BBC басылымы Рамзан Қадыровтың әулетіне қатысты үлкен сараптамалық материал жариялады. Материалда Қадыров әулетінің ықпалы, Шешенстанды басқарудағы Қадыровтың туыстарының лауазымы жайлы жазылған.

27-маусымда Қадыровтың ұлы Адам үйленді. Ол үйлену тойын Ахмат-Юрт ауылында жасады. Ауылға кіріп-шығу уақытша жабылып, тек арнайы қонақтар ғана үйлену тойдың куәсі болды. Адам Қадыров тойға арнайы тапсырыспен жасалған Mercedes-Benz G-Class көлігімен келді. Көліктің құны 190 мың доллар тұрады. Тойдағы тараған суреттердің бірінде Қадыровтың ұлы құны 2 млн доллар тұратын сағат таққанын көруге болады. Мамандар аталған сағатты да арнайы тапсырыспен жасатқанын айтты.
2012 жылы Рамзан Қадыров үйлену тойында тапаншадан әуеге оқ атуға тыйым салған еді. Ол: «Бұрын бізде үйлену тойларында тапаншадан әуеге оқ ататын. Әсіресе үйлену тойының кортежімен жүрген сәтте сол көрініс жиі қайталанатын. Алайда енді біз бұл әрекетке қатаң тыйым салудамыз», - деді Қадыров. Бірақ Адам Қадыров үйлену тойында тапаншадан әуеге оқ атқан видеосы тарады.
Ақпарат көздері Рамзан Қадыровтың ұлы Адам Делімхановтың қызын алғанын айтуда. Үйлену тойы сәтінде Адам Делімхановтың қызы әлі кәмелеттік жасқа толмаған еді. Осылайша Қадыров Шешенстандағы ең ықпалды әулеттің бірімен құда болды.
Үйлену тойының алдында Адам Қадыров Ресейдің президенті Владимир Путинмен кездесті. Сарапшылар Рамзан Қадыров бұл кездесудің өтуіне көп күш салғанын жазды.
Адам Қадыров Шешенстандағы ең көп айтылатын жан. Ол көптеген медаль, орден алып, сын мен мақтаудың арасында жүр. Сонымен бірге, бірнеше мәрте жария түрде күш көрсетіп, әлеуметтік желінің жұлдызына да айналды. Екі жыл бұрын Құранды өртеген Никита Журавельді соққыға жықты. Ұлының өзге адамды ұрып жатқан видеосын Рамзан Қадыровтың өзі жариялап, оның әрекетін ақтады. Қазір Адам Қадыров Шешенстанда Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметін атқарады.
Рамзан Қадыров туыстарын биліктің түрлі тармақтарына отырғызу арқылы, билігін күшейтуге тырысуда. Рамзанның үлкен ұлы Ахмат Қадыров 2024 жылы Дене шынықтыру және спорт министрі қызметіне тағайындалды. Сонымен бірге «Ахмат» футбол клубының басшысы тізгінін қолына алды.
Қадыровтың екінші ұлы Зелімхан «Ахмат» жекпе-жек клубының директоры. Сонымен бірге Шешенстанның Бокс федерациясының президенті. Зелімхан Шешенстандағы ықпалды әулеттің бірі саналатын Геремеевтердің қызын алған.
Рамзан Қадыровтың қызы Айшат Қадырова жастайынан зергерлікпен айналысатын компанияларды басқарды. Ол Firdaws сән үйін ашты. 21 жасынан бастап Қадыров Айшатты үлкен саясатқа араластыра бастады. Ол бастапқыда мәдениет министрінің орынбасары болды, артынша министр болып тағайындалды. 2023 жылы Қадыровтың қызы Шешенстан Үкіметінің төраға орынбасары қызметіне тағайындалып, бюджеттің басым бөлігін басқару мүмкіндігіне ие болды. Айшат Қадырова Шешенстандағы ұстаздар мен жазушыларға сыйақы тарату жүйесін бекітті. Украинадағы басқыншылық соғыста қаза тапқандардың балаларына 10 мың рубльден таратуды тапсырды.
Ресми ақпарат көздері Рамзан Қадыровтың 14 баласы барын айтады. Олардың жетеуі кәмелеттік жасқа толмағандар. Алты баласы Шешенстандағы саяси өмірге белсенді түрде араласуда. Рамзанның үлкен қызы, 25 жастағы Хадижат Қадырова Шешенстан президенті әкімшілігінің басшы орынбасары қызметінде отыр.
Қадыров туыстары мен күйеу балаларын да жайлы орынға жайғастырған. Мысалы Айшаттың күйеуі Висхан Мацуев Ауыл шаруашылығы министрі, ал Хадижаттың күйеуі Адам Алханов Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарады. Қадыровтың төртінші қызы Табариктің күйеуі Рамзан Висмурадов Жастар ісі бойынша министрлікті басқарады. Сарапшылар Қадыровқа қатысы бар туыстарының 80-ге жуығы биліктің түрлі тармақтарында қызмет ететінін айтуда.
Mezgil.kz