GBU-57 антибункер қаруы: АҚШ Иранды бомбалай ма?

Сарапшы Луис Барручо АҚШ-тың Иранға соққы жасау ықтималдығын талдай отырып, GBU-57A/B бомбасының қуаттылығы туралы сараптамасын жариялады. Ол «бұл бомбаны АҚШ Иран аумағында қолдана ма» деген сұрақ аясында жауап іздеген.


article_67120e264914c8_66544573.jpeg

 

Израиль Иранның ядролық нысандарына соққы жасау барысында антибункер бомбаларды қолдануда. Алайда Израиль әскерінде ең қуатты антибункер бомбаның бірі саналатын Massive Ordnance Penetrator GBU-57A/B (MOP) жоқ. Бұл бомба әлемдегі ең үлкен ядросыз бомбалардың бірі саналады.

 

Сарапшылар аталмыш бомба Иранның Фордо ядролық кешеніне тасталуы мүмкін дейді. Бұл қаруды Boeing компаниясы шығарады және бұл қуатты бомба әзірге тек АҚШ әскерінде бар. Бомбаның салмағы 13,6 тонна, ал ұзындығы 6 метрді құрайды.

 

Пентагон GBU-57A/B бомбасын жер астындағы бетонды құрылыстарды жоюға арналған қуатты қару ретінде сипаттайды. Бомба 40-60 метр тереңдікке дейін еніп, жойқын жарылыс жасайды. Сарапшылар бір бомбадан кейін екіншісін тастаса, жер астындағы құрылыстарды көбірек зақымдайтынын айтуда. Болжам бойынша 3 бомба кемі 100 метр тереңдікке ене алады.

 

АҚШ бұл бомбаны әлі күнге дейін соғыс жағдайында қолданған емес. Тек Уайт-Сэндс әскери полигонында сынақтан өткен. 2017 жылы АҚШ Ауғанстандағы тәлібтердің таудағы базасына Massive Ordnance Air Blast (MOAB) бомбасын тастады. Ол бомбаның салмағы 9800 келі еді. Алайда аталған бомба GBU-57A/B бомбасынан әлдеқайда жеңіл.

 

Бомбаны АҚШ әскеріндегі B-2 Spirit ұшағы алып ұшуға қабілетті. Ұшақ 18 тоннаға дейінгі жүкті алып ұшады. Алайда АҚШ әскері B-2 ұшақтары бір мезетте екі бірдей GBU-57A/B бомбасын алып ұшқанын мәлімдеді. Демек, B-2 ұшақтары 28 тоннаға дейінгі әскери жүкті көтере алады деген сөз.

 

B-2 ұшақтарын шығаратын Northrop Grumman компаниясы ұшақтың 18 мың шақырымды жанармайды екінші мәрте толтырмай ұша алатынын айтты. Сарапшылар АҚШ Иранға кез келген сәтте аталған ұшақты қолданып соққы жасай алатынын болжауда.

 

Әскери сарапшылар АҚШ ұшақтары Иранға соққы жасайтын болса, ең алдымен F-22 ұшақтары Иранның әуе қорғаныс жүйесін соққылайтынын айтуда. Артынша B-2 ұшақтары ауыр бомбаларды тастауы мүмкін. GBU-57A/B бомбаларының саны шектеулі. Ашық дереккөздерде 20-30 деген мәлімет кездеседі. АҚШ Иранға 1-3 бомба тастауы мүмкін. Бомба тау астында салынған Фордо ядролық кешенін жоюға қолданылуы ықтимал.

 

Иранның басты уран байыту зауыты Натанзеде орналасты. Алайда Израильдің соққыларынан кейін зауыт істен шықты. Ал Фордодағы кешенді толық істен шығару үшін ауыр салмақты антибункер бомбалар қажет.

 

Израиль тарапы әскери операцияның мақсаты Иранның ядролық және зымыран бағдарламаларын жою екенін ресми мәлімдеді. Нетаньяху Фордо кешенін жоймай, ұрыс қимылдарын тоқтатпайтынын айтуда. Ал Трамп әкімшілігі АҚШ-тың Иранға қарсы соғысқа араласу мәселесі бір апта ішінде шешілетінін айтты.


Mezgil.kz



Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар