Путиннің ессіздігі - Ресейді өңірлік ықпалдан айырып, экономикасын құрдымға кетіруде...

Жаһандық белді басылым – «The Washington Post» Кремльдің стратегиялық көрсоқырлығы, Украинадағы соғыстың қиратушы салдары және соғыстың Батыспен ұзаққа созылған қақтығысқа айналуы туралы көсіле жазылған мақаласын жариялады.

1753095795602320.jpg

Аталған мақалада «неліктен Путин Трамптың бейбіт ұсыныстарын қабылдамады?» деген сауалдың төңірегінен өрбітіп, «Одақтастары мен халықаралық ықпалын жоғалтаса да, соғысты жалғастыра беретіндігін» жан-жақты ашып көрсетті.

ПУТИН ЫҚПАЛЫН ЖОҒАЛТҚАНЫНА ҚАРАМАСТАН, УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫСТЫ ЖАЛҒАСТЫРУДА

Сарапшылардың пікірінше, Владимир Путиннің Украина бойынша ымыраға келуден бас тартуы – Ресейді өңірлік ықпалынан айыратын, пайдалы энергетикалық нарықтардан шетқақпайлап, әлемдік тәртіптен аулақтататын үлкен қателік болып табылады.

Ресей президенті Владимир Путиннің президент Дональд Трамптың бейбіт бастамаларына тоң теріс қарауы һәм Украина қалаларына шабуылдарды өршелене жалғастыруы соғыстың аяқталуына және Мәскеудің Батыспен қарым-қатынасының қалпына келуіне деген үміттің күлін көкке ұшырды. Путин бейбітшілікті қалайды деген Батыс сарапшылары да, саясаткерлері саусақпен санарлық азшылыққа айналды.

Батыстық сарапшылар Путиннің ымырадан бас тартуын – стратегиялық қателік деп санайды. Оның бұл қадамы Ресейді халықаралық ықпалынан да, энергия ресурстарын өткізу нарықтарынан да, сыртқы саяси одақтастарынан да айыратын соқпаққа айналды.

Ресейдің Таяу Шығыстағы басты одақтастары – Иран мен Сирия әлсіреп, ал Қапқаз пен Орталық Азиядағы дәстүрлі серіктестері ат бастарын кері бұруда. Ресей үшін қару-жарақтың негізгі жеткізушісі енді – әлемдік көже-қатықтан мүлдем қағылған мемлекет – Солтүстік Корея болып табылады.

Ақылға қонымды мәміледен бас тартқан Путиннің бірбеткейлігіне күйінген Трамп дүйсенбі күні Украинаға көмектесуге уәде берді. Ол сондай-ақ Ресей мен оның сауда серіктестеріне қарсы қатаң санкциялармен қорқытты.

Трамп Путинге деген бұрынғы көзқарастарынан айнып, Украина қалаларына Ресейдің шабуылдары жалғасып жатқанын ауызға алған сәттен бастап, Ресей пропогандистері АҚШ-тің бірінші ханымы Меланияға қарсы ақпараттық шабуылға шықты. Ресейдің мемлекеттік теледидарлары Мелания ханымның жалаңаш және жартылай жалаңаш фотосуреттерін көрсетіп қана қоймай, Мелания украиндық агент деген мемдер таратуда. Ресей телеэфирі соңғы апталарда Трампқа қатысты сын айтпаса, ішкен астары бойларына тармайтын болды десек те болады.

ПУТИННІҢ ОРЫНДАЛМАҒАН АРМАНЫ...

Сарапшылар НАТО-ның кеңеюіне қатысты алаңдаушылықтан басқа, Путиннің Украинадан Беларусь сияқты бағынышты сателлитке айналмағаны үшін «кек алуға» ұмтылысы бар екенін айтады. «Бұл ақылға сыймайтын, тіпті фанатизм. Бірақ Путин бұл соғыстан бас тарта алмайды», - дейді сарапшылар.

Осы жазда да Ресей ұрыс алаңында тасбақаша баяу алға жылжуда, бірақ Путин жоспарлаған жылдам жеңіс ешуақытта болған жоқ. Керісінше, Еуропалық одақпен қарым-қатынас мүлдем бұзылды. НАТО құрамына Финляндия мен Швеция кіріп, альянс нығайып, ЕО елдері әскери шығыстарды ЖІӨ-нің 5% -ына дейін арттыруға келісті.

Сонымен қатар құдай қосқан көршілері - Қазақстанмен, Армениямен және Әзірбайжанмен қарым-қатынас адам айтқысыз түрде нашарлады. Армения Ресей басшылық ететін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан шығу мүмкін екенін жарияласа, Әзірбайжан желтоқсан айында Ресей әскері әзірбайжандық азаматтық ұшақты атып түсіріп, 38 адамды өлтірген оқиға үшін жауапкершілікті өз мойнына алудан бас тартқанына наразы екенін  ашық айтуда.

Соғысқа дейін Путин Таяу Шығыстың барлық негізгі ойыншыларымен терезесі тең сөйлесе алатынын мақтан тұтатын еді. Енді ол ондағы одақтастарын да, позициясын да күн санап жоғалтуда. Украинамен соғысқа араласқан Ресей Сириядағы өзінің ең жақын одақтасы – Башар Асадтың билігін қорғап қала алмады. Одан кейін тағы бір негізгі серіктесі – Иран өткен айда АҚШ пен Израильдің ауқымды әуе соққысынан зардап шекті. Ресей тек қол қусырып қарап қана отырды.

ЭКОНОМИКА ҚҰРДЫМҒА КЕТТІ

Соғыс Ресей экономикасын Қытайға басыбайлы тәуелді етті. Басқыншылыққа дейін, 2021 жылы Ресей мұнайдың 49%-ын және газдың 74%-ын Еуропаға экспорттаған еді. Енді санкциялар мен импорттың қысқаруына байланысты Мәскеу энерготасымалдаушылардың басым бөлігін Қытай мен Үндістанға арзандатылған бағамен сата бастады.

Серіктестер мен ықпалды орта іздеп шарық ұрған Путин Жаһандық Оңтүстік елдерімен қарым-қатынасты жақсартуға ұмтылағанымен, олардың басым көпшілігі батыстағы негізгі сауда серіктестерін Ресеймен алмастырғысы жоқ.

Амалы құрыған Ресей тіпті Ауғанстандағы «Талибан» режимін ресми мойындап, айды аспанға шығарды. Алайда сауда мүмкіндіктерінің тарылуы, экономиканың әскери өндіріске бағдарлануы және әскери зейнетақылар бойынша алдағы туындайтын жүктеме ұзақ мерзімді әл-қуаттылыққа қисапсыз қауіп төндіреді.

Қазір Ресей бюджетінің 40%-ға жуығы қорғаныс пен қауіпсіздікке жұмсалып жатқан жайы бар. Re: Russia талдау орталығының дерегіне сәйкес, жылдың бірінші жартысында ғана әскери сыйақылар, төлемдер, өтемақылар мен жалақыларға жұмсалатын шығыстар 25 миллиард долларды құраған. Жылдық көрсеткіште олар Ресей ЖІӨ-сінің 2%-на жетіп жығылуы мүмкін.

Өткен айда Санкт-Петербургтегі SPIEF-те ресейлік ресми тұлғалар әскери шығындар мен батыстың санкциялары экономиканы рецессияға итермелеп, экономикалық құрдымға ұрындырады, деп  мойындаған болатын.

Дегенмен, Путин айылын жимай: орыс және украиндар – «бір халық» және «бұл тұрғыда бүкіл Украина – біздікі» деп сөйледі. Зал мәз бола күліп, қол шапалақтап жатқанда, ол асқан байыптылықпен: «Бізде – бұл мақал емес, ескі ереже – орыс солдатының аяғы басатын жерде біздің жеріміз де саналады», - деп көсемси сөйледі.

ӘУЕЛІ УКРАИНА ЕДІ. ЕНДІ БҮКІЛ БАТЫС...

Путиннің Трамптың талабына көнуден бас тартуы ұзаққа созылған қақтығысқа себеп болды һәм өзіне шын берілген күш құрылымдары арасында АҚШ әрқашан қас дұшпан болып қала береді деген сенімді әбден нығайтты. Трамп Путинге қатал көзқарас танытқаннан кейін, ресейлік сарапшылар қайтадан соғысты Ресейдің Батыспен мессиялық күресі ретінде асқан шеберлікпен боямалап көрсете бастады.

Кеннан институтының аға кеңесшісі, ресейлік сарапшы Максим Трудолюбов: «Путиннің Украинадағы тұмсығы тасқа соғылған жеңілісін немесе жіберген қателіктерін мойындаудан бас тартуы – жергілікті шиеленісті Шығыс пен Батыстың арасындағы алпауыт соғысқа айналдырды. Бұл соғыстың аяқталу мүмкіндігін қиындатты»,- деп есептейді.

«Сондықтан да бұл жеңіліс оның Батыспен күрес, АҚШ-пен күресінің жалпы көрінісінің бір бөлігі болып табылады. Бастапқыда Путин ұстанған шектелген мақсат – қорамадағы торпағым деп санаған Украинаның батыстық бағдарын тоқтату енді жерде өз аясын мүлдем кеңейтіп, жаһандық миссияға айналды. Әйтпесе оның мінез-құлқын түсіндіру мүлдем қиын», - деді ол.

Демократияны демонтаждау, басқаша пікірлерді басып жаншу және оппозиционерлердің көзін құртып, түрмеге тоғытуын, адами һәм экономикалық шығындарды шыбын шаққан құрлы көрмейтінін ескерсек, Путин Батыс басшыларына саяси тұрғыдан билікте бір күн тұруына жол берілмейтін тұлға болып табылады.

Цензура мен қуғын-сүргін күшейген кезде төбе көрсететін ұлтшыл радикалдар тіпті демократия мен батыс құндылықтары туралы ресми түрде айтудан бас тартуды талап етеді. Кремльге адал «Царьград» телеарнасы ұйымдастырған «Ресей-2050» конференциясындағы бағдарламалық баяндамада «Украинадағы соғыс – АҚШ-тың жаһандық көшбасшылығын тоқтататын және әлемдік соғыстар мен қатаң бәсекелестік ғаламдық үстемдік дәуірінің шымылдығын айқара ашатын кезең», - деп жариялады. Тап осы баяндамада: «Ресейде автократия болуы тиіс», - делінген.

Түйін: Украинадағы сәтсіздік ресейлік стратегияда тамыры тереңге кеткен  кемшіліктердің бар екенін дәлелдеді. Соғысқа дейін, яғни, 2014 жылға дейін Ресейдің Украинадағы ықпалы бүгінгіден әлдеқайда зор болды. Күш қолданудың салдарынан Ресейдің Еуразиядағы ұстанымы әлсірегеннің үстіне әлсірей түсуде. ТМД-дағы Беларустан басқа ешбір ел өз егемендігін соғыссыз Ресейге құлдық ұра бергісі келмейді.

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар