Еуропа Ресеймен соғысқа дайындалуда...

Франция билігі Ресейді потенциалды жау деп санайды және онымен соғысқа дайындықты әл-әзірден бастап кету керек деп есептейді. Франция Еуропаның, соның ішінде Францияның Ресеймен болжалды бетпе-бет қақтығысы шамамен 2030 жылы болып қалуы мүмкін деп болжайды.

1752664058253217.jpg

(Суреттер: eadaily.com, delfi.lt, sm.lv, eurasia.expert сайттарынан алынды)

ФРАНЦИЯ ҮШІН ЕҢ ҚАУІПТІ ЕЛ – РЕСЕЙ...

Әлгінде Француз билігі 2025 жылғы «Ұлттық стратегиялық жоспарды» жариялады. Онда Ресей Франция мен оның одақтастарының, бүкіл Еуропаның мүдделеріне тікелей қауіп төндіретіні айтылған.

Аталған құжатта Францияның 2030 жылға дейінгі қорғаныстық басымдықтары жазылған. Еуропаның, соның ішінде Францияның қарқынды соғыс қаупі артып келе жатқан «жаңа дәуірге» қадам басқаны айтылған.

1752663192236822.jpg

(Сурет: sm.lv)

Құжатта: «Таяу жылдары Франция «Еуропаның қақ ортасында ашық соғысқа» тап болу қаупі бар және Франция мүдделеріне «ең үлкен қауіп» төніп тұрған ел – Ресей», - деп жазылған.

Францияның «Ұлттық стратегиялық жоспарында»: «Ресей қазірдің өзінде «Украинаға қолдау көрсетуге нұқсан келтіру үшін барлық құралдарды қолдануда. Сонымен бірге Еуропа аумағында түрлі дұшпандық және диверсиялық әрекеттерге баруда. Соның ішінде: кибершабуылдар үшін агенттерге тобын жасақтайды, қуғында жүрген оппозиция қайраткерлерін қудалайды және өлтіреді, электоралды процесстерге араласады, дүрбелең тудыру, тұрақсыздық жасау үшін қоғамдық пікірге ықпал етуге тырысады. Мұндай әрекеттер қазірдің өзінде көрініс беріп отыр», - деп жазылған.

1752663089483078.jpg

ФРАНЦИЯНЫҢ «ҰЛТТЫҚ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОСПАРЫ»

Құжатта әскери қақтығыстың Франция аумағынан тыс жерде болатыны, бірақ оған Париждің қатысуы мүмкін екені атап өтілген. Алдағы 3-5 жылда Молдова, Балқан немесе НАТО елдері агрессияға ұшырауы мүмкін.

Айта кетейік: «Ұлттық стратегиялық жоспарды» Францияның қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бас хатшылығы дайындайды. Құжат Париждің белгіленген кезеңге арналған қорғаныс стратегиясын анықтайды.

Бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон елдің қорғаныс бюджеті 2027 жылға қарай «екі есеге өсетінін» мәлімдеген. Оның айтуынша, Францияның қорғаныс туралы заңнамасына енгізілген түзетулер қорғаныс саласына 2026 жылы қосымша 3,5 миллиард еуро және бір жылдан кейін тағы 3 миллиард еуро бөлуді қарастырады.

Макрон: «Еуропалықтар енді өз қауіпсіздігін өздері қамтамасыз етуі керек», - деп мәлімдеген. Ол сондай-ақ: «1945 жылдан бері Еуропа бостандығына дәл бүгінгідей қауіп төнбеген», - деп қосты.

1752663313858772.jpg

(Сурет: livejournal.com)

ГЕРМАНИЯ ДА СОҒЫСҚА ҚАМДАНУДА...

Осыған дейін Германия канцлері Фридрих Мерц: «Батыстың қысымы Ресейді Украинадағы соғысты тоқтатуға мәжбүрлей алмады. Енді соғыс ұзақ уақытқа созылуы мүмкін», - деп бір сөйледі.

Онан соң: «Украинадағы соғысты тоқтатудың дипломатиялық жолдары таусылды. Енді бәрі дипломатияға емес, ұрыс алаңындағы ахуалға байланысты», - деп тағы сөйледі.

Бұл Берлиннің жақын болашақта Мәскеумен келіссөздер жүргізуге сенбейтінін және әскери қысымға сүйенетінінің айқын белгісі.

Ал биыл мамыр айында Германия Қорғаныс министрлігі: «Географиялық орналасуына байланысты Германия Ресеймен қақтығыс болған жағдайда, шығысқа НАТО әскерлері орналастырылатын аймаққа айналады. Демек, ел соғысқа дайындалатын кез келді», - деп мәлімдеген.

Германия Әскери-теңіз күштерінің капитаны, Бундесвердің Гамбург аймақтық қолбасшылығының қолбасшысы Майкл Гисс: «Менің сарбаз ретіндегі ішкі түйсігім бес жылдан кейін біздің қоғам сыртқы әскери қауіпке төтеп бере алатындай төзімді болуы керек дейді. Германия билігі мен тұрғындары сыртқы қауіпті мойындап, Ресейдің НАТО территориясына ықтимал шабуылын болдырмау үшін соғысқа дайындықты бастауы керек», - дейді.

Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус: «Бундесвер 2029 жылға қарай Ресейдің шабуылынан қорғануға дайын болуы керек», - деп мәлімдеді. «Біз қорғанысымызды елеусіз қалдыруға құқығымыз жоқ. Путиннің соғыс экономикасы келесі қақтығысқа дайындалу үшін жұмыс істейді. 2029 жылға қарай біз өзімізді қорғауға дайын болуымыз керек», - деді Писториус.

