БҰҰ-дағы басты алаң: Тоқаев пен Зеленский бейбітшілік туралы сөйлесті...

Тоқаевтың Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясына қатысып жатқанын бұған дейін хабарлаған едік. Екінші күн қатарынан Мемлекет басшысы АҚШ-тың бизнес өкілдерімен, халықаралық ұйымдар мен мемлекет жетекшілерімен кездесіп, маңызды келіссөздер жүргізуде.

1758610040536251.jpg

(Суреттер: Ақорда телеграм арнасынан алынды)

Бұл келіссөздер Қазақстан үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ашып, елдің бейбітшілік пен тұрақтылық жолындағы ұстанымын айқындай түсті.

Сапар аясында АҚШ-тың ірі бизнес өкілдерімен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, әлемдік жетекші компаниялардың басшыларымен кездесулер өтті.

АҚШ САУДА ПАЛАТАСЫМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Сауда палатасының президенті және бас атқарушы директоры Сюзанн Кларкты қабылдады. Әңгімелесу барысында екіжақты тауар айналымын ұлғайту мақсатында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жолға қою мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы жуырда Қазақстанда жүргізілген жоғары деңгейдегі америкалық сауда-инвестициялық миссиясының қорытындысын құптап, еліміз Құрама Штаттардың Орталық Азиядағы негізгі серіктесі саналатынын атап өтті. Қазақстан АҚШ Үкіметімен және іскерлік орта өкілдерімен тиімді ықпалдастық орнатуға бейіл екенін жеткізді.

Осы орайда Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен, Сауда министрі Говард Латникпен және бірқатар америкалық ірі компаниялар басшыларымен өткен әңгімелесулердің мазмұнын жоғары бағалады. Өз кезегінде Сюзанн Кларк экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтудің айтарлықтай әлеуеті бар екенін растады. Тараптар экономиканың түрлі секторында бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын қарастырды.

Сонымен қатар Президент ExxonMobil корпорациясының басқарма төрағасы және бас атқарушы директоры Даррен Вудспен кездесті. Мемлекет басшысы Қазақстанның мұнай-газ саласындағы негізгі серіктестерінің біріне айналған компаниямен ынтымақтастыққа жоғары баға берді. Әңгіме барысында Теңіз және Қашаған кен орындарындағы жобалардың перспективасы талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бразилиялық Embraer авиациялық компаниясының президенті Франсиско Гомес Нетомен де кездесті. Жиында жүк тасымалдау саласындағы ынтымақтастық мәселелері қозғалды. Президент Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі негізгі көлік-логистикалық хабқа айналу жоспарын атап өтті. Сондай-ақ елімізде «Embraer» ұшақтарына техникалық қызмет көрсететін өңірлік сервистік орталық ашу перспективасы қарастырылды. Франсиско Гомес Нето Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетіне жоғары баға беріп, өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін айтты.

Қазақстан Президенті әлемдік қаржы секторының жетекшілерінің бірі – Citigroup компаниясының бас атқарушы директоры Джейн Фрейзерді қабылдады. Кездесуде еліміздегі ауқымды жобаларды қаржыландыру мәселелері талқыланды. Джейн Фрейзер Қазақстанмен арадағы серіктестікті банктер тобы қызметіндегі ең маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастыратынын атап өтті.

Осылайша бизнес саласындағы әрбір кездесу Қазақстан үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктердің ашылып келе жатқанын көрсетті. Бұдан кейін Мемлекет басшысы халықаралық ұйымдар мен мемлекеттер жетекшілерімен маңызды келіссөздер жүргізді.

ТОҚАЕВ ПЕН ГУТЕРРИШ НЕ ТУРАЛЫ СӨЙЛЕСТІ?

Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен де келіссөз жүргізді. Әңгімелесу барысында Бас Ассамблея сессиясының күн тәртібі талқыланды. Қазақстан Президенті еліміздің Ұйымға алдағы уақытта да қолдау көрсетіп, оның бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтудағы, орнықты дамуды қамтамасыз етудегі жетекші рөлін жалғастыруына үлес қосатынын айтты. Кездесу аясында Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығының қызметі туралы меморандумға қол қойылды.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ЧЕРНОГОРИЯ: ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ БАЙЛАНЫСҚА 20 ЖЫЛ

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңында Черногория Президенті Яков Милатовичпен кездесті. Тоқаев Черногорияны Балқан түбегіндегі маңызды серіктес ретінде атап, келесі жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 20 жылдығы аталып өтетінін жеткізді. Яков Милатович өз кезегінде Қазақстан Президентіне алғыс айтып, екі халықты жақындастыра түскен визасыз режим мен тікелей әуе рейстерінің тиімділігін атап өтті.

ТОҚАЕВ ПЕН ЗЕЛЕНСКИЙ: БЕЙБІТШІЛІК ЖАЙЛЫ ӘҢГІМЕ...

Сондай-ақ Тоқаев Украина Президенті Владимир Зеленскиймен де кездесті. Тараптар екіжақты экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылап, Украинадағы жағдай жөнінде пікір алмасты. Қазақстан Президенті қақтығысты тоқтату үшін дипломатиялық күш-жігерді жалғастырудың маңызын атап өтті.

Ақорда аталған кездесу туралы: «Мемлекеттер басшылары екіжақты экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Владимир Зеленский Украинадағы жағдайға байланысты көзқарасын жеткізді. Қазақстан Президенті осынау аса күрделі ахуалға қатысты пікір білдіріп, қақтығысты тоқтату мақсатында дипломатиялық жұмыстарды жалғастыру қажет екеніне назар аударды», - деп хабарлады.

КОШТАНЫҢ ҚАЛАУЫ C5+ ФОРМАТЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен келіссөз жүргізіп, Қазақстанның ЕО-мен ынтымақтастығын C5+ форматы аясында дамытуға ниетті екенін жеткізді. Кездесуде саяси диалог пен өңіраралық байланыстарды нығайту мәселелері сөз болды.

Мемлекет басшысы FIFA президенті Джанни Инфантиномен де кездесу өткізді. Тоқаев балалар футболын дамыту мен заманауи инфрақұрылым құруға бағытталған FIFA Arena бағдарламасы үшін Федерацияға алғыс білдіріп, Қазақстанның аймақта футболды қарқынды дамытқан елге айналатынына сенім білдірді. Джанни Инфантино өз кезегінде Қазақстанмен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін айтты.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар