қатты: «Трамп санкциялар енгізіп, бізді қорқытып, сосын адам құқықтары туралы айта аламын деп ойлайды. Барлық қылмыстар мен аймақтық тұрақсыздық АҚШ-тың әрекетінің нәтижесі. Ол Иранның ішінде тұрақсыздық орнатқысы келеді», - деді.
БАСТЫ МӘСЕЛЕ – УРАН БАЙЫТУ ІСІ
Тегеран да, Вашингтон да Иранның ядролық бағдарламасына қатысты ондаған жылдарға созылған дауды шешу үшін дипломатиялық жолды қалайтындарын айтқанымен, негізгі мәселелер бойынша әлі де келіспеушіліктері бар. Америка шенеуніктері Иран уран байытуды тоқтатуы керек деп ашық айтты. Бірақ Тегеран өз аумағында уранды байытуға құқығы бар екенін және одан бас тартпайтынын айтады.
МАГАТЭ мәліметі бойынша (2025 жылдың наурыз айы), Иранда 60%-ға дейін байытылған уран жинақталған шамамен 275 кг). Теориялық тұрғыдан, егер Иран уранды 90%-ға дейін байытуды жалғастыра берсе, бұл сома шамамен жарты ондаған ядролық оқтұмсықтарға жетеді.
Сәрсенбі күні «NBC News» арнасына берген сұхбатында Иранның рухани жетекшісінің кеңесшісі Әли Шамхани «АҚШ санкцияларын алып тастаса, Тегеран бірқатар жеңілдіктерге баруға дайын екенін» айтты.
Соның ішінде: Иран билігі ядролық қаруды ешқашан жасамауға, жоғары байытылған уран қорларынан құтылуға, уранды тек азаматтық мақсатқа қажетті төмен деңгейге дейін байытуға және халықаралық инспекторларды елге кіргізуге уәде бере алатынын айтты. Алайда Иран өзіндегі уран қорын «Бірлескен жан-жақты әрекет жоспары» (JCPOA) деп аталатын келісім бойынша келісілген деңгейден төмендетпейтінін айтты.
АҚШ ПЕН ИРАН НЕГЕ КЕЛІСЕ АЛМАЙ ЖАТЫР?
Тегеран және тағы алты ел осы келісімге 2015 жылы қол қойды, бірақ Трамп өзінің бірінші президенттік мерзімінде АҚШ-ты бұл келісімнен шығарған.
JCPOA келісімі бойынша Иранға 3,67% байытылған уранды (300 кг дейін) сақтауға рұқсат берілді. Бұл азаматтық ядролық энергетика және ғылыми-зерттеу мақсаттары үшін жеткілікті, бірақ 90 пайызға дейін байытылған уранды қажет ететін ядролық бомба жасау үшін жеткіліксіз. Тегеран сондай-ақ байытылған уран қорын қысқарту бірнеше кезеңде жүзеге асырылғанын қалайды, бұған АҚШ келіспей отыр. Тараптар арасында келісімге қол жеткізілген жағдайда жоғары байытылған уранның қайда жіберілетіні жайлы да келіспеушіліктер бар.
Иран өз позицияларынан шегінген жағдайда, АҚШ Иранға салынған санкцияларды алуға дайын ба? Бұл да басы ашық мәселе.
БҰҰ, АҚШ және ЕО 2010 жылдан бері «Иранның ядролық бағдарламасы қару жасау үшін пайдаланылады» деген күдікпен оған қарсы ауқымды экономикалық санкциялар енгізді. Санкциялар Иранның халықаралық нарықтарда мұнай сату мүмкіндігін тоқтатып, елдің сыртқы активтеріндегі 100 миллиард долларды бұғаттады. Иран экономикасы рецессияға ұшырап, ұлттық валюта рекордтық деңгейге дейін құлдырап, бұл өз кезегінде инфляцияның күрт өсуіне әкелді.
Mezgil.kz