ХАМАС-қа пана болар жер қалмады: Израильдің келесі нысанасы кім?

9 қыркүйек күні Израиль Қатар астанасы Дохада орналасқан ХАМАС штабына әуе соққысын жасады. Бұл оқиға тек Катар үшін ғана емес, бүкіл Таяу Шығыс аймағы үшін үлкен саяси дүмпу тудырып, халықаралық қауымдастықтың қатаң айыптауына ұшырады.

1757583492783522.jpg

Катар билігі Израильдің бұл қадамын өзінің «егемендігі мен аумақтық тұтастығына жасалған өрескел шабуыл» деп бағалап, «халықаралық құқық нормаларының бұзылғанын» мәлімдеді.

Елдің сыртқы саяси позициясы анық болды: мұндай әрекет жауапсыз қалмайды және бұл тек Катардың ғана емес, халықаралық тәртіптің де қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді.

ТРАМП КІМДІ ТАҢДАЙДЫ? ИЗРАИЛЬ МЕ, КАТАР МА?

АҚШ президенті Дональд Трамп та бұл мәселеге қатысты пікір білдірді. Ол «Truth Social» желісіндегі жазбасында Израильдің бұл шешімін қолдамағанын ашық айтты. Трамптың сөзіне қарағанда, Дохадағы соққы жөнінде ол тек америкалық әскерилер арқылы кейінірек хабардар болған. «Бұл шешімді премьер-министр Нетаньяху қабылдады, мен емес», – деп жазды ол. АҚШ басшысы оқиға жайлы білген сәтте арнайы өкілі Стив Уиткоффты катарлықтарды хабардар етуге жұмылдырғанын, бірақ соққыны тоқтатуға тым кеш болғанын жеткізді.

Трамп Катарды «сенімді одақтас» деп атап, қазіргі таңда Доханың бейбіт келіссөздер жүргізудегі еңбегін ерекше бағалады. Оның айтуынша, біржақты әскери шабуыл АҚШ-тың да мүдделеріне қайшы келеді. «Мұндай қадам Израильге де, Америкаға да пайда әкелмейді», – деген президент Трамп, ХАМАС-ты жоюды орынды мақсат деп бағалап, бірақ халықаралық заңдылық шеңберінде әрекет ету қажеттігін ескертті.

ИЗРАИЛЬ: КІМ ХАМАС-ТЫ ЖАСЫРСА, СОЛ ЕЛДІ СОҚҚЫЛАЙМЫЗ!

Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху керісінше, қатаң ескерту жасап, ХАМАС жетекшілерін немесе Израиль «жау» деп таныған топтарды қабылдайтын елдер келесі нысанаға айналуы мүмкін екенін айтты.

«Не оларды қуып жіберіңдер, не әділдікке тартыңдар… егер бұны жасамасаңдар, онда оны біз жасаймыз», – деді Нетаньяху. Бұл мәлімдеме аймақтағы басқа да елдерге тікелей саяси қысым ретінде қабылданды.

КАТАР АШУЛЫ: ИЗРАИЛЬДІҢ ШАБУЫЛЫ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ!

Катар билігі Израильді «қорқақ шабуыл жасады» деп айыптады. «Израиль премьер-министрі Нетаньяхудың «Қатарды террористерді жасырды» деп айыптаған сөзі негізсіз. Нетаньяху осылайша «қорқақтарша шабуылдады» және мемлекеттік егемендікті болашақта бұзу туралы ашық қауіп-қатерді ақтауға тырысты», - деп мәлімдеді Катар СІМ-і.

«Нетаньяху ХАМАС штабының Қатарда орналасқанын және Катардың АҚШ пен Израильдің өтініші бойынша жүргізілген арағайындық күш-жігерінің бір бөлігі екенін жақсы біледі. Сондай-ақ ол аталған кеңсенің тұтқындар алмасуы мен бірнеше атысты тоқтату келісімдеріне үлес қосқанын толық біледі», – делінген СІМ хабарламасында.

Соңында Доха билігі серіктестерімен бірге «Нетаньяхуды жауапқа тартуды қамтамасыз етуге және оның жауапсыз әрі бейқам әрекеттеріне нүкте қоюға» жұмыс істейтінін жеткізді.

ӘЛЕМ ИЗРАИЛЬДІ АЙЫПТАДЫ

Израильдің бұл әрекеті әлемнің көптеген мемлекеттерінде наразылық туғызды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери операцияны айыптап: «Қандай мақсат көзделсе де, мұндай әрекетке жол беруге болмайды. Бұл Қатар мемлекетінің егемендік құқығын бұзады және халықаралық құқық қағидаттарына қайшы келеді», – деп мәлімдеді.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Израильдің қадамын «аймақтық тұрақтылыққа төнген үлкен қатер» деп бағаласа, Араб Біріккен Әмірліктерінің сыртқы істер министрі Шейх Абдулла бин Зайд әл-Нахаян мұны «опасыз әрі заңсыз шабуыл» деп атап, Қатардың егемендігін толық қолдайтынын жеткізді. Сауд Арабиясы ресми мәлімдемесінде бұл қадамды «халықаралық нормаларға жасалған ауыр қиянат» деп көрсетті. Иран да Израильдің әрекетін «қылмыстық әрі экстремистік» деп атап, Қатардың территориялық тұтастығына қарсы бағытталғанын қатаң айыптады. Ал Ұлыбритания, Франция және Германия өкілдері «бұл әрекет өңірдегі жағдайды ушықтырады, дағдарысты тек дипломатиялық жолмен шешу қажет» деген ортақ ұстаным білдірді.

Осылайша, Дохадағы соққы тек әскери операция ғана емес, бүкіл халықаралық саясатты дүр сілкіндірген оқиғаға айналды. Бір жағынан, Израиль ХАМАС-қа қарсы күресті күшейтсе, екінші жағынан, мемлекеттердің егемендігі мен халықаралық құқық мәселесі өткір тұр. Катарды қолдаған аймақтық және батыстық елдердің бірауыздан қарсы шығуы бұл оқиғаның екі ел арасындағы қақтығыстан әлдеқайда кең ауқымды геосаяси дағдарысқа ұласқанын көрсетеді.

Израильдің «келесі нысана» туралы ескертуі Таяу Шығыстағы жаңа шиеленістердің хабаршысы іспетті. Ал әлемдік қауымдастықтың айыптау позициясы халықаралық құқықты сақтаудың өзектілігін тағы да алға тартты. Бұл оқиғаның салдары тек Қатар мен Израильдің қарым-қатынасына емес, бүкіл өңірдегі тепе-теңдікке әсер етпек.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар