Бүгін Астана халықаралық форумына қатысушылар елорда төрінде бас қосты. Биылғы форумға 5 мыңнан астам шетелдік делегат, соның ішінде үкімет өкілдері, бизнес көшбасшылар, сарапшылар және 100-ден астам шетелдік БАҚ өкілі қатысуда.
Қонақтар қаланың 37 қонақ үйіне орналастырылуда. 26-31 мамыр аралығында 4 жұлдызды қонақүйлердің толымдылығы 50-90%, ал 5 жұлдызды қонақүйлерде 90-100% аралығында. Былтыр бұл көрсеткіштер әлдеқайда төмен болған еді.
Іскер туристің орташа шығыны – 177 мың теңге, қалада болу ұзақтығы – 3 күн. Форумнан түсетін экономикалық әсер 2,6 млрд теңгеден асады.
Форумның ашылуында сөз сөйлеген мемлекет басшысы былай дейді: «Форум аясында жаһандық экономика, өңірлік ынтымақтастық және халықаралық күн тәртібіндегі басқа да мәселелер жөнінде нәтижелі пікір алмасамыз деп үміттенеміз.
Бүгінгі жиын әлемде белгісіздік белең алған кезеңде өтіп отыр. Мұны жолайрық, халықаралық қатынастардағы сын сағаты деп сипаттасақ та болады. Алайда бұл тұжырымды тарихшылардың еншісіне қалдырған жөн. Қазір осы жағдайға қалай жауап беретініміз маңызды. Алдымызда таңдау тұр: қандай шешім қабылдаймыз, қандай құндылықтарды қорғаймыз?!»
Президент әлемдегі аумалы-төкпелі кезең жайлы да сөз қозғады. Мемлекет басшысы былай дейді: «Дүние жүзін қақтығыстар мен соғыс өрті жайлап барады. Былтырғы мәліметке сәйкес, 52 мемлекет қарулы қақтығыс жағдайында тұрған. Ал осындай қатыгез әрекеттерден келген экономикалық шығын 19 триллион долларға жетті. Бұл, шамамен, әлемдік ІЖӨ-нің 13,5 пайызы. Дегенмен осы сандардың арғы жағындағы ахуал одан да қорқынышты: қазіргі қақтығыстар анағұрлым ұзақ әрі күрделі сипатқа ие. Оған көптеген «ойыншылар», тіпті, ешқандай мемлекетке қатысы жоқ топтар араласады. Бұдан бөлек, мұндай қақтығыстардың тамырында түрлі қайшылықтар жатыр.
Аталған факторлар бейбітшіліктің берік орнауына кедергі келтіруде. Айрықша алаңдаушылық туғызатын тағы бір дүние бар. Ол – әлемдегі осы тектес шиеленістердің жаһанға мүлдем жаңа түсінік пен құндылықтар ұсынып, адамзатты түбегейлі түлеген, бірақ әзірге беймәлім келешекке бастап бара жатқан жасанды интеллектінің даму трендімен еш үйлеспеуі. Бұл орайда тарихи тұжырымдар мен саяси араздыққа негізделген әскери қақтығыстар мен соғыстар мүлдем орынсыз, тіпті ақылға қонбайды.
Соғысудың орнына біз халқымызды, әсіресе, жастарымызды саналы әрі өркениетті қоғам құруға үндеуіміз керек. Әрине, қақтығыстардың қай-қайсысы да жіті назар аударуды қажет етеді. Әйтсе де, ядролық қаруды иеленген мемлекеттер арасындағы шиеленіске айрықша мән бергеніміз жөн».
Сөз арасындағы әлемдегі ядролық қарудың таралу қаупі және ядролық қарусыз әлем жайлы да айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселе бойынша былай дейді: «Бүгінде тоғыз елдің арсеналында жалпы саны 13 мың ядролық оқтұмсық бар. Сарапшылар оны қолдану ықтималдылығы артып келе жатқанын ескертеді. Тіпті, бұған жазатайым қателік, оқыс оқиға немесе эскалация себеп болуы мүмкін.
