Ас таппай ажал құшуда: Газада аштық басталды!

Газаның Денсаулық сақтау министрлігі дабыл қағуда. ХАМАС-қа бағынышты орган Газада жаппай аштық басталғанын айтты. Соңғы екі күнде 33 адамның аштықтан көз жұмғанын, олардың 12-сі бала екенін мәлімдеді. Ал Израиль тарапы гуманитарлық көмекті жеткізуге кедергі келтірмегенін, соңғы уақытта 2 мың тонна балаларға арналған тағам түрлері Газаға жеткізілгенін айтуда.


food-distribution-al-shaboura-camp.jpg

 

Газадағы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше 2023 жылдан бері Газада аштықтан 101 адам көз жұмған. Олардың 80-ні балалар. Ал ересектердің көз жұмған фактісі соңғы екі күнде тіркелген. Израиль билігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, «ХАМАС-тың кезекті өтірігі» деді. Израильдің ойынша ХАМАС жалған ақпарат тарату арқылы Израильді халықаралық қылмыскер етіп сипаттап, Нетаньяху билігіне халықаралық қауымдастықтың қысымы артқанын қалайды.

 

ВВС басылымына пікір білдірген Газадағы Шифа ауруханасының дәрігері Мұхаммед Абу Сальмияның сөзінше тамақ жетіспеу салдарынан соңғы үш тәулікте 21 бала көз жұмған. Оның сөзінше Газадағы 900 мыңға жуық бала ашқұрсақ жүр.

 

Израиль Газа секторында гуманитарлық жүкті жеткізу орталықтарын ашқан. Нетаньяху билігі ХАМАС-тың гуманитарлық жүкті ұрлап, тонап, халыққа таратпайтынын айтты. Израиль «Газада азық-түлік тапшылығы бар болса, оның басты себебі тек қана ХАМАС» дейді. Газа аумағындағы азаматтық мәселелермен айналысатын израильдік COGAT бөлімі Газаға 2 мың тонна балалар өнімін кіргіздік деп отыр.

 

COGAT өзінің X желісіндегі парақшасында былай деп жазды: «Біз әлемдік қауымдастық өз әрекетін бізбен келісіп іске асырсын дейміз. Бұл балаларға арналған тамақты кедергісіз, кешіктірмей кіргізуге мүмкіндік береді. Біз Газадағы қарапайым халыққа гуманитарлық көмекті беруді жалғастырамыз, алайда ХАМАС-қа гуманитарлық көмек көрсетілмейді», - деді.

 

Agence France Presse басылымы Газадағы тілшілеріне тамақ жетпей, аштыққа тап болғанын айтты. 2024 жылы AFP Газадағы штаттық 8 тілшісін және олардың отбасы мүшелерін эвакуациялаған болатын. Енді басылым Газадағы штаттан тыс тілшілерін аймақтан эвакуациялаудың жолын іздестіруде.

 

Палестиндік ұйымдар Gaza Humanitarian Foundation (GHF) ұйымының тамақ тарату жүйесін айыптауда. Аталған жүйені АҚШ-тың жеке компаниялары мен Израиль бірлесе құрды. Палестина тарапы тамақ тарату барысында GHF орталықтарында атыс болып, оқ атылып, адамдардың көз жұмғанын айтуда. АҚШ компаниялары тамақ тарату барысында адамдар бір-бірін итеріп, таптап тастаған жайттардың кездескенін айтты және «халықты тыныштандыру үшін әуеге оқ аттық» дейді. Израиль тарапы болса GHF орталықтарына тамақ алуға келген халықты ХАМАС қасақана атып, арандататынын айтуда.

 

БҰҰ-ның Адам құқығы бюросы 27-мамырдан бері GHF орталықтарында 1054 адамның көз жұмғанын айтты. Олардың көбі тапталып, мерт болған. Оққа ұшқандары да бар. Газадағы жағдай күрт ушыққан сәтте, ЕО елдері Израиль мен ХАМАС-ты дереу ұрыс қимылдарын тоқтатуға шақыруда.


Mezgil.kz



Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар