БҰҰ-дағы басты жиынның қарсаңында Қазақстан мен Украина жолығулары жиіледі.

(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)
Әуелі қос елдің СІМ басшылары (Нұртілеу мен Сибига) сөйлесті. Онан соң Нью-Йоркте президенттер Тоқаев пен Зеленский жолығып, ағылшынша әңгімелесті. Кеше Зеленский «Fox news-ке» сөйлеп: «Путинмен Қазақстанда да жолығуға даяр едім», - деді.
Украина президенті: «Біз Түркия, Сауд Арабиясы, Катар, Австрия, Швейцария сияқты бейтарап елдерді де ұсындық (Ресейге). Егер қаласаңдар, тіпті Қазақстанда кездесейік дедік. Біз дайынбыз», - деді.
Орыс әскері Украинаға басып кірген 2022 жылдың 24 ақпаннан бері қарай Қазақстанның Украина тағдыры талқыға түскен әлемдік басқосуларда Ресейдің шапқыншылығын қолдамай, бейтарап позиция ұстанып келе жатқаны белгілі.
Президент Тоқаев Санкт-Петербуркте өткен экономикалық форумда Путиннің көзінше Кремль өзіне қосып алған төрт облыстың егемендігін мойындаудан бас тартқаны да ел есінде. Ресей СІМ-і Лавров оны әлі күнге ұмыта алмай, биыл қайта талқыға салғаны да жұртқа аян.
Ал Қазақстан шын мәнінде келіссөзге алаң ұсына алар еді. Бұл мәселеде біздің тәжірбиеміз бар. Бірсыпырасы: Сирия дағдарысын реттеу бойынша келіссөздердің дені Астанада өтті. Әзірбайжан мен Армения арасында да диалог орнату Алматыда басталып, Уашиңтонда аяқталғаны факт.
Бірақ. Мұндағы жалғыз бірақ – Путиннің бұған келісе қоюы екіталай. Путин әлгінде: «Зеленский кездескісі келсе, Мәскеуге келсін», - деп шіренген. Ресейдің Украинаға қойып отырған бітім шарттары да Мәскеудің келіссөзге мүдделі еместігін анық аңғартады. Сондықтан, бейбітшілік пен бітім туралы сөзді айтқан Тоқаев пен Зеленскийде гәп жоқ. Гәп – Путиннің қыңырлығында. Себеп те түсінікті – егер соғыс тоқтаса, Путиннің тағы шайқалуы ғажап емес. Ресей секілді елді соғыс арқылы басқару солтүстіктегі көршілеріміздің ұзақ жылдар бойғы ел басқару қағидасына айналып кеткен...
Mezgil.kz