Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен 30 тамыз-3 қыркүйек аралығында Қытай Халық Республикасына барады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

(Сурет: Ақорданың баспасөз қызметінен алынды)
ТОҚАЕВТЫҢ ҚЫТАЙ САПАРЫ: ҚАНДАЙ ШАРАЛАР ӨТЕДІ?
Сапар аясында өтетін жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында қазақ-қытай мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігін нығайту перспективасы талқыланады.
31 тамыз – 1 қыркүйек күндері Қазақстан Президенті Тяньцзинь қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және «ШЫҰ плюс» жиынына қатысады.
2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Бейжіңге барып, онда Қазақстан – ҚХР Іскерлік кеңесінде сөз сөйлеп, Қытайдың ірі компания жетекшілерімен бірқатар кездесу өткізеді.
3 қыркүйек күні Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға мәртебелі мейман ретінде қатысады.
ШЫҰ САММИТІ: ГЕОСАЯСАТ. ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ЭКОНОМИКА
ШЫҰ саммиті Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтеді. Биылғы жиынның басты тақырыптары — геосаясат, қауіпсіздік және экономикалық ынтымақтастық.
Қытай Сыртқы істер министрі Уаң Идің сөзінше, саммитке 20-дан астам елдің басшылары және 10 халықаралық ұйымның жетекшілері қатысады. Бейжің бұл шара арқылы өңірлік қауіпсіздік пен даму архитектурасын қайта қарастырып, ШЫҰ-ны тек декларациямен шектелмейтін, нақты келісімдер мен іс-қимылдарға бағдарланған прагматикалық платформаға айналдыруға ниетті.
«SILK WAY STAR» ЖОБАСЫ – ЖІБЕК ЖОЛЫ ЖҰЛДЫЗЫ...
Саммитке дайындық ретінде Бейжіңде 2025 жылғы ШЫҰ гуманитарлық алмасу форумы өтті. Сол форум аясында халықаралық музыкалық шоу «Silk Way Star» ресми түрде бастау алды.
Жоба Қазақстан Президенті Телерадиокомплексінің және Қытайдың CMG медиакорпорациясының бірлескен жұмысы болып табылады. Форум барысында заманауи медиа технологиялар — жасанды интеллект, ірі деректер мен мультимедиялық форматтар — қазіргі коммуникациядағы рөлі талқыланып, «Silk Way Star» жобасының халықаралық медиаалаңы ретіндегі маңыздылығы көрсетілді.
«Silk Way Star» жобасы 12 елдің таланттарын біріктіріп, халықаралық деңгейде таныстырады: Әзірбайжан, Армения, Грузия, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Корея.
Алғашқы маусым шоуы Қытайдың CCTV-3 телеарнасында көрсетілсе, гранд-финал 22 қарашада «Jibek Joly / Silk Way» телеарнасында және қатысушы елдердің негізгі арналарында тікелей эфирде көрсетіледі. Қазақстан Президенті Телерадиокомплексінің директоры Раушан Кажибаева жобаны «мәдени бірліктің жаңа алаңы» деп сипаттап, ол сенім мен ынтымақтастық көпірін құратынын атап өтті. CMG басшысы Шэнь Хайсюн шоудың халықаралық деңгейде көрсетілетінін және жобаны ары қарай дамытуға ниетті екенін растады.
«Silk Way Star» тек музыкалық шоу емес — бұл ШЫҰ елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың айқын көрінісі. Жоба миллиондаған көрерменді біріктіріп, аймақтық медиа саланың біртұтас кеңістігін қалыптастырады. Сол арқылы саммит аясында өңірлік байланыстар нығаяды, ал қауіпсіздік пен экономикалық диалог мәдени және медиа алаң арқылы дамытудың нақты үлгісі ретінде көрінеді.
Mezgil.kz