Заманауи әскер: Қорғаныс саласының дамуына Алматы қалай үлес қосуда?

Әлем аумалы-төкпелі кезеңге аяқ басты. Жаһанның сақа сарапшылары ХХІ ғасырдағы күрделі кезеңнің басталғанын жарыса айтуда. Еуропада екінші дүниежүзілік соғыстан кейін болмаған ауқымды қақтығыс басталды. Таяу Шығыста таяу арада аяқтала қоймайтын қарулы қақтығыстар қайнап жатыр. Оңтүстік-шығыс Азия аймағы да тыныш емес. Африкадағы босқындар мен гуманитарлық дағдарыс күшеюде. 120 млннан астам адам cыртқы босқынға айналды, ал ішкі босқындар саны 200 млнға жуықтаған. Саясаттанушылар әлем елдерінің жаппай қаруланып жатқанын айтуда. Әлемнің төрттен бірінде ашық қарулы қақтығыс болуда. Жаһан милитаристік саясатқа қадам басты. Кей елдер тапқан-таянғанын қару сатып алуға жұмсауда. Қазақстан да әлемнің бір бөлшегі, бір елі. Әлемнің бір аймағындағы процесс екінші аймаққа әсер ететін шақта, қолды қусырып отыруға әсте болмайды. Қазақстан билігі «жау жоқ деме, жар астында» ұстанымын ұмытқан емес. Бейбітшілікті ту ететін ел ретінде қақтығыс пен қантөгіске қарсымыз, алайда «бейбітшілікті қаласаң – соғысқа дайын бол» қағидатын да естен шығарған емеспіз. Қазақстан да қаруын сайлап, әскерін түрлі сценарийге сақадай сай етуге бел шеше кірісуде.


Новинки военной техники, поступившей на вооружение ВС РК в 2017 году

 

Кез келген мемлекеттің қорғанысында басты рөлді рухты әскер мен қуатты әскери техника ойнайды. Елімізде әскери өндіріс жыл өткен сайын даму үстінде. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы, 5-мамырда өткен «Бүкілармиялық кеңес» жиынында сөйлеген сөзінде былай деді: «Ақпараттық жүйелер мен озық технологияны енгізу – маңызды міндет. Шешім қабылдау тиімділігін арттыруға және жауынгерлік бөлімшелердің әлеуетін арттыруға ерекше назар аудару керек. Бұл әскерді пайдалану тиімділігін айтарлықтай жақсартады. Армиямызды толыққанды қаруландыруда және жаңғыртуда отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені маңызды рөл атқарады. Үкімет әскери өнімдер мен қызмет түрлерін кеңейту үшін барлық шараны қабылдауға тиіс. Тағы бір өзекті мәселе – зауыттардың және әскери бөлімдердің техниканы жөндеу мүмкіндігін арттыру. Біздің бұл саладағы әлеуетіміз жоғары».

 

Бүгінде Қазақстанда 120-дан астам әскери өндіріс кешені бар. Олар түрлі міндетті атқарады. Бірі дайын өнімді құрастырса, енді бірі жөндеу жұмыстарымен айналысады. Кей кешендер балқыту, темір қорыту міндеттерін өз мойнына алса, тағы бірі заманауи технологияны әскери өндіріске енгізумен айналысады. Аталған кешендердің көпшілігі Алматы қаласында орналасқан. Осылайша Алматы қаласы қорғаныс саласында  маңызды рөл атқаруда.

 

Алматы қаласында Guzu Almaty (Гузу Алматы) ЖШС орналасқан. Кешен 2013 жылы Қазақстан мен Чехияның бірлескен жобасы ретінде ашылды. Аталған кешенде химиялық шабуылдан қорғану киімдері, газдан қорғану маскалары шығарылады. Өнімдерді шығаруға тиісті сертификат берілген. Кешен Алматы тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр, ал кешенде шығарылатын өнімдердің сапасы халықаралық талаптарға сай келеді және мамандар тарапынан жоғары бағаланған. Кешен осы уақытқа дейін 18 мыңға жуық газдан қорғайтын маска (противогаз) дайындап шықты. Өнім Қазақстан әскері мен азаматтық секторға табысталған. Кешенде түрлі қорғаныс костюмдері мен қалқандары да жасалады.

 

Тағы бір компания «АлмаДК» ЖШС. Компания Алматы қаласында орналасқан, тиісті лицензия алып, Қазақстан нарығында қорғаныс мақсатындағы өнім түрлерін жасаумен айналысып келеді. Оқ-дәрі әзірлеу, жөндеу жұмыстарын жүргізу, қосалқы бөлшектерді жасау, сервистік қызмет көрсету және басқа қызметтерді атқарады. Қазақстан Қорғаныс министрлігінің түрлі тапсырыстарын орындайды. Компания Қазақстан нарығында 15 жылдан астам жұмыс істеуде. Осы аралықта мыңдаған өнім шығарып, Қазақстан атынан 39 көрмеге қатысқан. Көрмеде компания өнімдері жоғары бағаға ие болуда.

 

Алматы қаласында Орталық Азиядағы ең ірі авиа жөндеу зауытының бірі орналасқан. Кешен №405 авиа жөндеу зауыты деп аталады. Кешеннің тарихы тым тереңде және бастауын КСРО кезеңінен алады. Кешен 1939 жылы ашылды және Алматы әуежайы маңында орналастырылды. О баста ұшақтарды жөндеумен айналысып, кейін ұшақ қозғалтқыштарын жөндеуге көшті. КСРО билігі кешенде тікұшақ жөндеу құрылғылары мен мамандарын орналастырды және 1977 жылдан бастап тікұшақтарды жөндеуге басымдық берілді. Кеңес билігі құлап, КСРО ыдырағаннан кейін кешенде Ми-8/17 тікұшақтарын жөндеу басталды. Бүгінде кешен тікұшақтарға капиталдық жөндеу, техникалық қызмет көрсету, тікұшақтарды модернизациялау, тікұшақтарға сервистік қызмет көрсетумен айналысады.

 

Зауыттың тапсырыс берушілері қатарында Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымдары бар. Атап айтқанда Қорғаныс министрлігі, ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ Ұлттық ұланы, ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті және жекелеген авиа компаниялар бар.

 

Алматы қаласында қорғаныс өнімдерін шығаратын өзге де кешендер жетерлік. Дрон өндірісі мен жасанды интеллектіні әскерге енгізу тәжірибелерінің көпшілігі Алматы қаласында жүзеге асуда. Қаланың кәсіпорындары ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға және жоғары технологиялы өндіріс секторын дамытуға елеулі үлес қосып отыр. Олардың қызметі армия мен арнайы қызметтерді заманауи техника және қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар қорғаныс өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға да септігін тигізуде.


Mezgil.kz



Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар