Путиннің соғысы: Ресейде көлік өндірісі неге құлдырауда?

Ресейде жаңа автокөліктердің саудасы соңғы үш жылда үш есеге азайған. Бұл туралы сарапшылар айтуда. Ресейдің Индустрия және сауда министрі Антон Алиханов 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ресейде жаңа автокөліктердің сатылуы өткен жылмен салыстырғанда 25–30%-ға дейін төмендейтінін мәлімдеді. Ол бұл туралы 3–6 қыркүйек аралығында Владивостокта өткен Шығыс экономикалық форумы (ШЭФ) аясында РИА «Новости» агенттігіне берген сұхбатында айтқан.


Саморегулируемая утилизация — Авторевю

 

Ресейдегі көлік саудасының құлдырауы соғыс салдарынан туындаған экономикалық қиындықтармен тікелей байланысты дейді мамандар. Министр Алиханов былай дейді: «Маусым айында біз жаңа көліктердің саудасы азаятынын болжаған едік. Мемлекеттің қолдауынан кейін, ол құлдырау 25–30%-дан аспайды деп ойлаймыз». Дегенмен ресейлік министр жағдайдың әлі де өзгеруі мүмкін екенін айтты. Жыл соңына дейін базалық мөлшерлеме өзгерсе немесе мұнай-газ саласында құлдырау болса, онда жағдай оң немесе теріс динамикаға өзгеруі ықтимал.

 

Индустрия және сауда министрлігі 2025 жылдың қаңтар-тамыз аралығында 877,6 мың көлік сатылғанын айтты. Бұл өткен жылдың осы аралығында сатылған көліктермен салыстырғанда 25%-ға аз деген сөз. Бұл санатқа жеңіл көліктер, жүк көліктері мен автобустар кіреді.

 

Министр Алиханов Ресейлік зауыттардың көлік шығаруды азайтуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше көлік несиесіндегі пайыздың тым жоғары болуы, нарықтағы сұраныстың төмендігі көлікті аз шығаруға әсер етуде.

 

Көлік саласының сақа сарапшысы Алексей Мочалов Ресейдегі көлік өндірісі соңғы 10 жылда түрлі қиындыққа тап болғанын айтуда. Ол 2012 жылдан бастап ресейлік жаңа көліктерге деген сұраныстың үш есеге төмендегенін мәлімдеді.

 

Сарапшы былай дейді: «Жаңа көліктерді сатып алудың төмендеуі, ең алдымен базалық мөлшерлемеге байланысты болуда. 2024 жылы базалық мөлшерлеме 21%-ға көтерілді. Сарапшылар осыған байланысты 2025 жылы жаңа көліктерді сату 20–30%-ға азаятынын айтқан. Солай болып шықты да. Соғысқа дейін, яғни 2014 жылға дейін Ресейде жаңа көлікті сату қазіргі кезеңмен салыстырғанда екі есеге көп еді», - дейді маман.

 

Ресейде қазан айынан астам утильалым көлемі артады. Бұл бюджетті қосымша қаржымен толықтыру және отандық өндірісті қолдау шарасы саналады. Ресей билігі Украинадағы соғысқа қатысқандарға арнап арнайы автонесие дайындауда. Сонымен бірге лизингтік бағдарламалар да әзірленуде. Сарапшылар бұл шаралардың ресейлік автоөндіріске жан бітіреріне сенбейді.

 

Жаңа автокөліктерді сатудың төмендігін сарапшы  Алексей Мочалов келесі факторлармен түсіндіруде:

 

Біріншіден, базалық мөлшерлеме көтерілді. Сәйкесінше автонесие құны да артты. Халықтың жаңа көлік алуға қаржысы жетпей, ескі көліктерді алуға мәжбүр болуда. Ал утильалым 2024-2025 жылдары өсуде.

 

Екіншіден, көлік құны қымбаттап жатыр. 2022 жылы 2,29 млн рубль болған көліктер, 2024 жылы 3,35 млн рубльге жетті. Яғни, көлік құны екі жылда 46%-ға қымбаттаған деген сөз.

 

Үшіншіден, экономикадағы белгісіздік артуда. Қоғам санкцияларға байланысты экономиканың не боларын нақты бағамдай алмауда, сәйкесінше көлік алуға деген талпыныс та азайған.

 

Төртіншіден, Қытайдан арзан әрі комфорт санатындағы көліктер кіруде. Ресейлік сатып алушылар қытайлық көліктерге басымдық беруде.

 

Мамандар алдағы уақытта ресейлік автоөндіріс саласы тіпті құлдырайтынын болжауда. Ресей нарығына Қытай компаниялары кіруде. Бейжің мен Мәскеу бірнеше бірлескен жобаға қол қойды. Сәйкесінше Ресей аумағында Қытай көліктерін құрастыратын кешендер ашылуда.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар