«Заңдық тұрғыдан КСРО әлі де бар. Ал біз кімбіз» деп сұрақ қойған «Орыс әлемінің» үгітшілері келмеске кеткен КСРО-ны тірілту идеясын тағы да ақпараттық майданға алып шықты.
(Коллаж: Mezgil.kz)
Кеше «Московский Комсомолец»: «Заңды түрде КСРО әлі бар», деген хабар таратты. Бұл ретте басылым Санкт-Петербургте өткен Халықаралық заң форумында (ПМЮФ) сөйлеген РФ Президенті В.Путиннің кеңесшісі Антон Кобяковтің мәлімдемесін жазады.
Ал әлгі Антон Кобяков деген адам Ресейдің жаңа тарихына І Петр немесе «екінші» Сталин болып енгісі келетін Кремльдегі қожайынының көңіліне жағатын мәлімдеме жасады.
Кобяковтің «КСРО-ны жою рәсімі бұзылды» және «Кеңес Одағының таратылуы заңсыз болды» деген сөздерін тағы бір ресейлік үгітші басылым – «Российская газета» қоштап әкетіп, жерден жеті қоян тапқандай алақайлады.
Сонда Кобяков не деді дейсіздер ғой? Қараңыз:
«Егер халық депутаттары съезі, яғни 1922 жылы Кеңестер съезі КСРО-ны құрса, онда оны осы депутаттар съезінің шешімімен тарату керек еді», - деп лепіреді әлгі Кобяков. Әрі қарай: «Оның орнына 1991 жылғы 8 желтоқсанда «Беловеж іс-шарасы» өтті, нәтижесінде елдің жаңа заңды мәртебеге көшуінің барлық құқықтық нормалары бұзылды», - дейді Путиннің кеңесшісі.
Кобяков: «Бәрін бүлдірген Борис Ельцин. Ресей – 1991 жылғы 25 желтоқсанда, РКФСР бірінші президенті Борис Ельцин «Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы мемлекетінің атауын өзгерту туралы» Заңға қол қойған күні пайда болды. РКФСР – мемлекет болған жоқ, ол КСРО мемлекетінің құрамында одақтас республика болды. Ал Ельцин мемлекет президенті болмаған, КСРО-ның президенті М. Горбачев болған», - дейді.
Осылайша Кобяков «1991 жылы 8 желтоқсанда бірнеше одақтас республика өздерін КСРО-ның мұрагері деп жариялаған Шартқа қол қойды» деген «Орыс әлемнің» догмасын тағы да жұртқа тықпалағысы келеді.
Кобяковтің аузына алған бұл пікірі әуелі Ресей коммунистері арасында кеңінен тарап, кейін оның керекті жерін Путин иделогтары өз қажетіне жаратып, дәл қазір Кремльдің маңайындағы елдерге көресететін дөңайбатына айналды. Керек десеңіз Ресей ғалымдары «КСРО-ның тарауының заңсыздығы» туралы ғылыми еңбектер жаза бастады.
Бұл арада бір айта кетерлігі – Путиннің Ресейдегі қасыластарының өзі де КСРО-ның құлағанын «Орыстың ұлттық трагедиясы» санайды. Олардың бұл арада арқа сүйейтін нақты фактілері Совет Одағында өткен жалпы халықтық Референдумның нәтижелерінің ескерілмей, Славян үштігінің тарапынан Қызыл Империяның таратылуы. Осылайша, бір кезде орыс коммунистері тарапынан өмірге келген «Заңсыз таратылған КСРО» догмасы енді Путиннің «КСРО-2» идеясын өмірге әкелу әрекетінде басты көзірі болмақ.
Біздің билік әзірше жеңіл-желпі қарайтын Дума депутаттарының Қазақстанға қарата айтқан сөздерінің астарында Ресейдің билігінің Орта Азия елдерінің тамырын басып көру амалы жатыр. Егер Қазақстанды Беларусь сияқты уысында ұстайтын болса, Путиннің арманы жүзеге асқаны. Қазір өзбек, қырғызды Ресейден Қазақ елі бөліп жатыр.
«КСРО-2» жобасының ойдағыдай жүзеге асырылуы үшін оған мұрагер керек. Нақтылай айтсақ, ол мұрагер – кезіндегі Ельцин емес, бүгін өзін «орыс жерін жинаушы» деп дәріптейтін Путин. Сол үшін де – Украинаға соғыс ашылды.
Бұрын қазақта, украинде «мемлекет болған жоқ» деп көкіген Кремль енді, «ТМД елдерінің мемлекеттері заңсыз құрылған» деген идеяны ту қылып көтеріп отыр. Бұған орыс тілді жұртшылық әбден сенеді. Сенетін себебі – Путин ТМД елдерінің 30 жылдық тәуелсіздігін белден бірақ сызбақшы. Оған Батысты да бетперде еткен Антон Кобяковтың мына пікірі куә: «КСРО заңды түрде бар ғой, бұл туралы конституциялық құқық жөніндегі мамандар көптен бері айтып келеді. Оның ішінде Батыс елдерінде, АҚШ-та, Францияда. Олар КСРО-ны тарату процедурасы бұзылғандықтан осылай дейді. Егер Халық депутаттарының съезі, яғни 1922 жылы Кеңестер съезі КСРО құрса, онда оны шешім бойынша тарату керек еді», - дейді.
Қазақтың «бір қызым бір қызымнан сорақы» дегеніндей Антоша қызды-қыздымен: «КСРО аумағындағы барлық посткеңестік мемлекеттер КСРО халықаралық ережелері мен заңдарын, КСРО мен Ресей, Украина, Белоруссия және басқа да қатысушылар арасындағы құқықтық мирасқорлық, меншікті беру туралы құжаттарды бұза отырып құрылған және легитимсіз билік», - дейді. Ослайша РФ Президентінің кеңесшісі Антон Кобяков өзін де, өзгелерді де өз өтірігіне сендімек болады.
«Орыс әлемінің» бір жалақыға қарап қалған һәм тележәшікке телмірген жұрты мен ТМД-лық орыс тілді «Қаңбақ күштеріне» «КСРО меншігін сату - қылмыс па? КСРО-ның меншігі бұрынғысынша халыққа тиесілі ме» деген сауал тастап, оған Путиннің жанындағылар сөзге келмей: «КСРО азаматтарының өміріне, денсаулығына және өмір сүру ортасына, табиғи байлыққа, КСРО-ның аумақтық тұтастығына қастандық жасау әрқашан ауыр қылмыс болып келген», деп өре түрегелді.
Көршінің көлеңкесі осылай қимылдайды. Қазақстан билігі мұндай жағдайда әбжіл қимылдап, түрлі арандатуларға сақ болуы керек-ақ!
Mezgil.kz