Шиеленіс: Әзербайжанда Ресейдің іс-шаралары өтпейді, вице-премьерінің сапары тоқтатылды!

Ресей мен Әзербайжанның арасындағы саяси шиеленіс ушыға түсті. Екатеринбург қаласындағы рейдтен кейін, Мәскеу мен Баку тағы кикілжіңге түсуде.


Путин и Алиев обсудили мирный процесс между Арменией и Азербайджаном

 

27-маусым күні Ресейдің Екатеринбург қаласында әзербайжандар тұратын бірнеше пәтерде рейд өтті. Ресейдің күштік құрылымдары Агдам аймағының тумасы Сафаровтардың пәтеріне басып кіріп, ұстау операциясын өткізген. Операция барысында Зияддин және Гусейн Сафаровтар көз жұмды және бірнеше адам ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Оқиға барысын Ресей мен Әзербайжан екі түрлі негізде сипаттауда.

 

Бакудың айтуынша Екатеринбург қаласында 27-28 маусым аралығында Әзербайжанның кемі 50 азаматы ұсталған. Бірнеше адам жарақат алып, екі адам көз жұмған. Ресейдің ІІМ-гі көз жұмғандар жайлы айтпады.

 

Ресей тарапы «полиция операция барысында 2001-2011 жылдар аралығындағы қылмысқа қатысы барларды ұстады» дейді. Ресми түрде ұсталғандардың санына қатысты ақпаратты жария етпеді, алайда ресейлік ura.ru сайты 50 адамның ұсталғанын жазды.

 

Әзербайжан БАҚ-тары Екатеринбург тұрғыны Рамиль Сафаровтың видеосын жаппай жариялауда. Рамиль Сафаров өз видеосында ресейлік күштік құрылымдар (Федералды қауіпсіздік қызметі – ФСБ) таңертең пәтеріне баса-көктеп кіріп, әкесі екеуін соққыға жығып, кісі өліміне қатысы барларын мойындауды талап еткенін айтуда. Ал ресейлік тарап операцияға Федералды қауіпсіздік қызметі өкілдерінің қатысқаны жайлы ақпаратты айтпады. Ресейдің Тергеу комитеті мен ІІМ жариялаған мәлімдемеде операцияға Ресей гвардиясының арнайы жасақтары қатысқаны айтылған.

 

Ресей СІМ-інің баспасөз хатшысы Мария Захарова аталған іске қатысты түсініктеме беріп, «азаматтарды ұстау олардың ауыр қылмысқа қатысы барлығымен түсіндіріледі» деді. Ол Ресей тарапы Әзербайжанған мән-жайды түсіндіргенін айтты.

 

Депутат Расми Мұсабеков былай дейді: «Бұл оқиғаны жақсылап қарастыруымыз керек. Бұл жергілікті биліктің ісі ме? Жергілікті органдар Мәскеу мен Бакудың қарым-қатынасы бұзылды деп ойлап, әзербайжан диаспорасына қысым жасауды ойлаған болар. Әлде бұл Мәскеуден түскен бұйрық па? Мәскеу осылайша Әзербайжанға өзінің наразылығын білдіргісі келді ме? Нақтылауымыз қажет», - дейді.

 

Аталған оқиғадан кейін Әзербайжанның Мәдениет министрлігі Ресейдің қатысуымен өтетін барлық мәдени шараны өткізуден бас тартты. Концерттер, фестивальдер, театрлық қойылымдар, көрмелер өтпейтін болды. Сатылып кеткен билеттің қаржысын көрермендерге қайтарып бермек.


Мәдениет министрлігі былай дейді: «Бұл шешім Ресей Федерациясының Свердлов облысы аумағында азербайжан ұлтына жататын азаматтарға қарсы Ресей құқық қорғау органдары тарапынан этникалық негізде жасалған қасақана және соттан тыс кісі өлтірулер мен зорлық-зомбылық әрекеттері, сондай-ақ мұндай жағдайлардың соңғы уақытта жүйелі сипат ала бастауын ескере отырып қабылданды».

 

Ұлттық Мәжіліс депутаты Нигяр Мұхаммедованың айтуынша, Ресей вице-премьері Алексей Оверчуктың осы айда Әзербайжанға жоспарланған сапары «Әзербайжанға қарсы зорлық-зомбылық әрекеттеріне» байланысты тоқтатылған. Бұл туралы «Азертадж» агенттігі хабарлады.

 

Шиеленістің артуына байланысты Әзербайжанның парламенттік делегациясы Әзербайжан Республикасының Милли Мәжілісі мен Ресей Федералдық Жиналысы арасындағы парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі комиссия отырысына қатыспау туралы шешім қабылдады.

 

Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Ресей елшілігінің уақытша сенімді өкілі Пётр Волоковты шақырып, Екатеринбургтегі ресейлік күштік құрылымдар жүргізген рейдке байланысты қатаң наразылық білдірді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар