«Мәскеуді бомбалаймыз»: АҚШ Украинаға қандай қарулар бермек?

Кеше АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО Бас хатшысы Марк Рюттемен кездесті. Аталған кездесу барысында Трамп Ресей мен Украина соғысына қатысты маңызды мәлімдемелер жасады.

1752569679605727.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

Біз Трамп айтқан сөздердің ішіндегі ең маңызды 2 мәселеге тоқталмақпыз...

Трамптың бірінші әңгімесі: Ресейге 50 күн уақыт беру...

«Ресейге Украинамен келіссөз үстеліне отырып, келісім жасауға 50 күн уақыт береміз. Егер Ресей бұл уақыттың ішінде дұрыс шешім қабылдамаса, 100 пайыздық тарифтер енгіземіз», - деді АҚШ президенті. Тарифтер мен жойқын санкциялар негізіген Ресей экономикасын қолдаушы одақтастарға енгізілмек.

Трамптың екінші әңгімесі: Украинаға қару-жарақ жеткізу...

«АҚШ пен НАТО келісімге келді. АҚШ-тан қару-жарақ сатып алынады. Ол қарулар НАТО-ға жеткізіледі. Әрі қарай дереу арада Украинаға беріледі! Украинаға НАТО арқылы бірінші дәрежелі, замануи қару түрлері беріледі», - деді Трамп.

Украина үшін қазір ең қажеттісі – ол әуе қорғаныс жүйелері және оларға арналған зымырандар. Трамп Украинаға 17 дана «Patriot» әуе қорғаныс кешені берілетінін айтты. Бұл «Patriot-тардың» ақысын Германия мен Норвегия төлемек.

Әлемдік БАҚ пен сарапшылар АҚШ Украинаға тағы қандай қару түрлерін жеткізіп (сатып) бермек деген сұрақты ызу-қызу талқылап жатыр. Біз солардың бірсыпырасын шолып шықтық...

«CNN» арнасы: «АҚШ Еуропаға орта және кіші қашықтықтағы зымырандар, артиллериялық снарядтар, дрондар жеткізбек. Еуропа артынша оны Украинаға береді. Жалпы сатылатын қару түрлері жария етілмейді», - деп хабарлады.

 «Military Watch Magazine»: «АҚШ Украинаға «JASSM» қанатты зымырандарын жіберуді қарастыруда. Қазіргі уақытта бұл зымыранды тек төрт мемлекет қолданады, оның ішінде көрші Польша өзінің F-16 жойғыштары үшін 110 дана алған. АҚШ 2010 жылдары Оңтүстік Кореяның «JASSM» сатып алу туралы өтінішін қабылдамаған», - деп жазды.

«The Washington Post» басылымы: «Трамп Украинаға «Tomahawk» қанатты зымырандарын беруді ойластыруда», - деп жазады.

Басылым дерегінше: АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО елдері Украинаға сатып алатын 10 миллиард долларлық әскери көмек пакетін мақұлдаған. Бұл жолы АҚШ Украинада қалған «ATACMS» зымырандарын максималды 300 км қашықтықта пайдалануға рұқсат беріп отыр. Бұл ресейлік базаларға, аэродромдарға және қоймаларға соққы беруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Украинаны жаңа «ATACMS» зымырандарымен қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылуда. Трамп сонымен қатар Украина аумағынан ұшырылған кезде Мәскеу мен Санкт-Петербургке жетуге қабілетті «Tomahawk» қанатты зымырандарын Украинаға жіберу мүмкіндігін талқылаған. Алайда, Украинаға берілетін алғашқы әскери көмек пакетіне бұл зымырандар енгізілмеген.

Сонымен, АҚШ Украинаға НАТО елдері арқылы беруі ықтимал деген зымырандардың сипаттамасы қандай? Қараңыз:

Бірінші: «JASSM» қанатты зымырандарының – ескі нұсқалары 370 шақырым қашықтықтағы нысананы көздейді. Ал модернизацияларған, заманауи нұсқалары 1000 шақырымға дейін жетеді.

Бұл зымырандарды «F-16» ұшақтары арқылы қолдануға болады. «JASSM» қанатты зымырандары 2003 жылдан бері қолданыста. «JASSM» шектеулі стелс мүмкіндіктерін, жоғары нысана дәлдігін және 450 кг оқтұмсықты біріктіреді. Қазір бұл зымырандар АҚШ, Аустралия, Нидерланды мен Польшада бар.

Екінші: «ATACMS» зымырандары – «жер-жер» санатындағы алыс қашықтыққа соққы жасайтын артиллериялық зымыран.  Ең алғаш рет 1988 жылы сынақтан өткен.

«ATACMS» алғаш рет 1991 жылы Ирактағы «Шөлдегі дауыл» операциясы кезінде қолданылған. «ATACMS» зымырандары «HIMARS» және «M270 MLRS» платформаларынан ұшырылады. Бұл зымырандар модификациясына қарай 160 шақырымнан 300 шақырымға дейінгі нысаналарды дөп көздейді.

Үшінші: «Tomahawk» қанатты зымырандары – АҚШ Әскери-теңіз күштерінің қолданысына 1983 жылы берілген. Оны өндіру кезінде осы жоғары дәлдіктегі қарудың бірнеше модификациялары шығарыған. Қазір оның негізгі операторлары АҚШ-тан басқа, Ұлыбритания және Испания флоттары.

Бастапқыда «Tomahawk» I блок (RGM/UGM-109A) ядролық оқтұмсығы бар жер үсті, суасты және құрлықтағы зымырандарға арналған қысқа қашықтықтағы стратегиялық зымыран ретінде жасалған. кейін оның бірнеше модификациясы жасалды. Соққы жасау қашықтығы 550 шақырымнан 2500 шақырымға дейінгі аралықты қамтиды.

Тақырыпқа тұздық: Бүгін Украина президенті Зеленский АҚШ президенті Трамппен телефон арқылы сөйлескен. Екеуара әңгімелесу барысында Украина президенті АҚШ-қа көрсетілген көмектері үшін алғыс айтқан.

«The Washington Post» басылымы: «Бұл әңгімелесу барысында президент Трамп президент Зеленскийден неге Ресей аумақтарын соққыламай жатқанын сұраған. Зеленский Трампқа: «Бізге зымырандар берсеңіз, біз Мәскеуді соққылаймыз», - деп жауап қайтарған», - деп жазады.

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар