«Орыс тілі – барлық ұлттың ана тілі»: Мәскеу аз ұлттардың тілін жоймақ!

Орталық Мәскеу һәм Кремль идеологиясы қазір Ресейдің этникалық субьектілеріне қарсы түп-тамырынан айыру процессін өте-мөте белсенді жүргізуде.

1753180858386834.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

Бұл әсіресе Қазан төңкерісіне дейін араб жазуымен өз ұлттық әліпбилерін өмірге келтіре алған қос ұлт – татар мен башқұрттардың наразылығын және қарсылығын тудыруда. Енді егжей-тегжейлі жазайық:

КРЕМЛЬ ИДЕОЛОГИЯСЫ: ҰЛТТАРДЫҢ АНА ТІЛДЕРІН ЖОЮ САЯСАТЫН ЖҮРГІЗУДЕ

Биыл Орталық Мәскеу сұрапыл бір саяси-идеологиялық шешім қабылдады. Ресей Федерациясының құрамындағы этникалық субьектілерде енді 1 сыныптан бастап ана тілдерін оқыту уақыты қысқартылады. Шешім биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енеді.

Нақтылап айтқанда: Этникалық аз ұлттар тілі енді бірінші сыныптарға аптасына тек 1 рет оқытылады. Бұрын бұл норма ең кемі 2 сағат болатын. Бастама авторы – РФ Білім министрлігі.

Бұл өз кезегінде Ресейдегі этникалық субьектілердің наразылығы мен қарсылығын оятты. Солардың бірсыпырасын сөз етейік...

1753180409270932.png

(Сурет: regions.ru)

САХАЛАР: ОРЫС ТІЛІН БАРЛЫҚ ҰЛТТЫҢ «АНА ТІЛІ» ЕТПЕК!

«Саха Конгресс» деген қоғамдық ұйым бар. Оның төрағасы Иван Шамаев Мәскеудің ұлттар тілін оқытуды шектеу туралы шешіміне наразылық білдіріп: «Бұл бұйрықтың соңы неге әкеліп соқтыратынын бәріміз болжап біліп отырмыз. Біз туған тілімізден айырыламыз. Сол үшін де біз орыс тілін Ресейде тұратын барлық ұлттардың, адамдардың үшін «ана тіліне» айналдырғысы келетін Елена Ямпольскаяның саясатына қарсы тұра бастадық. Біз ұлттық республикалар, күресуіміз керек! Біз бұған қарсы тұруымыз керек», - деп мәлімдеді.

1753180519380714.png

(Сурет: tatarstan.ru)

ТАТАРСТАН МӘСКЕУГЕ НАРАЗЫ: ТАТАР ТІЛІ ЖОЙЫЛЫП КЕТУ АЛДЫНДА ТҰР!

Татарстан Республикасы Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік кеңес депутаты Рқаил Зайдулла: «Ана тілі» пәнін «Ресей халқының тілі» деп өзгерту мен ана тілінің сағатын қысқарту – өте қорқынышты бастама. Бұл ұлттардың ана тілдерін өлтіруге бағытталған», - деді ашына сөйлеп.

Статистикаға көз салсақ: Ресей құрамындағы Татарстанда соңғы халық санағы бойынша 600 мыңға жуық татар жойылған. Ал 1 миллионға жуық татар өз ана тілінен бас тартқан.

«Егер татар тілін мектепте оқытуды азайту деген бастамаға біз бүгін қарсы шықпасақ, өре-түрегеліп қарсыласпасақ, онда ақырында татар тілі түпкілікті жойылып кетеді. Мәскеудің шешімі – орыс тілінен басқа барлық тілдерге балта шабу деп аталады. Олардың не ойлайтыны түсініксіз. Егер барлық тілдер жойылса, онда Ресейде өмір тамаша болып кете ме? Әлде біз экономикалық гүлденуге қол жеткізе аламыз ба? Бұл ақымақтық», - деді Зайдулла.

Ол өзінің әжесі орыс тілін білмей жүріп-ақ, Екінші жаһан соғысы кезінде окоп қазып, елге қызмет еткенін мысал ретінде айтты. Сондай-ақ, Рқаил Зайдулла әлгі даулы бастаманы көтерген Ямпольскаяның «телеграм» парақшасында: «Егер орыс тілі – ұлттардың ана тілі болмаса, онда Ресей де оларға Отан емес», - деп жазғанына ашуланды.

1753180683188891.png

(Сурет: bashkiria.ru)

БАШҚҰРТ ЖАСТАРЫ: БІЗ ОРЫС ЕМЕСПІЗ!

Егер Саха-Якутия мен Татарстанның есті жұрты Мәскеудің ана тілге қарсы жорығына қарсылық білдіріп, бас көтеріп жатса, Башқұрт жастары да: «Біз орыс емеспіз!» деп бас көтеруде.

Жуырда Ресей құрамындағы субьектілердің бірі саналатын Башқұртстанда «Асылташ» деп аталатын жастар форумы өткен. Бұл Башқұртстан Республикасы басшысының гранттары есебінен өткізілген, мемлекеттік саясатты қолдауға арналған шара.

Десе де, форумға қатысушыларға арналған шараға «Я русский» әні қосылғаннан кейін, аталған жиын жанжалға айналды. Қатысушылардың айтуынша, башқұрт тілі бағдарламадан алынып тасталып, тіпті республиканың әнұраны орыс тілінде ғана орындалған. Форумға қатысушыларға «Я русский» әнін мәжбүрлеп орындатпақ болған.

Башқұрт белсендісі Руслан Ғаббасов: «Росмолодеж және Башқұртстан билігі ұйымдастырған «Асылташ» форумында шенеуніктер башқұрт тілінде сөз сөйлеуге және ән айтуға тыйым салған. Башқұртстан әнұраны тек орыс тілінде шырқалды. Башқұрт жастарына «Я русский» әнін қосып, оларға аталған әнді орындатқысы келді. Башқұрттар өздерінің сүйікті әндерін башқұрт тілінде айта бастағанда, оларға тыйым салынып, қуып таратты», - дейді.

Башқұртстанда болған бұл жағдай – мәдени шарадан гөрі, патриоттық шоқпарды еске түсіреді.

Түйін: Осылайша, Кремль идеологтары Ресей құрамындағы субьектілерді жаппай орыстандыру науқанына қызу кірісіп кеткенін көріп отырмыз. Кремль билігі осының алдында: «Ресейде бір ғана президент болуы керек», - деп бастама көтеріп, субьектілер басшыларын «президент» статусынан айырған. Онан соң, этникалық аз ұлттардың ана тілдерін мектепте оқытуды шектеді. Бастауыш сыныптарға аптасына 2 сағат оқытылатын. Ал орта және жоғарғы сыныптарға этника тілдері оқытылмайтын. Бұдан бөлек, аймақ-аймақтарда этникалық ұлттар тілінде білім беретін мектептерді жаппай жаба бастады немесе аралас және орыс тілді мектептерге айналдырды.

Енді міне, этника тілін 1 сыныптарға ғана аптасына 1 мәрте оқыту және «Ана тілі» пәнін «Ресей халқының тілі» деп өзгертпек. Бұған әлбетте, бас көтеруге қауқарлы этникалық субьектілер келіспейді. Қарсы күреске шығады. Қазірдің өзінде Татарстанның аймақтық парламенті РФ Президентіне, Мемлекеттік Дума мен Үкіметке арнайы талап-арыз дайындап жолдайтынын мәлімдеді.

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар