Лас су ішіп, күн астында ұйықтау: Кубадағы "құлдық" жайлы баяндама жарияланды

«Тұтқындағыларды қорғау» ұйымы арнайы баяндамасын жариялады. Баяндама Кубадағы сотталушылардың тағдырына арналған. Баяндамада сотталушылардың басым бөлігі ауыр жұмысқа салынып, құлдыққа жақын жүйеде өмір сүріп жатқаны айтылады. Олар көмір шахталарында жұмыс істеуде және темекі өндірісінде еңбек етуде.


thumbs_b_c_2d19b9e4f4d085c492a4ecbd9025d0ab.jpg

 

Куба билігі сотталушыларды мәжбүрлі түрде жұмысқа салып, тұтыну тауарларын жасатуда. Аталған тауар түрлері тек Кубаның ішкі нарығына ғана емес, сонымен бірге Еуропа нарығына да арналған.  

 

Prisoners Defenders («Тұтқындарды (сотталушыларды) қорғау») ұйымының өкілдері жариялаған баяндамада Кубадағы сотталушылар жайлы тың ақпараттар айтылған. Баяндамада 90 мың сотталушының 60 мыңы ауыр еңбекке күштеп жұмылдырылғаны айтылады. Олар қауіпсіздік деңгейі әртүрлі абақтыларда отыр. Алайда түзету орталықтарында, фермаларда, лагерьлерде, шахталарда және басқа орындарда ауыр жұмыс жасауға мәжбүр.

 

Сотталушылар түрлі жұмысты істейді. Ауыл шаруашылығынан бастап, өндіріс ошақтарына дейін түрлі салада жұмыс істеуде. Арасында аула тазалау, көше сыпыру іспеттес жеңіл жұмыстар да бар. Сарапшылар Куба билігі сотталушыларды жұмысқа салу барысында ұдайы қорлық көрсетіп, кемсітіп, ұрып-соғатынын айтты.

 

Куба түрмесінде жазасын өтеген Хорхе Менендес былай дейді: «Олар бізді ауыр жұмысқа салды. Ми қайнатар ыстықта су мен тамақты өте аз беріп, демалыссыз жұмыс істеуге мәжбүрледі. Жұмыс істеуден бас тартқан сәтте бірден ұрып-соғатын. Менің жанымдағы кей адамдар әлі құрып, құлап түскен сәттер көп болды. Көбін жеке камераға қамап тастайтын», - дейді.

 

Сотталушылар ауа райына қарамастан ауыр жұмыс істеуге міндеттелген. Ауыр жұмыс барысында техника қауіпсіздігі сақталмайды. Сотталушыларға арнайы құрал берілмейді. Бұл жұмыс барысында көп адамның жарақат алуына себеп болуда. Шахта опырылып, сотталушылардың үйінді астында қалған сәттері де болған.

 

«Ағаш көмірін өндіру үшін біз ашық аспан астында жатуға мәжбүрміз. Өзіміз қолдан үйшік жасап, сонда тұрамыз. Лас су ішетін күндеріміз болды. Кейді сиырлармен бірге фермадан су іштік», - дейді жазасын өтеп шыққандардың бірі.  

 

Куба көмір, ағаш көмірі және темекі өнімдерін экспортқа жібереді. Prisoners Defenders ұйымының баяндамасына сенсек, 2023 жылдан бері Куба ағаш көмірін экспорттауды арттырған. Бұл Куба экспорттайтын маңызды 10 тауардың қатарына кіріп, алтыншы позицияда тұр. Ал әлем бойынша Куба ағаш көмірін экспорттауда 9-шы орынға жайғасты. Негізінен ағаш көмірін Испания, Португалия, Грекия, Италия және Түркияға сатады.

 

Ал екінші маңызды тауар түрі Habanos табактары саналады. Tabacuba компаниясы сотталушылардың еңбегін қолданатынын жоққа шығаруда. Алайда жазасын өтеп шыққандар, Куба халқы табактың басым бөлігін жазасын өтеп жатқандар жасайтынын айтты. Сотталушылар табак компанияларында күніне 15 сағат бойы жұмыс істейді. Оларға ай сайын 6 еуро қаржы төленуде. Куба табак өнімдерін ЕО аумағына экспорттайды.

 

Prisoners Defenders ұйымы ЕО билігіне сұрау салды. Ұйым сотталушылар жасаған өнімді ЕО нарығына кіргізуге тыйым салуды сұрап отыр. ЕО билігі тауар өндіру барысында адам еңбегін мәжбүрлі түрде қолдану әрекеті анықталса, ол тауарды нарыққа кіргізбейтінін айтқан болатын. Қазіргі таңда аталмыш құжат әзірленді. Сарапшылар Кубадағы соттың басым бөлігі әділетсіз шешім шығаратынын, ал сотталушылар арасында жазықсыздардың көп екенін айтуда. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар