Молдовадағы сайлау: Санду жеңді, Путиншілдер ойсырай жеңілді!

Кеше Молдовада елдің саяси болашағын, даму жолын айқындайтын шешуші сайлау өтті. Сайлау қалай өтті? Нәтижесі қандай? Ресейшіл оппозиция не дейді? Қараңыз:

1759138516221365.jpg

Парламенттік додаға он төрт партия қатысқанымен, басты тартыс екі ірі саяси күштің арасында өрбіді: Бір жағында — қазіргі президент Майя Сандудың проеуропалық «Әрекет және ынтымақтастық» партиясы (PAS), екінші жағында — бұрынғы президент Игорь Додон бастаған ресейшіл блок. Бұл сайлау Молдова халқы үшін бір ғана сұрақтың жауабын айқындап берді: Ел Еуропаға бет бұра ма, әлде Мәскеуге ме?

САЙЛАУДЫҢ СОҢҒЫ ЕСЕБІ: САНДУ ПАРТИЯСЫ ЖЕҢДІ!

Жауап анық болды. Молдова Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың соңғы нәтижелерін жариялады. Ол бойынша: «PAS» — 55 мандатқа, «Патриоттық блок» — 26 мандатқа, «Альтернатива» блогы — 8 мандатқа, «Демократия үйімізде» блогы — 6 мандатқа, «Біздің партия» — 6 мандатқа ие болды.

Осылайша Майя Сандудың партиясы жеңісті қанжығасына байлап, жаңа парламентте басымдықты өз қолында сақтап қалды. «PAS» шамамен 50 пайыз дауыс жинап, 101 орынның 55-ін иеленді. Бұл — елдің интеграциялық бағыты Еуропаға қарай жалғасатынын білдіреді.

Ал ресейшіл «Патриоттық блок» 24,5 пайызбен 26 мандат қана алды. Оның құрамында бұрынғы президенттер Додон мен Воронин бастаған социалистер мен коммунистер бар.

Бұл жолғы сайлау нәтижелері Молдова қоғамының көңіл-күйін айқын көрсетті: Халықтың басым бөлігі елді Еуропамен байланыстырғанды жөн көрді.

Жарты жыл бұрын Молдовада президент сайлауы мен ЕО-ға қосылу бойынша референдум өтті. Ол сәтте ресейшіл күштер аз ғана көрсеткішпен жеңіліс тапты. Сарапшылар Ресейдің сайлау мен референдумға араласып, дауысты бұрмалағанын, қоғамдық пікірді өзгерту бойынша әрекет еткенін айтты.

Парламентке тағы екі партия өтті. Олар: Ұлттық-консерватор Василе Костюк жетекшілік ететін «Демократия үйімізде» дейтін блок. Бұл топ елдің Румыниямен бірігуін қолдайды. Ал популист Ренато Усатыйдың «Біздің партиясы»: «Ешкіммен одақ құрмаймыз», - деп мәлімдеді.

Бұл сайлау Молдованың тарихындағы бетбұрыс кезең болды. Осы жолғы парламент сайлауына елде барлығы 14 саяси партия, төрт сайлау блогы және төрт тәуелсіз кандидат түскен. Халық нақты таңдау жасады: Ресейшіл күштерден гөрі, еуропашыл бағытқа сенім артты. Бұл таңдау елдің болашақта қай арнамен жүретінін көрсетіп қана қоймай, аймақтық саясаттағы жаңа парақтың ашылғанын білдіреді.

РЕСЕЙШІЛ ОППОЗИЦИЯ ҚАЙТПЕК?

Молдовадағы «Шор» дейтін ресейшіл партияның жетекшісі Илан Шор: «Оппозиция бұл сайлаудың нәтижелерін мойындамайды. Біз сотқа шағымданамыз», - деп мәлімдеді. Айта кетейік: «Шор» партиясы сайлауға мүлде жіберілген жоқ. Бұл елдегі Ресейден қаржыландырылатын саяси партия.

Ал Ресей президенті Путинге жақын адам деп снаалатын Молдованың экс-президенті  Игорь Додон сайлаудың нәтижелерімен келіспейтінін айтып, жақтастарын наразылыққа шығуға шақырды. Додон жетекшілік ететін «Патриоттық блок» 26 мандатқа ие болған.

ЕУРОПАНЫҢ РЕАКЦИЯСЫ ҚАНДАЙ?

Молдова Орталық сайлау комиссиясының есептеулері жария болғаннан кейін Еуропа басшылары Молдованы құттықтап мәлімдемелер жасауда. Еуропалық комиссия басшысы Урсула фон дер Ляен: «Молдова, сендер мұны жасай алдыңдар. Қолдарыңнан келді. Ешқандай қорқытып-үркітулер сендердің тура шешім қабылдауларыңа кедергі келтіре алмады. Өз таңдауларыңды анық көрсеттіңдер. Еуропа. Демократия мен еркіндікті таңдадыңдар. Біздің есігіміз сендерге ашық! Сендердің әр қадамдарыңның жанынан табыламыз!», - деді.

Осы ауандағы құттықтауларды Франция президенті Макрон, Польша премьері Туск, Еуропалық кеңес басшысы Кошта мен Еуропарламент басшысы Метсола да жасады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар