Жоланидің ұрыстағы жеңілісі: Соғыс тоқтамайды...

Өткен жұмадан бері Сириядан тағы да тыныштық кетті. Сирияның оңтүстік-батысында Сувейда деген қалашық бар. Жан саны 100 мыңға жуықтайды.

1752746190286922.jpeg

Сол Сувейда да өткен жұмада тағы бір қарулы қақтығыс бұрқ ете қалды. Жергілікті друздар мен көшпелі бәдауилер арасында орын алған қақтығысқа Сирия үкіметінің әскері араласты. Артынша  «Сирия билігі друздарға қысым көрсетіп, қырып жатыр», - деген желеумен ұрысқа Израиль кірісті.

ЖОЛАНИ ӘСКЕРІ НЕЛІКТЕН ЖЕҢІЛДІ?

Сириядағы Башар Асад билігі құлатылып, билік тізгіні аш-Шарааның (Жолани) қолына тигелі Сирия үкіметі мен друздар өзара ортақ тіл таба алмай келеді. Ал өткен жұмадағы друздар мен бәдауилер арасындағы жанжалды реттеуге бел шеше кіріскен Сирия үкіметі Сувейдаға әскер кіргізіп, қақтығыс ушыға түсті. Сирия үкіметінің армиясы мен друздар жасақтары қала ішінде ашық ұрысқа кірісті. Артынша друздарды қорғау үшін Израиль армиясы Сирия үкіметінің армиясына соққы берді.

Кей деректер бойынша, бұл ұрыстар барысында барлық тараптан 350-400-ге жуық адам қаза тапқан.

ИЗРАИЛЬ ДРУЗДАР ҮШІН СИРИЯНЫ СОҚҚЫЛАДЫ

Израиль армиясы Сирия үкіметінің оңтүстіктегі әскери нысандарына, соның ішінде Дамашық пен Сувейда маңайындағы нысандарға әуеден соққы жасады. Израиль Сувейда аймағына қарай бет алған Сирия танктеріне, зымыран тасығыштарға, қару-жарақ пен ауыр пулеметтермен қаруланған пикаптарға шабуыл жасаған.

Кеше Израиль әуе күштері Дамашық маңындағы Сирия әскерінің Бас штабы кешені мен Президент резиденциясының маңына соққы жасады. Осыдан соң Сувейдада Сирия әскері мен друздар арасында келісім жасалып, Сирия әскерін қаладан алып шыққаны белгілі болды.

Келісім бойынша: Сувейда қаласына Сирияның президентіне бағынатын әскери бөлімшелер кіреді. Атыс тоқтатылады. Сирия әскеріне друздардың қарулы топтары мүше болады. Сувейдада бұйрықты бұзып, бейбіт тұрғындарды қырғандар жазаға тартылады.

СИРИЯДАҒЫ СОЙҚАН: ИЗРАИЛЬ НЕ ДЕЙДІ?

Сирияның Сувейдасындағы қақтығыс басталғалы-бері Израильдің бірнеше лауазымды тұлғасы арнайы мәлімдемелер жасап, друздарды қорғайтынын, Сириядағы Жолани билігімен соғысатынын ашық мәлімдеді.

Израиль премьері Нетаняху: «Менің друз бауырларым және Израильдің друз азаматтары, Сирияның оңтүстік-батысындағы, Сувейдадағы жағдай өте күрделі. ЦАХАЛ, әуе күштері және өзге құрылымдар әрекет етуде. Біз друздарды құтқарып, лаңкестік режим жендеттерін жоюды іске асырудамыз. Менің сіздерден бір ғана өтінішім бар. Сіздер Израиль азаматысыздар. Шектен шықпаңыздар. Сирия аумағына өтпеңдер. Өмірлеріңізді қауіпке тікпеңіздер. Сіздерді өлтіруі, ұрлап әкетуі, тұтқынға алуы мүмкін. Израиль әскері тиісті әрекетті жасайды», - деді.

Израиль Қорғаныс министрлігі: «Сирия билігі друздарды қудалауды, қыруды тоқтатуы тиіс. Сирия үкіметі друздар тұратын аймақтан әскерін әкетуі шарт. Друздарға шабуыл жалғасатын болса, біздің Сирия әскеріне қарымта соққымыз да күшейеді. Друздарды қолдауды жалғастырамыз», - деді.

