Украина мен Ресей арасындағы соғыста қос тараптан мыңдаған адам майдан даласын тастап, дезертирге айналды. Украина әскеріндегі жай-күйге қатысты ақпарат Батыстық басылымда ұдайы жазылып, үлкен сараптамаларға арқау болса, Ресей әскері жайлы ақпарат аз. Себебі Мәскеу тәуелсіз зерттеушілердің жұмысына тыйым салып, ақпараттық цензураны күшейтті. Әскердің жай-күйіне қатысты жарияланған деректер бойынша жекелеген тұлғаларға қылмыстық іс ашып, қудалауда.
2024 жылдың қазанында Украина БАҚ-тары 2022 жылдан бері 30 мыңға жуық сарбаз майдан даласында өз позициясын тастап кеткенін айтты. Олар Украинаның ішінде соғыстан қашып жүр немесе шекара асып, басқа елге кеткен. Киев дезертирлерді қайтару шараларын іске асыруда. Олар өз еркімен қайтып оралса қандай да бір қылмыстық іс ашылмайтынын айтты.
Ресей тарапының дезертирлеріне қатысты ақпарат аз. Алайда соғыстан қашып, Украина тарапына өткен немесе Еуропа асқан жайттар бар. 2024 жылы Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің 144-ші гвардиялық мотоатқыштар дивизиясының жаралыларды эвакуациялау бөлімшесінің командирі Алексей Жиляев дезертир болып, Францияға қашты. Ол журналистерге Ресей Қорғаныс министрлігінің Бас әскери-медициналық басқармасына тиесілі деректер базасын берген болатын. Бұл база 2022 жылдың ақпанынан 2024 жылдың маусымы аралығындағы Ресей мен аннексияланған Қырымдағы әскери госпитальдарда емделген 166 мың науқасқа қатысты ақпаратты қамтиды. 2025 жылғы 21 ақпанда бұл деректерді «Азат Еуропа/Азаттық радиосы» жариялады.
Аталған базада азаматтық ауруханаларда, мойындалмаған квазимемлекеттік заңсыз құрылым саналатын «ЛХР» және «ДХР»-да, Беларусьте, сондай-ақ Херсон мен Запорож облыстарының оккупацияланған аумақтарында ем алған жаралылар туралы шектеулі мәліметтер бар. Батыс БАҚ-тарының жазуынша аталған базада бірнеше жүз украин сарбазы туралы да деректер бар. Олардың жанына «Украина Қарулы Күштері» деген белгі қойылған. Бұл Ресей тарапына тұтқынға түскен украин сарбаздары дейді әскери сарапшылар. Аталған тізімді Франция Украинаға да жолдаған.
Ресейлік дезертир Алексей Жиляев берген мәліметтер толық емес дейді сарапшылар. Көптеген науқастың туған күні, диагнозы, жарақатының ауырлығы, ауруханадан қашан шыққаны, ем нәтижесі және әрі қарайғы бағыты (реабилитация немесе бөлімге қайтару) секілді мәліметтер көрсетілмеген. Дей-тұра 166 мың сарбаздың тізімін алып шыққан Алексей Жиляевтің іс-әрекетін ерлікке балайтындар да бар.
Дезертир Жиляев жарақатына байланысты сарбазға ампутация жасалған жағдайда оны ұрыс даласына қайта жібермейтінін айтты. Ал өзге типтегі жарақат алғандар көбіне майдан даласына қайта оралады.
Соғыс басталған сәттен бері Ресей армиясынан кем дегенде 49 мың сарбаз бен офицер ұрыс даласынан қашып, дезертир атанған. Мұндай деректі 2025 жылдың 20-мамырында «Важные истории» басылымы жариялады. Журналистер бұл тұжырымға интернетте тараған екі түрлі деректер базасын зерттеу арқылы келген. Ашық дереккөздерге сәйкес, әскерилер арасында майдан шебінен қашатындар, әскери бөлімнен кетіп қалатындар, емделуден немесе іс-сапардан кейін қызметке оралудан бас тартатындар саны артқан.
Тәуелсіз тілшілер екі түрлі базаны біріктіріп, 49 001 ресейліктің есімі аталатын біртұтас тізімді жасақтады. «Қош бол, қару» жобасының сарапшысы Алексей Альшанский мәліметінше ресейлік дезертирлер саны бұл көрсеткіштен әлдеқайда көп.
Mezgil.kz