Украинадағы соғыс жалғаса берген сайын майдан даласындағы қақтығыстармен қатар саяси ойындар мен геосаяси тәуекелдер де күшейіп келеді.

(Коллаж: Mezgil.kz)
СОҒЫСТАН ҚАЙТҚАНДАР СОЙҚАН САЛАДЫ
«Reuters» агенттігінің хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин қақтығыс аяқталғаннан кейін елге оралатын миллиондаған сарбаздан қауіптеніп отыр. Соғысқа шамамен 1,5 миллион ресейлік қатысқан болуы мүмкін, олардың ішінде бұрын сотталғандар да бар. Қақтығыс біткен соң бұл әскерилер психологиялық жарақаттарымен орыс қоғамына қайта араласады, ал бұл Кремль үшін үлкен сынаққа айналуы ықтимал.
Путиннің қорқынышы негізсіз емес. Кеңес Одағы Ауғанстаннан әскерін шығарған соң майдангерлер ұйымдасқан қылмыстың күшеюіне түрткі болған еді. Қазір Кремль дәл сондай жағдайдың қайталануына қатты алаңдайды. Соғыстағы сарбаздардың жаппай елге оралуы тек әлеуметтік қана емес, саяси тұрақтылыққа да қауіп төндіруі мүмкін.
ПУТИННІҢ БАСТЫ ҚОРҚЫНЫШЫ ҺӘМ ПРИГОЖИН БҮЛІГІ
Пригожин бүлігінің жаңғырығы әлі күнге ұмытылмағанын ескерсек, Путин әскери топтардың ықпалы артып кетуінен қорқады. Сондықтан билік соғысқа қатысушыларды бақылауда ұстаудың түрлі амалдарын қарастыруда: оларды аймақтық сайлауларға, тіпті Мемлекеттік думаға кандидат ретінде ұсыну жоспары талқыланып жатыр.
РЕСЕЙ ДОНБАСС ҮШІН 3 МИЛЛИОН АДАМДЫ ҚҰРБАН ЕТПЕК!
Осы тұста Украина президенті Владимир Зеленский де Мәскеудің түпкі мақсатын ашық айтты. Оның сөзінше, Путин 2025 жылдың соңына дейін Донбасты толық жаулап алуды көздеп отыр және бұл үшін 2-3 миллион адамын құрбан етуге дайын.
Украина барлауы да соны растайды: Ресей ай сайын шамамен 35 мың жаңа сарбазды әскерге қабылдап отыр. 1 қыркүйекке дейін 280 мыңдық резерв дайындалған. Әрбір келісімшартқа отырған жауынгерге Кремль 2 миллион рубль көлемінде бір реттік төлемақы ұсынып, майдандағы адам шығынын осылайша толықтыруда.
Зеленскийдің айтуынша, Украина үшін жеңіс – жерді жаулап алу емес, өмір сүру құқығын, тәуелсіздікті және ұлттық бірегейлікті сақтау. «Путин үшін жеңіс – Украинаны толық оккупациялау. Ал біз үшін жеңіс – өз еркіндігімізді қорғау», – деді ол. Сондай-ақ ол Дональд Трамптың соғысты тоқтатуға деген ниетін құптай отырып, бастысы – уақытша тыныштық емес, тұрақты әрі сенімді қауіпсіздік орнату екенін атап өтті.
РЕСЕЙ ДРОНДАРЫ НАТО АУМАҒЫНА КІРДІ. ЖАУАП ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?
Соғыс өрті тек Украина аумағымен шектеліп отырған жоқ. Түнде Ресей жаппай дрондар мен зымырандар арқылы Украинаның батысын атқылады. Алайда соғыс құралдарының бір бөлігі Польша аумағына өтіп кеткен. Польша әскері дереу әуеге F-16 және F-35 ұшақтарын көтеріп, бірнеше дронды атып түсірді. Осының салдарынан Польша аумағында дабыл жүйесі іске қосылып, төрт әуежайдың жұмысы уақытша тоқтады.
Бұл оқиға халықаралық деңгейде үлкен алаңдаушылық тудырды. АҚШ конгрессмені, республикашыл Джо Уилсон Ресейдің НАТО мүшесі Польшаға қарсы әрекетін «соғыс актісі» деп бағалап, Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар енгізу қажеттігін мәлімдеді.
ПОЛЬША НАТО-ҒА ЖҮГІНЕ МЕ?
Ал Польша премьері Туск аталған жағдай бойынша НАТО Жарғысының 4-бабына жүгінгісі келетінін айтты.
«4-бап - тереңірек ынтымақтастықтың алғышарттары. Бізге құры сөздер жеткіліксіз. Біз консультациялар кезінде әлдеқайда үлкен қолдауға сенеміз. Бұл біздің соғыс емес, бұл тек украиндықтардың соғысы емес, бұл Ресейдің бүкіл еркін әлемге қарсы жариялаған соғысы», - дейді премьер-министр Туск.
Қорытындылай келгенде, Украинадағы соғыс жаңа қарқын алып, тек екі мемлекеттің ғана емес, тұтас Еуропаның тағдырына әсер ете бастады. Кремль миллиондаған сарбаздың елге оралуынан қорқып, оларды бақылауда ұстаудың жолдарын іздеуде. Ал майдан даласында адам ресурсын үздіксіз толықтыра отырып, Путин Украинаны жаулап алу жоспарын жалғастыруда. Киев болса, өз тәуелсіздігі мен болашағы үшін күресіп отыр. Соғыс өрті әлі де өршіп тұр...
Mezgil.kz