АҚШ-тың жаңа әкімшілігі халықаралық қатынас пен ішкі саясатта үлкен өзгеріс жасауда. «Трамп билігі АҚШ-тың жаһандық саясаттағы ықпал ету күші саналатын бірнеше жобаны тоқтатып, оқшаулану әрекетін бастаған сәтте, Вашингтонның басты қарсыласы саналатын BRICS керісінше әлемдік саясаттағы ықпалын арттыруға мүдделі» дейді Bloomberg басылымы.
BRICS геосаясатта уақытша пайда болған вакуммды толтыруға мүдделі дейді Bloomberg сарапшылары. Ұйым алдағы саммитте сауда қатынасын тарифтік соғысқа айналдырмау бастамаларын көтермек. Саммит Рио-де-Жанейрода өтеді.
BRICS саммитінде ұйымға мүше елдердің басшылары экономикалық соғысты тоқтату және салықты соғыс құралы ретінде қолданбауға шақыратын ортақ мәлімдеме жасамақ. Бұл Трамптың тарифтік соғысына жауап және АҚШ-тың саясатына наразы елдерді BRICS-ті қолдауға шақыру әрекеті деген сөз. Ортақ мәлімдемеде АҚШ пен президент Трамптың аты айтылмайды, алайда мәлімдеме мәні Трамптың тарифтік саясатын сынауға негізделмек.
Bloomberg сарапшыларының жазуынша, Трамптың тарифтік саясаты BRICS елдерін ортақ мүддеге жұмылуға итермелеуде. «Ұйым ішінде өзара тартыс көп, алайда сауда соғысында барлығы дерлік Трамптың тарифінен үлкен кедергілерге тап болды» дейді басылым.
Сарапшы Энтони Рудстың сөзінше, BRICS о баста Батыстық блоктарға қарсы құрылды, алайда қазіргі сәтте еркін сауда ұстанымын көтеруде. Сарапшының сөзінше АҚШ басшысының саясаты ұйымның әлемдегі жақтастарының санын арттыруы мүмкін.
Дегенмен, BRICS ұйымының өз мәселесі де жетерлік. Рио-де-Жанейрода өтетін саммитке Қытай төрағасы Си Цзиньпин қатыспайтын болды. Саммит барысында Ресей басшысы Владимир Путин де бой көрсетпейді. Себебі Бразилия Халықаралық соттың шешіміне байланысты Ресей басшысының елге келмеуін өтінген. Бұл ұйымның ішіндегі келіспеушіліктің көрінісі дейді БАҚ өкілдері.
BRICS ұйымында ортақ идея әлі қалыптасқан жоқ дейді сарапшылар. Мысыр, Иран, Эфиопия, Индонезия және БАӘ ұйымға мүше болып еніп, ұйымның құрамындағы елдер саны 10 мемлекетке жетті. Экономикалық тұрғыдан бұл үлкен күш, себебі әлемдік ЖІӨ-нің 40% деген сөз. Алайда бұл бар болғаны сандар және ұйымға мүше мемлекеттер өзара геоэкономикалық тартысқа түсуде.
Ұйымның ішінде геосаяси оқиғаларға байланысты ортақ позиция да жоқ. Мысалы Мысыр Бразилияда өтетін саммиттің қорытынды мәлімдемесінде Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыру және қауіпсіздік мәселесі көтерілуін талап етуде. Алайда әзірге бұл сұрақта ортақ позиция қалыптасқан жоқ. Ұйым Иран-Израиль соғысында да қандай да бір мәлімдеме жасаған жоқ. Тегеран ұйымның толыққанды мүшесі болса да, ұйым бұл мәселені назардан тыс қалдырды.
BRICS-тың ішінде Қытай мен Үндістан текетіресі артуда. Ұйым ішіндегі құжаттарды қабылдауда екі елдің позициясы сәйкес келмейтін сәттер көп. 2026 жылы BRICS-ке Үндістан төрағалық етеді. Бұл сәтте Қытай ұйымның жұмысынан алшақтауы мүмкін дейді сарапшылар. Бұған дейін Үндістанда өткен G20 саммитіне Қытай төрағасы Си Цзиньпин өзі бармай, кіші құрамда делегация жіберген болатын.
Бразилиядағы саммит барысында BRICS елдері климатты реттеуге қатысты бастамаларды көтермек. АҚШ билігі Париж келісімінен шығып кетті және жаһандық климат мәселесін BRICS көтеру арқылы, жаңа бастамаларды ұсынуды ойластыруда.
Ұйымға мүше елдер өзара саудада доллардан бас тартып, ұлттық валютаны қолдануды көтеруде. Трамп «BRICS елдері жаңа валюта ойлап табатын болса, ұйымға мүше елдерге 100 пайыздық тариф енгізетінін ескерткен» болатын.
Mezgil.kz