Ресей билігі шетелдік мессенджерлерді бұғаттап, отандық мессенджерді іске қосуды ойластыруда. Мәскеу ақпарат алаңындағы бақылауды күшейтуде. Алдағы уақытта ТМД аймағындағы ең танымал WhatsApp желісінің жұмысы Ресейде шектелуі мүмкін.
18-шілдеде Ресей МемДумасының ақпарат комитетінің төраға орынбасары Антон Горелкин шетелдік мессенджерлер жұмысына шектеу қойылатынын меңзеді. Ол WhatsApp желісіне отандық балама табылғанын да айтты.
Горелкин 2019 жылы Ресей Думасына шетелдік мессенджерлерді шектеу туралы заңын ұсынған болатын. Алайда оның ұсынысы толық қолдау таппады. Қазіргі сәтте Ресейде WhatsApp желісін 100 млнға жуық адам қолданады. Бұл туралы Mediascope компаниясы өз зерттеуінде көрсетті.
2022 жылы Тверь қаласының соты Бас прокуратураның арызы бойынша Meta компаниясын «экстремистік ұйым» деп танып, оның Ресейдегі қызметіне тыйым салды. Meta компаниясы Instagram, Facebook және WhatsApp желілеріне иелік етеді. Қазіргі сәтте Ресейде Instagram, Facebook-тың жұмысы біршама шектелген, ал WhatsApp желісі еш кедергісіз істеп тұр.
Ресей шетелдік мессенджерлердің жұмысын шектеп, отандық Max желісін іске қосуы мүмкін. Желі 2025 жылдың наурыз айында іске қосылып, сынақтан өтті. Желі бірнеше шетелдік мессенджердің қосындысы деуге болады. Онда телеграмның да, Instagram-ның да, WhatsApp-тың да элементтері бар. Жаңа желіні VK мамандары жасауда.
2017 жылы VK мамандары «ТамТам» атты әлеуметтік желі және мессенджерді жасап шығуға тырысты. Алайда желі танымал мессенджерлермен бәсекеге түсе алмады. Қолданушылар саны тым аз болып, көпшілікті қызықтыра алмады.
Сарапшылар Ресей билігінің әрекетін Қытайдың әрекетімен салыстырып, жаңа желіні «ресейлік WeChat» деп атауда. Мессенджерде тек қана ақпарат алмаспай, сонымен бірге мемлекеттік қызмет түрлерін де алуға болады.
Max мессенджері «Коммуникационная платформа» деп аталатын компанияға тиесілі. Ал ол компания, өз кезегінде VK-ға тиесілі, ал VK-ның «Газпроммен» тікелей байланысы бар. Осылайша Ресейдегі отандық мессенджерлер тікелей Ресей билігінің бақылауында болмақ.
2025 жылдың, 10-маусымында Ресей отандық мессенджерлерді дамыту туралы заң қабылдады. Ал маусымның басында Ресейде мемлекеттік қызметкерлер, банк операторларына шетелдік мессенджерлерді қолдану арқылы ақпарат алмасуға тыйым салынды.
Ресейлік мессенджерлерді ресейлік блогерлер жарнамалап, түрлі акциялар ұйымдастырып, қолданушылар санын арттыруға тырысуда. Мысалы Ресей аудиториясына танымал Инстасамка, Денис Дорохов, Валя Карнавал іспеттес блогерлер ресейлік мессенджерлерді жарнамалауға қосылған.
Сарапшылар Ресей билігі соғыстың экономикаға салдары артып, шығынның көбеюіне байланысты шетелдік мессенджерлерді бұғаттап немесе жұмысын шектеп, отандық мессенджерді іске қосуға дайындалып жатқанын айтуда.
Mezgil.kz