Әлемді елең еткізген оқиға Еуропада орын алды. Әңгіменің тұздығы тағы да Путин билігі. Еуропа Кеңесі, Еуропадағы адам құқықтарын бақылау жөніндегі негізгі орган және Украина арнайы трибунал құру туралы келісімге қол қойды.
(Сурет: slovoidilo.ua)
Аталған трибуналды құруға себеп болған жайт 2008 жылдардан бергі Ресейдің ТМД көлеміндегі елдердің дербестігіне қатысты идеологиялық-ақпараттық шабуыл, Гүржістан мен Украинаның аумақтық тұтастығына қатысты жасаған әскери агрессиясы.
Путин режімі соңғы екі елде де қанды қасап жасап, оның бірін 2022 жылдан бері «арнайы әскери операция» деп желеулетіп, әлі күнге дейін жалғастырып, бейбіт тұрғындарды күн сайын «зеңберек жемі» етіп, миығынан жымиып отыра берудің дәуірі өткендігін осы бір шара айқын анықтап берді.
Ең бастысы: Ресейдің жоғары басшылығын Украинаға қарсы агрессия жасаған қылмысы үшін соттайтын болады. БҰҰ бұл орайда «агрессиялық қылмыс» деп белгілі бір мемлекеттің басқа елдің егемендігіне, аумақтық тұтастығына немесе саяси тәуелсіздігіне қарсы қарулы күш қолдануын түсіндіреді.
Құжатқа Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсер мен Украина президенті Владимир Зеленский қол қойды. Оны құру жөніндегі негізгі топқа 41 мемлекет, Еурокомиссия, Еуропалық сыртқы саяси қызмет және Еуропа Кеңесі кіреді.
(Сурет: zmina.info)
«Әрбір әскери қылмыскер әділдік бар екенін білуі тиіс және бұл Ресейге қатысты. Сот төрелігі уақыт алады, бірақ оның орындалуы тиіс екеніне сенімдімін. Біз агрессия жазалауға әкелетінін нақты көрсетуіміз керек», - деді Зеленский.
Арнайы трибунал Ресейдің Украинаға толыққанды басып кіруіне жауапты жоғары саяси және әскери басшыларды соттауы тиіс.
Ескерте кететін жайт: Президент Владимир Путиннің, премьер-министр Михаил Мишустиннің және Ресей СІМ басшысы Сергей Лавровтың сотын трибунал олар қызметінен кеткеннен кейін ғана бастай алады.
Арнайы трибунал ресми тергеу жүргізіп, дәлелдемелер жинайды және Украинаға қарсы агрессияға жауапты РФ жоғары саяси және әскери басшыларына қатысты айыптау қорытындыларын дайындайды.
Халықаралық қылмыстық соттың өкілеттігіндегі кемшіліктің орнын толтыратын трибунал 15 судьядан тұрады. Аталған судьялар тек қана әскери қылмыстарды, адамзатқа қарсы қылмыстарды және геноцидті қарай алатын болады. Оларды орган құру туралы келісімге қосылған мемлекеттердің өкілдерінен құрылған комитет таңдайды.
Бұған дейін «Deutsche Welle» дереккөзі арнайы трибунал 20 ресейлік шенеунікті жауапқа тартатынын хабарлаған болатын. Бұл орайда әңгіме Украинаға қарсы агрессия қылмысын жоспарлауға, дайындауға, бастамашылық етуге және жүзеге асыруға жауапты жоғары лауазымды саяси және әскери қайраткерлер туралы болып отыр.
Mezgil.kz