«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдар мен аудандарда маңызды жұмыстар іске асырылуда.
(Сурет: qazdauiri.kz)
Айта кететіні, ең алдымен аудандық ауруханалар толықтай күрделі жөндеуден өтуде. Ғимараттың негізгі бөлігінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, қосалқы нысанда аудан тұрғындарына барынша қызмет көрсетілуде. Мezgil.kz ақпараттық порталының тілшісі аудан тұрғындарына сапалы медициналық көмектің қалай жүзеге асырылып жатқанын медицина мамандарынан сұрап білді.
Тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетілуде
Марфуға Утепова, мейірбике:
– Қазір аудан тұрғындары сапалы медициналық қызметті толықтай пайдалана алуда деп айта аламын. Әсіресе МӘМС аясында тұрғындарымыз медициналық көмекпен тегін қамтылып отыр. Қазіргі таңда аудандық ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта 250 орындық аудандық аурухана ашылады деп күтілуде. Бұл жыл сайын тұрғындар саны артып келе жатқан Ұзынағаш тұрғындары үшін маңызы зор. Біздің ең басты мақсатымыз әрбір келген науқасқа сапалы медициналық көмек көрсету. Сонымен қатар денсаулық сақтау ұйымдарында материалдық техникалық базаны жаңғырту, медициналық құрылғыларды орнату сынды жұмыстар жүзеге асырылуда. Рентген, УДЗ сынды соңғы үлгідегі құрылғылармен қамту жағы жүргізілуде. Бұл ең алдымен науқастарға дер кезінде алғашқы көмек көрсету үшін маңызды.
Медицина қызметкерлерінің біліктілігі артады
Ләззат Махаметқызы, Жамбыл аудандық орталық ауруханасының фтизиатр дәрігері:
– Мемлекет басшысы 2025 жылы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында денсаулық сақтау саласында практикаға бағытталған, медициналық ұйымдардағы орта медициналық персоналдың кәсіби деңгейін арттыруға баса назар аударуды атап өткен болатын. Бүгінде Жамбыл ауданында 167789 адам тіркелген, оның ішінде 116458 адам аудандық медициналық базаға тіркелген. Қазір аудандық медбиекелерді жыл сайын кәсіби біліктілігін арттыруға арналған курстарға жібереміз. Сонымен қатар аудан тұрғындарын тегін дәрі-дәрмекпен қамту жағы да электронды түрде жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде күнделікті дәріні қажет ететін, ерекше бақылауда тұрған науқастарымызға көмегі зор. Бізде тіркеуде тұрған әрбір азаматтың медициналық картасы жасалады. Электронды жүйе арқылы тұрақты дәрісін алуы, кезекті емделуге келуі барлығы реттеліп отырады. Өз кезегінде медбикелер науқасқа дер кезінде хабарласып, тұрақты ем алуының кезегі келгені алдын ала ескертіледі. Бұл да өз кезегінде тіркеуде тұрған азаматтардың дер кезінде ем шарамен қамтылуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар тіркеуде тұрған азаматтар портал арқылы қалалық, облыстық деңгейдегі ауруханаларға жолдама ала алады.
Тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетілуде
Қамажай Жұмабеккызы, ауыл тұрғыны:
– Ұзынағаш ауылының тұрғыны ретінде медициналық көмекке жиі жүгінемін. Аудандық аурухана мамандары барынша көмек көрсетуге тырысады. Қазір медицина саласы дамыған. Тек кезек күту жағы бір ізге қойылған деп айта алмаймын. Алдағы уақытта шешіле жатар. Дегенмен, бұл салада ілгерлеушілік бар. Қазір МӘМС аясында біраз медициналық көмек тегін көрсетіледі. Әсіресе анализ талдаулары дер кезінде нәтижесін көрсетеді. Бұл да уақытылы диагноз қойып, бағыт-бағдар көрсетуге мүмкіндік береді. Ауруханаға ем іздеп келген адамға ең алдымен алғашқы көмек көрсету, әрі осы бағытта ұсынылатын жұмыстардың дұрыс жолғка қойылуы қуантады. Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласы дамып, сапалы медициналық көмек көрсету дамиды деген үміттемін. Өйткені ең бастысы еміне шипа іздеп барған әрбір адамның мақсаты еміне дауа табу.
Mezgil.kz