Иран-Израиль соғысы: Тараптар бітімге келді ме?

13 маусымда басталып, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан Иран мен Израиль арасындағы соғыс аяқталуға жақын ба? Тараптар атысты тоқтату туралы келісімге келгенін АҚШ президенті Дональд Трамп хабарлады. Ал Иран мен Израиль бұған қатысты не дейді?

1750751607899397.jpg

(Сурет: bloknot)

ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ АҚШ БАЗАЛАРЫНА ШАБУЫЛ: КЕЛІСІЛГЕН АКТ

Кеше Иран Таяу Шығыстағы АҚШ-тың әскери базаларына шабуыл жасаған еді. Шабуылдардың дені Катардағы Әл-Удейд базасына жасалған. Осының алдында АҚШ Иранның үш бірдей ядролық нысанын бомбалаған еді. Тегеран бұл шабуылдарды соған жауап деп сипаттады.

Ал «CNN» басылымы: «Иранның АҚШ базаларын атқылауы шынайы соққыға қарағанда, символикалық әрекетке көбірек ұқсайды. Иран жауап беруі керек еді. Тегеран: «АҚШ Иранға қанша бомба тастаса, біз АҚШ базаларына сонша зымыран аттық», - деп мәлімдеді. Тегеран Касем Сүлейманидің өлімінен кейін де Ирактағы АҚШ-тың базасына соққы жасаған болатын. Алайда ол сәтте Иран билігі дипломатиялық арналар арқылы АҚШ-ты ескертіп, база эвакуацияланғаннан кейін соққы жасады», - деп жазады.

Ал «NYT» басылымы: «Иран АҚШ-тың Катардағы базасына соққы жасайтынын алдын-ала айтқан. Бұл шығынды азайту үшін және қауіпті сейілту үшін жасалды», - дейді.

АҚШ президенті Трамп Иранның шабуылы жайлы былай дейді: «Ядролық нысандарын жойғанымызға Иран ресми түрде жауап берді және біз күткендей олардың жауабы өте әлсіз болды, біз шабуылды нәтижелі түрде тойтардық. Олар 14 зымыран атты, 13 зымыранды қағып түсірдік, ал біреуі қауіпсіз аймаққа түсетін болғандықтан назар аудармадық. Мен бірде-бір америкалық зардап шекпегеніне және ешқандай шығын болмағанына қуаныштымын. Мен Иранға алдын ала ескерту жасағаны үшін алғыс айтқым келеді. Бұл бірде-бір адамның өмірін жоғалтпауға және жарақат алмауына мүмкіндік берді. Енді Иран тұрақтылық пен бейбітшілік жолына түсе алады және мен Израильді де солай етуге шақырамын», - деді.

АҚШ: ӘЛЕМ ЖҰРТЫ ҚУАНЫҢДАР! БЕЙБІТШІЛІК УАҚЫТЫ КЕЛДІ!

Осыдан соң АҚШ президенті Трамп тағы да мәлімдеме жасап, Израиль мен Иран арасында атысты тоқтату туралы келісім жасалғанын хабарлады. Трамп Иран мен Израиль арасындағы 12 күнге созылған соғыстың аяқталғанын айтып, жазба қалдырды.

«Енді олар бір-бірін атқылап, соғысады деп ойламаймын», - деді Трамп. Ол Иран мен Израильдің бітімі «мәңгілік» болатынын айтты (NBC News).

Онан соң: «Иран мен Израиль бітімі күшіне енді. Оны бұзбаңдар», - деп тағы айтты (Truth Social).

Трамп: «Әлем жұртын құттықтаймын! Бейбітшіліктің уақыты келді», - деп және жазды (Truth Social).

ИРАН НЕ ДЕЙДІ?

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи: «Қазіргі таңда атысты тоқтату немесе әскери іс-қимылдарды доғару жөнінде ешқандай келісім жоқ», - деп деп мәлімдегенімен, Иран армиясы әскери операцияларын жергілікті уақыт бойынша таңғы 4:00-де тоқтатқанын хабарлады (Х желісі).

24 маусым күні таңертең Иранның мемлекеттік телеарнасы Израильмен арадағы атысты тоқтату режимі басталғанын хабарлады.

«New York Times» басылымы: «Катар Иранға АҚШ-тың бітімге келу жөніндегі ұсынысын жеткізген», - деп жазды.

«The Washington Post» басылымы: «Иран ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерге оралуға дайын. Шарт біреу – Израиль атысты тоқтатуы керек. Израиль мен Иран арасындағы атысты тоқтату туралы ұсыныстың негізі ирандық тарап өкілдерімен бейресми келіссөздер жасалған соң пайда болды. Аталған бейресми сөйлесулер кезінде Иран ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерге орылуға дайын екенін жеткізген», - деп жазады.

ИЗРАИЛЬ НЕ ДЕЙДІ?

Израиль премьер-министрі Бенямин Нетаняху Ирамне атысты тоқтату келісімін қабылдайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше: Израиль Трамптың шарттарын қабылдауға дайын. Бұған себеп – Ираннан келетін ядролық және зымырандық қатерді жою мақсаты орындалды.

«NBC News» басылымы: «Трамп Нетаньяхумен, Вэнс, Рубио мен Виткофф Тегеранмен сөйлесіп, атысты тоқтатуға қол жеткізген», - деп жазады.

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар