Украина әскері Ресейдің мұнай-газ саласына соққы жасауды жалғастыруда. Киев Мәскеуді соғысты қаржыландыру мүмкіндігінен айыру керектігін айтып, шабуылды күшейтуде. Украина билігі батыстық одақтас елдерге де үндеу қатып, Ресейдің мұнай-газ саласын қыспаққа алып, санкцияны күшейтуді сұрап отыр.

12-қыркүйекке қараған түні Украина Ресей аумағындағы мұнай-газ кешендеріне шабуыл жасады. Украина Ленинград облысына да соққы жасап үлгерді. Облыс губернаторы Александр Дрозденконың сөзінше аймаққа кемі 30-дан астам дрон шабуыл жасаған. Соққы «Приморск» портындағы мұнай құю станциясына жасалған.
«Қазіргі таңда кемелердің біріндегі өрт сөндірілуде. Мұнайдың төгілу қаупі жоқ, кеменің де суға батуы екіталай», - дейді Дрозденко. Ақпарат көздері порттағы мұнай тиеген танкердің соққыға ұшырағанын жазды. Сондай-ақ, мұнай құю станциясының бірінде өрт шыққан. Дрондар Ломоносов ауданындағы бірнеше елді-мекенге шабуыл жасаған. «Зардап шеккендер жоқ» дейді аудан басшылығы.
«Приморск» порты Ленинград облысындағы Выборг ауданында орналасқан. «Балтық» құбыры аталған портпен аяқталады. Порт арқылы шикі мұнай мен жанармай әлемдік нарыққа аттанады. Порт аумағында 18 резервуар бар. Әр резервуарға 50 мың тонна мұнай құйылады. Порттың негізгі қызметі танкерлерге мұнайды жүктеу болып саналады. Жыл сайын «Приморск» порты арқылы 58 млн тонна мұнай тасымалданады.
Ленинград аумағында түнгі шабуылға байланысты бірқатар әуежайдың жұмысы уақытша тоқтады. 28 рейс уақытынын кешігіп ұшса, 13 рейс мүлде тоқтатылды. 11 ұшақ аймаққа жасалған шабуылға байланысты өзге әуежайларға қонуға мәжбүр болған.
Ресей билігі түнде 221 дронды атып түсірдік деп есеп берді. Ресей Қорғаныс министрі шабуылдарды сәтті тойтарғанын айтты. Алайда Смоленск қаласына дрондар шабуыл жасап, мұнай базасын отқа ораған видео әлеуметтік желіге тарап кетті.
Бұған дейін Украина Ленинград облысындағы Усть-Луга портына шабуыл жасаған болатын. Шабуыл 24-тамызда іске асып, порттағы ірі терминалда алапат өрт шықты. Порттың жартысы жұмысын тоқтатты.
Mezgil.kz