Пентагон Украинаға қажетті маңызды снарядтар мен зымырандардың бір бөлігін жеткізуді тоқтатуы мүмкін. Оның ішінде Patriot әуе қорғаныс жүйесіне қажетті зымырандар, артиллериялық снарядтар, Hellfire зымырандары бар. Politico басылымының жазуынша тиісті шешім АҚШ Қорғаныс министрлігінің саяси кеңесшісі Элбридж Колбидің ұсынысы бойынша қабылданған. Шешім қабылдаудың алдында АҚШ-тың қару-жарақ қорына ревизия жүргізілген еді.
Politico басылымының жазуынша тиісті шешім АҚШ-тың қару қорының азаюымен байланысты. Cарапшылардың сөзінше Пентагон Ресей шабуылды үдеткен сәтте қару жеткізуді тоқтатуда.
АҚШ-тағы Украина жақтастары аталған шешімнің күшін жоюды сұрауда. Конгресс өкілі Марси Каптур былай дейді: «АҚШ-тың әуе қорғаныс жүйелері, соның ішінде Patriot кешені Украина әуе қорғанысының негізі саналады. Бұл кешендер өте тиімді жұмыс істеуде. Күн сайын көп адамның өмірін сақтап қалуда. Егер БАҚ жазып жатқан ақпарат рас болса, онда Колби мырза көптеген адамның өмірін жалмайтын шешімді қабылдады деген сөз. Бұған жол беруге болмайды», - дейді.
Ресей Украинаға шабуылды үдетіп, әуе қорғаныс жүйесін әлсірету әрекеттерін күшейтуде. Мәскеу үш күн бұрын осы соғыстағы ең ауқымды шабуылдың бірін іске асырды. Бір мезетте Украина аумағына 477 дрон мен 60 зымыран атып, жаңа рекорд орнатты. Атылған зымыран және дронның 249-ы әуеде жойылса, тағы 226-сы радиоэлектронды кедергілер арқылы бағытынан ауытқып, өшірілді. Алайда кей зымыран және дрондар қалаларға соққы жасады. Украина әскері әуе қорғаныс жүйесінің әр зымыраны маңызды дейді.
Пентагонның мәліметінше, АҚШ соңғы уақытта әуе қорғаныс жүйесіне арналған зымырандарды шектен тыс қолдануда. Зымырандар хуситтердің шабуылынан кемелерді қорғау үшін қолданылған. Израильге көмек ретінде жүздеген дана зымыран жөнелтілген және Украинаға зымырандар берілген. Бұл АҚШ-тың әскери қорының азаюына әкелді.
«Ақ үйдің» өкілі Анна Келли былай дейді: «Аталмыш шешім Қорғаныс министрлігінің өзге елдерге әскери көмектерін қарастыра отырып, АҚШ-тың мүддесіне сәйкес қабылданды. АҚШ-тың әскери күші қуатты, Иран оны жақсы біледі», - дейді.
Нидерландыда өткен НАТО саммиті барысында Дональд Трамп әуе қорғаныс жүйесіне арналған зымырандарды Украинаға беру мәселесін қарастыратынын айтқан еді.
Әскери сарапшы Том Караконың ойынша Украинаға әуе қорғаныс жүйесіне қажетті зымыранды бермеу үлкен шығынға әкеліп, Киевті жеңіліске ұшыратуы мүмкін. «Әуе қорғаныс жүйесі арқылы соғысты жеңе алмайсыз. Алайда оның жоқтығы соғыста жеңіліске әкеледі. Себебі сіздің қалаларыңызды, әскери нысандарыңызды еш жазасыз атқылай беретін болады», - дейді ол.
Mezgil.kz