Израильдің Ұлттық қауіпсіздік министрі Бен-Гвир: «Сириядағы жантүршігерлік жағдай бізге бір кездері жиһадшы болған адам, бәрібір жиһадшы болып қалатынын көрсетті. Мұртын қырып, адамдарды өлтіріп жүрген Жолани секілділермен келіссөз жүргізуге болмайды. Олардың көзін құрту керек», - деді.

Сувейдадағы ахуал ушыға түскен тұста Израиль армиясы екі дивизияны Голан жоталарына көшіруге кірісіп кетті.

ӘЛЕМ НЕ ДЕЙДІ?

Ал АҚШ Израиль билігіне екі кезек қайрылу жасап, Сириядағы ахуалды ушықтырмауға, Сирия әскеріне соққы жасамауға шақырған. Алайда, Израиль бұл ұсыныстарды елеген жоқ.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио арнайы мәлімдеме жасап, тараптарды ұрысты тоқтатуға шақырды. АҚШ Сувейдада друздарды қорғап жатқан Израильге кері шегінуді ұсынды.

Түркия Израильдің бұл ұрысқа араласуын қатаң айыптады. Түркия мен Сирия қорғаныс министрлері телефон арқылы сөйлесті. Түркия Сыртқы істер министрі Фидан мен түрік барлау қызметінің басшысы Калын Сувейдадағы қақтығыстарды доғару бойынша өткен көпжақты келіссөздерге қатысты.

ЖОЛАНИДІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Бүгін Сирия басшысы аш-Шараа (Жолани) арнайы мәлімдеме жасап, Сувейдада тараптар бітімге келгенін мәлімдеді.

Сирия басшысы аш-Шараа: «Біздің алдымызда екі нұсқаның бірін таңдау тұрды. Израильмен соғысу немесе друздық шейхтермен келісім жасау. Біз халықтың мүддесі үшін друздармен келістік. Сирия сионистік бірлестікпен соғысудан қорықпайды, алайда ұлттың мүддесін бәріне жоғары қояды», - деді.

ДРУЗДАР ДЕГЕН КІМДЕР?

Ислам дініндегі қос бағыт – сунниттік және шииттік бағыттардың барлығында секталар бар. Мысалы, Сауд Арабиясында сунниттік уахабизм кең таралған болса, шиитизмде друздар бар.

Друздар Ливан, Сирия және Израильде тұратын эклектикалық секта саналады.

Друздардың дені (860 мыңға жуық) Сирияда тұрады. Ливанда 280 мыңға, Израильде 110 мыңнан астам друздар бар. Тілдері – араб, иврит тілдері. Діні – друздар діні. Мұхаммед ибн Исмаил Наштакин әд-Дарази - друздар дінінің негізін салушылардың бірі. Друздар осы адамның атымен «друздар» деп аталады, бірақ олар бұлай атауды жақтырмайды да, өздерін «муахиддун» («бірқұдайшылар») деп атайды.

СИРИЯ: СОҒЫС ЖАЛҒАСАДЫ...

Шығыстанушылардың пікірінше: Сирия дәл қазір сыйырдық бүйрегіндей бытырап жатқан, түрлі этникалық және діни топтардың өзара талас-тартысы өршіп тұрған мемлекет. Ал Сувейдадағы қанды оқиғалар Сирия үкіметінің елдегі жағдайды толық бақылауға алмағанын көрсетеді.

«Мұның бәрі Сирия билігінің жергілікті жердегі жағдайды, оның ішінде өздерінің қауіпсіздік күштерін де толық бақылауға ала алмағанын көрсетеді. Үкімет күштерінде этноконфессиялық азшылықтарды – алавиттер мен друздарды жек көретін радикалды элементтер бар. Олар друздарды «Израильмен байланысы бар және діннен безді» деп айыптайды.

Бұл жақсы белгі емес. Бұл Сирияның бөлшектеніп, бөлінгенін білдіреді. Кейбір аймақтағы азшылық топтар мен фракциялар орталық үкіметке қарағанда көбірек билікке ие. Ал бұл болған қақтығыстар, Сирияның федерализациясы мен азшылықтардың интеграциясына деген барлық үміттердің ақталмағанын көрсетеді. Демек, мұндай қарулы қақтығыстар әлі жалғаса бермек», - дейді сарапшылар.

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар