Газадағы «тозақ»: Израильдің жоспары һәм Палестинаны кімдер мойындады?

Израильдің Газа секторындағы әскери операциясы халықаралық саясаттың ең өткір тақырыбына айналды.

1758185774764316.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

ИЗРАИЛЬДІҢ ГАЗАДАҒЫ СОҒЫСЫ

Премьер-министр Беньямин Нетаньяху жуырда «Колесницы Гидеона–2» деп аталатын жаңа әскери іс-қимыл басталғанын жариялап, «Газаны ХАМАС-тан толық тазартпай қоймаймыз» деп мәлімдеді. Осыдан кейін израильдік әскер Газа қаласының ішкі аудандарына кіріп, кең ауқымды соғыс қимылдарын жалғастыруда. БҰҰ дерегінше, шамамен 300 мыңға жуық адам оңтүстікке қарай көшуге мәжбүр болса, тағы 700 мыңнан астам бейбіт тұрғын қала ішінде қалып отыр. Бұл жағдай аймақтағы гуманитарлық дағдарыстың барған сайын ушығып бара жатқанын көрсетеді.

ЕО ИЗРАИЛЬГЕ САНКЦИЯ САЛМАҚ. ОЛ ҚАНДАЙ САНКЦИЯ?

Операцияның ауқымы кеңейген сайын халықаралық қауымдастықтың да үн қатуы қатая түсті. Еуропалық Одақ Израильге қарсы бұрын-соңды болмаған санкциялық шаралар әзірлеп отыр.

Брюссель Израильмен еркін сауда туралы келісімді уақытша тоқтатуды, радикалды министрлер Итамар Бен-Гвир мен Бецалель Смотричке және қоныстанушыларға санкция енгізуді ұсынып отыр.

Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін барлық мүше елдердің келісімі қажет, алайда Германия мен Италия бұған дейін қарсы шыққан еді.

Дегенмен Бельгия премьер-министрі Барт де Вевер өз елінің ЕО ұсынып отырған әрбір санкцияны толық қолдайтынын ашық мәлімдеді. Оның сөзінше: «Газадағы геноцидті тоқтату үшін қысым жасау – моральдық міндет».

БҰҰ: ИЗРАИЛЬ ГАЗАДА ГЕНОЦИД ЖАСАУДА...

Айта кету керек, БҰҰ комиссиясы жақында Израильдің Газа секторындағы әрекеттерін геноцид деп таныды. Қорытынды есепте Тель-Авивтің 1948 жылғы Геноцид туралы конвенцияда көрсетілген бес қылмыстың төртеуін жасағаны көрсетілген. Израиль билігі бұл айыптауларды «жалған» деп бағалап, есеп авторларын «ХАМАС-тың сенімгерлері, антисемиттік көзқарасымен танымал тұлғалар» деп айыптады. Дегенмен, халықаралық құқық сарапшылары мұндай анықтаманың Израиль үшін саяси әрі құқықтық салдары ауыр болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

ПАЛЕСТИНАНЫ КІМДЕР МОЙЫНДАДЫ?

Осы қақтығыс аясында Палестина мәселесі қайтадан әлемдік саясаттың алдыңғы қатарына шықты. Жақында Люксембург Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде ресми мойындады. Бұл шешім БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысы қарсаңында жарияланды.

Ұлыбритания да осы аптада Палестина мемлекеттігін ресми түрде мойындайтынын мәлімдеуге дайын отыр.

The Times басылымының жазуынша, премьер-министр Кир Стармер АҚШ президенті Дональд Трамптың мемлекеттік сапары аяқталған соң ресми мәлімдеме жасауды жоспарлап отыр.

Қазірдің өзінде әлем елдерінің үштен екісі, яғни 140-тан астам мемлекет Палестинаны мойындаған, олардың қатарында Еуроодақтың да бірқатар мүшелері бар.

Сарапшылар Израильдің қазіргі операциясын Палестина мемлекеттігін біржола болдырмауға бағытталған әрекет деп бағалайды. БҰҰ қабылдаған екі мемлекет негізіндегі шешімге қайшы қадамдар жасалып отырғаны жиі айтылады.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да Израильдің әрекеттерін қатаң сынға алып, Анкараның Газа халқымен бірге екенін мәлімдеді. «Террор да, жаппай қырып-жою да түптің түбінде тоқтайды. Біз әділетті бейбітшілік үшін күресті жалғастырамыз», – деді ол.

Қазіргі ахуал көрсетіп отырғандай, Газа қақтығысы тек Таяу Шығыстың емес, бүкіл әлемдік дипломатияның да тағдырлы сынағына айналып отыр. Израильдің әскери қимылдары күшейген сайын, халықаралық қысым да артып келеді. Еуропа санкциялар арқылы, БҰҰ құқықтық тетіктер арқылы әрекет етсе, көптеген мемлекет Палестина мемлекеттігін мойындау жолымен саяси балансқа ықпал етуде.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар