Қазақстан НАТО әскерінің стандарты бойынша артиллериялық снарядтар шығаруы мүмкін. Бұл туралы Defence blog сайты жазды. Қазақстан соңғы жылдары отандық әскери өндіріс салаларына қаржы бөлуді арттырды және қару-жарақ өндірісін көбейту жоспарын іске асыруда.
Defence blog басылымының жазуынша Қазақстан Сингапурмен әріптестік орната отырып артиллериялық снаряд шығаруды бастайды. Оқ-дәрі жасау кешені кеңестік кезеңнің стандарты саналатын 122 және 152 ммтрлік снарядтарды шығаратын болады. Посткеңестік елдер кеңестік өлшемге негізделген ұңғы бойынша қаруланған. Яғни зеңбіректер мен гаубицалар 122, 152 ммтрлік стандарқа негізделіп жасалуда.
Moscowtimes басылымының жазуынша аталған кешенде 155 ммтрлік снарядтар да шығарылмақ. Бұл НАТО стандарты саналады. НАТО елдері дәл осы снарядпен қаруланған. Украина мен Ресей арасындағы қақтығыста аталған снарядтың тиімділігі анықталды. Қазіргі сәтте Украина кеңестік стандарттан біртіндеп бас тартып, натолық стандартқа көшуде.
Сарапшылар Қазақстанның оқ-дәрі өндірісін дамыту жоспары бірнеше мақсатты көздейтінін айтуда. Астана геосаяси турбуленттік дәуірінде қорғаныс саласын күшейтіп, қару-жарақ өндірісін әртараптандыруды ойластыруда. НАТО елдерінің стандарттарына негізделген снарядтарды шығару арқылы оқ-дәрі экспортын да дамыту мүмкіндігі бар. Сонымен бірге, алдағы уақытта 155 ммтрлік ұңғымен жарақтанған артиллерия түрлерін сатып алу мүмкіндігі де болуы ықтимал. Посткеңестік елдердің ішінде Украинадан кейін Армения 155 ммтрлік снарядтарға көшуде. Соңғы екі жылда Ереван Үндістаннан 155 ммтрлік ондаған артиллериялық қондырғы сатып алды.
2024 жылы ақпарат көздері сингапурлік ST Engineering компаниясы Kazakhstan Paramount Engineering (KPE) компаниясымен келісім жасасқанын жазды. Келісім аясында 8×8 типіндегі бронды амфибия ұрыс көлігін жасап шығу қарастырылды. 2025 жылы аталған келісім аясында бронды көліктерді жасау басталды.
Әскери сарапшылар әлемде көптеген әскери келісім құпия сақталып, жария етіле бермейтінін айтуда. Defence blog басылымының мақаласына қатысты Қазақстанның Қорғаныс министрлігі әзірге қандай да мәлімдеме жасаған жоқ.
Mezgil.kz