Сириядағы сойқан: Дамашық тығырықтан шығар жол іздеуде!

Сирияда тағы қақтығыс басталды. Қарулы қақтығыс бақылаудан шығып, масштабы кеңеюі мүмкін. Бұл туралы Syrische Beobachtungsstelle für Menschenrechte жазды. Аталған басылымның ақпаратынша Сириядағы қақтығыстан соңғы екі күнде кемі 89 адам қаза тапқан. Қазіргі сәтте қақтығысқа друздар, көшпенді бәдәуилер мен үкімет жасақтары қатысуда. Қаза тапқандардың басым бөлігі друздар. Бейбіт тұрғындар да оққа ұшқан.


Что произошло с Сирией за десять лет войны — РБК

 

Жаңа қарулы қақтығыс Сувейда аймағында бұрқ ете қалды. Аталған аймақта негізінен друздар тұрады. Жұма күні көшпенді бәдәуилер Сувейда аймағында жеміс сатып тұрған саудагерді ұрлап әкеткен. Жауап ретінде друздар көшпенді бәдәуилердің бірнешеуін тұтқынға алған. Ал сенбі күні аталған жанжал қарулы қақтығысқа ұласты.

 

Дамашықтағы үкімет дүйсенбі күні қақтығысты реттеуге кірісті. Аймаққа әскер кіргізді. Сувейда аймағына кірген әскери колонна қоршауға түсіп, 10 сарбаз қаза тауып, 8 сарбаз тұтқынға түсті. Аталған оқиғаның видеосын NZZ арнасы жариялады.

 

Аймақтағы қарулы қақтығысқа Израиль әскері араласып, друздарды қолдайтынын білдіруде. Бұл қақтығысты тіпті ушықтыра түсті. Израиль ұшақтары Сирия үкіметінің танктеріне әуеден соққы жасап, Сами ауылының маңында бірнеше танкті жойды. Дамашықта билік ауысқаннан кейін, друздар мен үкімет әскері арасында бірнеше мәрте қарулы қақтығыс болды. Израиль друздарды қолдайтынын ашық айтып, қудалау жалғасса Сирия әскеріне жойқын соққы жасайтынын ескертумен келеді.

 

Сирия билігі қақтығыс тек қана друздар мен бәдәуилер арасында емес, сонымен бірге друздар мен друздар арасында да өтіп жатқанын айтуда. Басты себеп тауар тасымалдау бағыттарын бақылауға алу, есірткі тасымалын бақылау және шөлді аймақтағы заңсыз қару саудасы дегенді айтуда.

 

Ақпан айында Сирияның уақытша президенті Аш-Шараа Сирия аумағындағы қарулы топтарға қаруын тастап, біртұтас ел болу идеясын ұсынды. Аталған шараға друздардың жартысы қатысса, жартысы қатысқан жоқ. Друздар Сирия билігі қарусыздандыру саясатын жүзеге асырған соң, қудалауды бастайды деп қауіптенуде.

 

Израиль билігі друздарды қорғау әрекетін жалғастыратынын айтуда. Ал Дамашық қақтығысты шешу жолын іздеуде. Үкімет әскері друздарға соққы жасауды күшейтсе, Израиль әскері Сирия әскеріне жойқын соққылар жасауы мүмкін. Аш-Шараа Израиль билігін де, друз қолбасшылары мен үкімет әскерін де қанағаттандыратын шешім іздеуде. Әзірге Сирия билігі Сувейда аймағына әскер кіргізуде. 


Mezgil.kz



Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар