Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысы АҚШ пен өзге де үшінші елдердің арағайындық жасауына қарамастан, әлі жалғасып жатыр. Қос тарап арасындағы ұрыс қимылдары тоқтаған жоқ. Сәйкесінше, күн сайын қаза тапқандар саны да еселенуде.
(Коллаж: Mezgil.kz)
АҚШ ДЕРЕГІ: 1,2 МИЛЛИОН АДАМ СОҒЫС ҚҰРБАНЫ
АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлог: «Президент Трамп дұп-дұрыс айтады: Соғйсты, қырғынды, өлімді тоқтату керек!сандарға көз жүгіртсеңіз, шошисыз. Қос тараптың адам шығыны 1,2 миллион адамнан асып жығылады», - деді.
Келлоггтың айтуынша, Мәскеу мен Киевтің адами шығындары қазірдің өзінде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан америкалықтардың қаза тапқандары мен жараланғандарының жиынтық санынан асып кеткен. Ашық деректерге сәйкес, 1941-1945 жылдар аралығында АҚШ қарулы күштерінен 418 мың адам қаза тауып, 670 мың адам жараланған екен.
«Ресей-Украина соғысында бейбіт қалаларға, бейбіт тұрғындарға, азаматық секторға ретсіз соққылар жасалуда. Бұл мүлде дұрыс емес», - дейді Келлог.
РЕСЕЙДІҢ АДАМ ШЫҒЫНЫ ҚАНША?
Бүгін «Вёрстка» басылымы да Ресейдің соғыстағы адам шығынына қатысты мынадай мәліметті жария етті: «Украинамен соғыста ең кемі 300 мың ресейлік қаза тапқан. Ресейдің Еңбек министрлігі соғыс басталғанан бері қаза тапқан жауынгерлердің отбасы мүшелеріне арналған 300 мыңнан астам куәлікке тапсырыс берген. Бұл есепке хабар-ошарсыз кеткендер мен отбасыларына өтемақы төлемеу үшін белгіленбеген бейіттерге жерленгендер кірмейді», - деп жазады басылым.
«ВВС» агенттігі мен «Медиазона» жүргізіп жатқан есеп бойынша Ресейдің соғыста өлген адамы 108 мыңнан асады. Бұл аты-жөні, тұрғылықты мекен-жайы анықталғандардың ғана есебі. Осы 108 мыңның 5037-сі Ресей офицерлері. Оның ішінде 10 генерал бар.
Ұлыбритания барлауы да Ресейдің соғыстағы адам шығынына қатысты өз деректерін жасап, жариялап келеді. Ол бойынша қаза тапқандар мен жараланғандарды қоса есептегенде, Ресейдің адам шығыны 950 мыңнан асып жығылады.
НАТО дерегі тағы бар. Бұл есепте: Соғыстың үш жылында Ресейдің 250 мың сарбазы мен офицері майдан даласында қаза тапқан. Ал жалпы адам шығыны (жараланғандарын қосқанда) 900 мыңнан асады.
«IISS» – Халықаралық стратегиялық зерттеу институтының дерегінше: Майдан даласына жіберілген 376 мың ресейлік ауыр жараланған және мүгедек болған.
Әлемдік БАҚ Ресейдің соғыстағы адам шығыны туралы деректерді бөлісіп жатқанда, АҚШ пен Ресей арасында Украина мәселесі бойынша қызу айтыс басталып кетті.
АҚШ ПЕН РЕСЕЙ АЙТЫСЫ: РЕСЕЙ, СОҒЫСТЫ ДЕРЕУ ТОҚТАТ!
Әуелі АҚШ президенті Трамп Ресейдің Украина қалаларын жөн-жосықсыз соққылауын айыптап: «Владимир Путин мынаны түсінбейді: Егер мен болмасам, Ресейде көптеген жағымсыз жайт болар еді, Өте жағымсыз жайттар. Ол отпен ойнап жүр», - деді.
Бұған Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведьев жауап қатып: «Трамп Путин туралы «ол отпен ойнап жүр», дейді. Ең жағымсыз нәрсе – Үшінші дүниежүзілік соғыс екенін ғана білемін. Трамп мұның болғанын қаламайды деп ойлаймын. Ойлансын», - деді.
Медведьевке АҚШ-тың арнайы өкілі Кит Келлог жауап берді: «Президент Трамп соғысты, қанқасапты тоқтату үшін жұмыс жасап жатыр. Біз Ресейден Меморандум мәтінін күтіп отырмыз. Өздері бір апта бұрын уәде еткен Меморандум қайда? Ресейліктер, соғысты дереу тоқтатыңдар!», - деді.
Ал Ресейдің СІМ басшысы Лавров Украина мен Ресейдік арасындағы тікелей келіссөздердің келесі раунды Ыстамбұлда өтуі мүмкін екенін айтып, Украинаға қатысты Ресейдің «қолайсыз талап-шарттарын» қайталап атады.
Өз кезегінде Укарина президенті Зеленский: «2026 жылдың маусымы. Осы уақытқа дейін соғыс тоқтайды деп үміттенеміз. Егер Ресей экономикасына жойқын санкциялар салып, қысымды арттырса, Ресей 2026 жылдың маусымына дейін берілетін болады», - деді.
Mezgil.kz