Бір ғана жарылыстың салдары жойқын болмақ. Ғалымдар атом бомбасы түскен жерін күл-талқан етіп қана қоймай, жаһандық ауқымдағы климат апатына әкеп соғуы, егістік атаулыны жойып жіберуі мүмкін екенін айтады. Оның қасіретін біз жақсы білеміз. Жерімізде жасалған 450 ядролық сынақтың зардабымен Қазақстан әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отыр. Біз бейбітшілік үшін Кеңес өкіметінен мұраға қалған ядролық арсеналдан өз еркімізбен бас тарттық. Бүгінде жаппай қырып-жоятын ядролық және биологиялық қаруды таратпау ұстанымын жақтаймыз».
Мемлекет басшысы әлемдегі қақтығыстың шығу себептеріне тоқтала келе, ішкі тұрақтылықтың маңызы жайлы былай дейді: «Жаһандық қауіпсіздікке төнген қатерге тек геосаяси сипат тұрғысынан қарамау керек. Мұны мойындаған жөн.
Әлемдегі қазіргі ахуал өзгеріп жатыр. Мультилатерализмнің үні құмыққанда, протекционизм өршиді. Осынау бей-берекет кезеңдегі біздің міндетіміз – ынтымақты қатаң сақтау, ыдыраған тұсын қайта қалпына келтіру.
Қазақстан қазіргідей алмағайып заманды сындарлы ықпалдастық тұрғысынан қарастырады. Сыртқы саясатта жікке бөлінбей диалогқа келуді, кез келген елдің егемендігін құрметтеуді басшылыққа аламыз. Әсіреұлтшылдық танытып, өзге халықтардың тарихы мен мәдени дәстүрлерін менсінбеуге жол берілмейді. Аз халықтардың ана тілінде сөйлеп, төл мәдениетін дәріптеуіне құрметпен қарау қажет. Сондықтан Қазақстанда «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын қатаң ұстанамыз».
Президент Қазақстанда жасалып жатқан реформалар жайлы да айтты. «Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда ауқымды экономикалық және институционалдық реформалар жүргізілді. Біздің мақсатымыз айқын – барынша әртараптандырылған, инклюзивті және келешекке бағдарланған экономика құру. Экономикалық өсім орнықты болумен қатар, оның игілігі әр азаматқа әділ бөлінуге тиіс.
Елімізді түбегейлі жаңғыртып, Әділетті Қазақстанның негізін қалау үшін мемлекеттілікті нығайтуға көп күш-жігер жұмсап жатырмыз. Жалпыұлттық референдум арқылы Конституциямызға өзгеріс енгізіліп, басты билік институттарына реформа жасалды. Біз суперпрезиденттік жүйеден бас тарттық. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын басшылыққа алатын, тежеу мен тепе-теңдік жүйесі бар президенттік республика жолын таңдадық. Бұл тұжырым Қазақстандағы саяси жүйенің ерекшеліктеріне мейлінше лайықты модель екеніне кәміл сенемін.
Президент өкілеттілігі бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектелді. Мұндай шешім бұрын-соңды қабылданбаған. Менің ойымша, бұл қадам еліміздің саяси жүйесін нығайтуға, экономикасын дамытуға және өркениетті қоғам құруға негіз болады.
Президент – халықтың белгілі бір мерзімге, біздің жағдайымызда жеті жылға жалдаған менеджері», - дейді мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы: «Біз адам капиталына инвестиция салып, жас мамандардың қалыптасуына жағдай жасаймыз. Ең басты міндетіміз – аймақтар арасындағы алшақтықты азайту және орта тапты нығайту. Сол себепті цифрлық технология мен жасанды интеллектіден бастап жасыл энергетика мен қосымша құны жоғары өндіріске дейінгі негізгі секторлардағы әлеуетімізді күшейте береміз.
Біз цифрлық трансформацияда елеулі табысқа қол жеткіздік. Мақсатымыз – Еуразиядағы жетекші IT хабқа айналу.
Әсіресе, жасанды интеллектіні дамытуға айрықша мән беріп отырмыз. Бірқатар шетелдік университеттің филиалы бар, зерттеу мен әзірлеу саласындағы серіктестік жолға қойылған академиялық және инновациялық хабқа айналғымыз келеді.
Қазақстан ең қуатты суперкомпьютерді іске қосуға кірісті. Қазірдің өзінде бұл жұмыс басталып кетті. Бұдан бөлек, СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Мұнда криптовалютаны азық-түлік сатып алуға, қызмет төлеміне және басқа да мақсаттарда пайдалануға жағдай жасалады», - деп ой қорытты.
Mezgil.kz