The Economist басылымы Ресейдің Украинаға шабуылы рекордтық деңгейде артқанын жазды. Бір жыл бұрын Ресей Украинаны орта есеппен күн сайын 30 дронмен атқыласа, ендігі таңда Ресей бір мезетте жүздеген дрон жіберуге қабылетті.
25-мамыр күні Ресей Украина аумағына бір мезетте 298 дрон және 69 зымыран атты. Осылайша Ресей дрондармен соққы жасауда рекорд орнатты. Украина тарапы ресейлік дрондарды атып түсіру қиынға соғатынын айтуда. Басты себеп әуе қорғаныс жүйесіне қажетті зымырандардың жеткіліксіздігі. Украин сарбаздары әуедегі нысандарды атып түсіруде таңдау жасауға мәжбүр. Ендігі сәтте Киев әскери және азаматтық өндіріс кешендерін ғана әуе қорғаныс жүйесімен қорғауы мүмкін. Ал өзге нысандарды қорғау қиынға соқпақ.
Ресей әуе шабуылдарын арттыру үшін Солтүстік Кореядан баллистикалық зымырандар алуда. Сонымен бірге Shahed дрондарын модернизациялап, жаппай өндіріске қосты. Әуе қорғаныс жүйелері үшін баллистикалық зымыранды атып түсіру қиын саналады. Себебі аталған зымырандардың жылдамдығы аса жоғары. Украина баллистикалық зымырандарды Patriot-тің PAC-3 зымыранымен қағып түсіруде, алайда аталған кешенге арналған антизымыран да таусылудың алдында тұр.
Ресей Shahed дрондарын 2023 жылы Ираннан алып, 2 жылдың ішінде аталған дронды 6 мәрте модернизациялады. Ресей 2024 жылы айына 300 Shahed дронын шығарса, қазір күніне 100 дрон, айына 3000 дрон шығаруға қабілетті. Бұл Украина әуе қорғаныс жүйесі үшін үлкен қиындық деген сөз.
Украинаның барлау қызметі Ресейдің алдағы уақытта күніне 500 дрон шығарып, әр шабуылда 1000 дрон қолдану жоспары барын айтты. Әскери сарапшы Константин Криволап Мәскеу аталған жоспарды іске асыру үшін қаржы мен ресурсты аямайтынын мәлімдеді.
Украин инженерлері Shahed дрондарын бөлшектеп, арнайы зертханада зерттеуден өткізуде. Зерттеу нәтижелері ресейлік дрондардың соңғы типтері радиоэлектронды кедергілерді оңай еңсеретінін көрсетті. Ресей дрондарды ЖИ арқылы басқаратыны да анықтала түсті.
Lockheed Martin компаниясы Patriot әуе қорғаныс жүйесіне арналған PAC-3 зымырандарын шығаруды арттыратынын айтты. 2025 жылы компания 650 зымыран шығармақ. Аталған зымырандармен баллистикалық зымырандарды атып түсіруге болады. Алайда Вашингтон бұл зымырандарды Украинаға беретіні немесе бермейтіні әлі белгісіз.
Әскери сарапшылар Ресей билігі маусым айында майдан даласында ауқымды шабуыл бастайтынын болжауда. Мәскеу әуе, құрлық және теңізден жасалатын шабуылды күшейту арқылы Украинаның қорғаныс шебін бұзып өтуге талпыныс жасамақ.
Mezgil.kz