Зангезур дәлізіне қатысты Армения мен Әзербайжан арасында ызу-қызу талқы жүріп жатыр. Баку дәліздің жылдам ашылуын талап етсе, Армения тарапы уақыт созуда. Дәліздің ашылуына қатысты Ресей мен Иранның позициясын да ескерген жөн. Иран тарапы дәліздің Армения аумағы арқылы емес, Иран-Армения шекарасы бойымен өтуін талап етсе, Ресей дәліздің ашылуына қатысты келіссөздерге Мәскеудің қатысуы маңызды екенін айтуда.
Зангезур дәлізінің маңызы жайлы сарапшы Гюней Йылдыз айтты. Forbesке жазған сараптамасында ол дәліздің маңызы, экономикалық пайдасы, тәуекелдер мен сыртқы ойыншылардың қатысуы жайлы кеңінен тоқталған.
АҚШ Зангезур дәлізін 100 жылға жалға алу идеясын ұсынды. Сарапшылар дәліз ашылатын болса, жылына 50-100 млрд доллардың тауарын тасымалдайтын маңызды торапқа айналатынын айтуда. Дәліз тек қана қарапайым тауар тасымалын күшейтіп қоймай, сонымен бірге энергоресурстарды жеткізу жолына айналмақ.
Дәліздің ұзындығы 43 шақырымды құрайды. Арменияның Сюник облысында орналасқан. Жоспар бойынша дәліз Қарабақ пен Нахычеванды қосуы тиіс. Дәлізді ашу энергоресурстарды тасымалдауды әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Сарапшылар АҚШ-тың Кавказ аймағында ықпалы азын жазуда. Батысшыл позицияны ұстанған Грузия қайта ресейшіл бағытқа ауысуда. Грузия Вашингтонның Кавказдағы басты серіктесі болатын. Ендігі таңда, Ақ үй Зангезур дәлізін бақылауға алу арқылы өзінің ықпалын қайта арттыруды ойластыруда.
Bloomberg басылымының жазуынша Зангезур дәлізі ашылса, Еуропа мен Азия арасындағы жүк тасымалдау уақытын 12-15 күнге азайтуға болады. Бұл қазіргі бар бағыттардан әлдеқайда тиімді болады деген сөз. Oxford Economics-тің есептеуінше, дәліздің ашылуы жыл сайын компанияларға логистика тұрғысынан 20-30 млрд доллар үнемдеуге мүмкіндік береді. Осылайша Зангезур дәлізі көптеген мемлекетті, Қытай мен Еуропаны қызықтырып отыр.
Байланыс және сараптама орталығының мәліметінше, Зангезур дәлізінің ашылуы Әзербайжанға үлкен мүмкіндік болмақ. Баку бір жылда экспорт көлемін 700 млн долларға арттыра алмақ. Баку бұл бағытты энергия көздерін тасымалдау үшін де қолданбақ. Әзербайжан мен Еуропа газ жөнінде келісім жасасты. Келісім бойынша Баку 2023 жылы Еуропаға 12 млрд куб метр газ жеткізді. Ал 2027 жылға дейін бұл көрсеткішті 20 млрдқа арттыруы тиіс. ЕО-мен жасалған келісімшартта солай жазылған.
Қазақстан Әзербайжан бағыты арқылы көбірек мұнай тасымалдауға ниетті. 2022 жылы Ресей аумағы арқылы өтетін КТК құбырында 4 мәрте мәселе туындады. Құбырда жөндеу жұмыстары көбейіп, оқыс оқиғалар саны күрт артты. Қазақстан мұнайды басқа бағыттар арқылы да тасымалдауды арттыру жолдарын іздеді. Сол бағыттардың бірі Транскаспий бағыты болатын. 2022 жылдан бері Қазақстан Әзербайжан арқылы мұнай тасымалдауды 6 есеге ұлғайтты.
ЕО елдері Ресейдің газынан бас тартып, орнына балама іздеуде. Еуропа Әзербайжан және Түркіменстаннан газ алуға, ал Қазақстаннан мұнай алуға мүдделі екенін айтты. Бұл Зангезур дәлізінің маңызын арттыра түспек. Себебі энергия көздерін тасымалдау тек құбыр арқылы емес, жүк көліктері арқылы да дайын өнім күйінде ұсынылмақ.
АҚШ Зангезур дәлізін жалға алу арқылы Армения мен Әзербайжанның аумақтық тұтастығына кепілдік бермек. Вашингтон Панама каналын жалға алу үлгісін Зангезур дәлізіне де қолдануға болады деп санайды.
Алайда Зангезур дәлізінің ашылуына түбегейлі қарсы тараптар да бар. Дәліз ашылса, Иранның транзиттік потенциалы 30 пайызға азаймақ. Түркия жыл сайын орта есеппен Иран аумағы арқылы 45 мың жүк көлігін Орталық Азияға жібереді. Алайда дәліз ашылған сәтте, бұл көрсеткіш еселеп азаймақ. Сонымен қатар, Ресейдің Еуропаға сататын энергия көздері азайып, 10 жылда 30 млрд доллар жоғалтпақ. Дәліз ашылған сәтте, Кремльдің Кавказдағы ықпалы да азая түседі.
Сарапшылар дәліздің ашылуы түркі мемлекеттерінің арасындағы әріптестікті де арттыратынын айтуда. Мәскеу бұл мәселеге үлкен алаңдаушылықпен қарап отыр.
Mezgil.kz