1752663402789678.jpg

ГЕРМАНИЯНЫҢ «ОПЕРАЦИЯЛЫҚ ЖОСПАРЫ» (OPLAN DEU)

Осы мақсатта Германия 2023 жылдың наурызында бірнеше жүз беттен тұратын стратегиялық құжат әзірлеген. Ол –  «Германияның операциялық жоспары» (OPLAN DEU) деп аталады.

Ол құжатта: «Ресей НАТО-ның шығыс қапталына шабуыл жасаған жағдайда үш-алты айдың ішінде альянстың 800 мыңға дейін сарбазы мен 200 сыңнан астам түрлі техникасын Германия арқылы өткізу керек», - деп жазылған.

ЕУРОПА ТҮГЕЛ СОҒЫСҚА ДАЙЫНДАЛУДА...

Біз Франция мен Германияның болжалды әскери қақтығысқа даярлығы туралы тілге тиек еттік. Анығы – Ресей агрессиясына қарсы күреске қызу дайындықты түгел Еуропа елдері бастап кетті десек қателеспейміз.

Оған дәлел: Еуропа елдерінің қорғаныс шығындары 2021-2024 жылдар аралығында 31%-ға өскен. Ал қорғаныс өнеркәсібі саласындағы жетекші кәсіпорындарының тапсырыс портфелі соыңғы жылдары 4-5 есеге ұлғайған.

Еуропа жаппай қаруланып жатыр. Және ол ең алдымен – Ресейге қарсы қаруланып жатыр. Бұл туралы Еуропалық Одақ наурыз айында жариялаған жаңа еуропалық қорғаныс саясатының негізі болып табылатын «Ақ кітапта»ашық айтылған.

«Кремльдің империялық амбициялары Украинамен шектелмейді, бүкіл Еуропаны қамтиды», - деп мәлімдеді Украина барлау бас басқармасының басшысы Кирилл Буданов.

1752663467496577.jpg

(Сурет: eurasia.expert)

БАЛТЫҚ ЕЛДЕРІ МЕН ПОЛЬШАНЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫ

Жоғарыдағы Францияның «Ұлттық стратегиялық жоспарында» алдағы 3-5 жылда Молдова, Балқан немесе НАТО елдері агрессияға ұшырауы мүмкін екендігі айтылса, Балтық елдері де Кремль тарапынан тікелей қауіп-қатерді сезінуде.

Сол себепті де Литва, Латвия, Эстония мен Польша Украина сияқты «Оттава конвенциясынан», жаяу әскерге қарсы миналарды пайдалануға, жинақтауға, өндіруге және тасымалдауға тыйым салатын келісімнен шығып жатыр.

1752663576404773.jpg

(Сурет: warthunder.ru)

ШВЕЦИЯНЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫ...

Швеция да қорғаныс жүйесін реформалауда. Ел билігі офицерлердің әскерге шақыру жасын көтерді. Швецияның әскери басшылығы армияның саны мен мүмкіндіктерін, әуе қорғанысын арттыруды, оқ-дәрі қорын көбейтуді жоспарлап отыр.

«Швеция Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін өзінің қауіпсіздік доктринасын қайта қарастырып, 2024 жылы НАТО-ға кірді. 2020 жылдан бастап қорғаныс шығындарын екі есеге дейін ЖІӨ-нің 2,4%-ына дейін арттырған ол, 2032 жылға қарай оны 3,5%-ға дейін ұлғайту үшін қарқынды әрекеттерді бастады», - деп жазады «Reuters».

1752663709607074.jpg

(Сурет: dsnews.ua)

ФИНЛЯНДИЯ МЕН НОРВЕГИЯНЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫ...

Соңғы жылдары Скандинав елдері де ресейлік қауіп-қатерден қорғану үшін жаппай қарулануға кірісіп кеткен.  Финляндия Солтүстік Атлантикалық альянсқа қосылғаннан кейін Ресеймен арадағы 1300 шақырымдық үлкен шекарада кедергілер тұрғыза бастады.

Ал Норвегия әскери бюджетін көбейтіп жатыр. 2025 жылы ол 16,5 миллиард долларға жетеді, бұл жалпы ішкі өнімнің шамамен 3,3%-ын құрайды.

Финляндия, Швеция, Норвегия, Дания, Нидерланды және Балтық елдері «JEF» деп аталатын – Біріккен экспедициялық күштерді құрды. Бұл одақтың міндеті – Балтық жағалауы елдерінің шағын әскерлерінен ортақ тұжырымдамасы мен стандарттары бар біртұтас құрылымды жинақтау.

«JEF-тің» бюджеті қазірдің өзінде 75,1 миллиард долларға жеткен. 2022 жылдан бастап ол екі есеге жуық өсті (43,3 миллиард доллар болды). «JEF» армиясының жалпы саны 150 мың адамды құрайды. Қатысушы елдердің аумағында да, Балтық теңізінде де әскери жаттығулар мен маневрлер үнемі өткізіліп тұрады.

Түйін: Ресейдің Украинаға толық ауқымды соғыс ашуы – жаһандық қарулану жарысын бастап берді. Сәйкесінше, әлемнің есті жұрты әскерін жаңалатып, қару-жарағын қамдап, заманауиландырып, әскери бюджетін еселеп, әрқайсысы өз әлінше әрекеттенуде. Бұл әрекеттенудің басты мұраты – ел тәуелсіздігін қамтамасыз ету. Бұл тенденциядан біз де қалыс қалмауымыз керек. Қазақтың: «жау жоқ деме, жар астында», - деген қанатты сөзі Қазақстанның Қорғанысын тізгіндеген басшы-қосшылардың құлағында болуы керек-ақ!

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар