Ресейге қарсы ең күшті санкция – оның энергетикасына соққы жасау!

Ресей мен Украинаның соғысы өршіп бара жатқан тұста халықаралық ақпарат көздері жаңа мәліметтер мен пікірлерді қатар ұсынып отыр.

1757919851736521.jpg

Соңғы күндері жарық көрген деректер бұл соғыстың жай ғана әскери майдан аясында шектелмей, энергетикалық, ақпараттық және геосаяси деңгейде жаңа сипат алып бара жатқанын аңғартады.

ТРАМП: ПУТИН МЕН ЗЕЛЕНСКИЙ БІР-БІРІН ЖЕК КӨРЕДІ!

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путиннің бейбітшілікке ұмтылысын асыра бағалағанын мойындаған. Оны Axios жазды. Бұл пікір Трамптың Кремль басшысына сенімі әлсірегенін білдіреді. Әрі журналистер Трамптың Украинадағы соғысқа көзқарасын оның Газадағы қақтығысқа берген бағасымен салыстырған. Екі жағдайға да ол «бірдей» реакция танытыпты. Бұл – жаһандық саясаттағы аса ықпалды тұлғалардың халықаралық шиеленістерге үстірт қарауы мүмкін екенін көрсетеді.

Ал президент Трамп кеше Путин мен Зеленскийдің келіссөздері түбі өтетінін айтты. Ол: «Путин мен Зеленский бір-бірін жек көретіні сонша, бұл олардың сөйлесуіне кедергі болып отыр», - деді.

РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ ЕҢ КҮШТІ САНКЦИЯ – ОНЫҢ ЭНЕРГЕТИКАСЫНА СОҚҚЫ ЖАСАУ!

Ал Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің мұнай зауыттары мен қоймаларына жасалған дрон соққыларын Кремльге қарсы «ең тиімді санкция» деп бағалады. Оның сөзінше, энергия инфрақұрылымындағы өрт Ресей экономикасына елеулі шығын әкеліп қана қоймай, соғысты қаржыландыру мүмкіндігін де шектейді. Мұндай қадамдар Ресейдің қарымта әрекеттеріне себеп болса да, Киев мұны стратегиялық артықшылық ретінде қарастырып отыр. Дегенмен, бұл соққылардың жанама әсері де бар: мұнай бағасының тұрақсыздануы Батыс елдерінің өзіне де қысым түсіруі мүмкін.

ЕУРОПА НЕГЕ АЛАҢДАЙДЫ? ПОЛЬША НЕ ДЕЙДІ?

Еуропадағы жағдай да алаңдатарлық. Польша премьер-министрі Дональд Туск соңғы кездері ел ішінде Ресейге симпатия артып келе жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Кремльдің ақпараттық ықпалы, қоғамдағы қорқыныш пен эмоция Украинаға деген антипатияны күшейтіп отыр. Бұл – тек Польша үшін емес, тұтас Еуропа үшін қауіпті үрдіс. Егер қоғамдық пікір Мәскеуге қарай ауысса, ол ЕО мен НАТО-ның бірлігін әлсіретіп, Кремльдің стратегиялық мақсатына жол ашады.

Осы орайда «The Washington Post» сарапшылары Ресейдің НАТО қорғанысын сынай бастағанын алға тартады. Путиннің Қытайдан қолдау алуы мен АҚШ-тың Польшаға жасалған дрон шабуылына әлсіз реакциясы Мәскеуге батыл қимылдауға мүмкіндік беріп отыр. Литваның бұрынғы сыртқы істер министрі Витаутас Ландсбергис те Путин Еуропаның әлсіздігі мен Вашингтонның немқұрайдылығына сенім артып отырғанын айтады. Ал Дональд Трамптың экс-кеңесшісі Джон Болтон Кремльдің әскери қимылдарын кеңейтуін және Си Цзиньпин, Нарендра Моди, Ким Чен Ын секілді серіктестерден саяси қолдау алғанын ерекше атап өтті. Бұл жағдай Ресейдің халықаралық оқшауланудан шығып, жаңа геосаяси ойын алаңын құрып жатқанын дәлелдейді.

НАТО-МЕН АЙҚАС: ПУТИН «БЕЙБІТ КЕЗЕҢНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ» БОЛА АЛМАЙДЫ

«Politico» жазғандай, Ресей президенті Владимир Путин саяси болашағын Батыспен текетіреспен байланыстырған. Соңғы «арандатулар», соның ішінде ресейлік дрондардың Польша әуе кеңістігіне кіруі, Мәскеудің шиеленісті бәсеңдетпейтінін көрсетеді. Аналитиктердің пікірінше, Украинадағы ауыр шығындарға қарамастан, Путин «бейбіт кезеңнің президенті» бола алмайды. Оның мақсаты – Украинаны бақылауда ұстап қана қоймай, НАТО-ның әлсіздігін көрсету. Дрон шабуылдары сияқты әрекеттер альянстың реакциясын сынауға бағытталған.

Ресей ішінде Путин үшін басты қысым – ұлтшылдар. Сондықтан ол Батысқа, әсіресе АҚШ президенті Трампқа, Киевпен бітім жасалса да НАТО-мен текетірес жалғасатынын аңғартып отыр. Сарапшылардың айтуынша, Путин «қазір немесе ешқашан» деген ұстаныммен әрекет етуде.

Түйін: Осы деректерді тоғыстыра қарасақ, Ресей–Украина соғысы тек майдандағы әскери қимылдар шеңберінде шектелмей отыр. Ол Батыс саясаткерлерінің ішкі қайшылығын айқындап, Еуропадағы қоғамдық пікірді шайқалтып, әлемдік энергетикалық нарықты тұрақсыздандырып жатыр. Ал Мәскеу болса, жаңа серіктестерге сүйеніп, НАТО-ның төзімін сынай беруге дайын екенін көрсетуде. Бұл үдерістердің барлығы соғыстың жаңа кезеңге өткенін аңғартады. Ол кезеңде тек қару ғана емес, ақпарат, энергия, қоғамдық пікір мен одақтық байланыстар да басты майдан алаңына айналып отыр.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар