Таласқа түскен Газа: Трамптың тегеуріні һәм Нетаняхудың кешірім сұрауы...

Ақ үйде өткен Трамп пен Нетаньяху кездесуі Таяу Шығыстағы қанды қақтығыстардың тағдырын шешетіндей үлкен оқиға болды.

1759218142890316.jpg

(Сурет: eadaily.com сайтынан алынды)

НЕТАНЯХУ КАТАРДАН КЕШІРІМ СҰРАДЫ...

Израиль премьері осы жиында күтпеген қадам жасап, Катар премьер-министріне қоңырау шалып, Дохаға жасалған зымыран соққысы үшін кешірім сұрады. Бұл — халықаралық дипломатияда сирек кездесетін құбылыс. Өйткені қыркүйектің басында Израиль Катардың астанасына соққы жасап, бес бірдей ХАМАС мүшесі мен бір катарлық офицердің өмірін қиған еді.

АҚШ-қа ескертусіз жасалған бұл операция Трампты ашуландырғаны анық, себебі Катар осы аймақтағы бейбіт келіссөздерге қатысып отырған негізгі елдердің бірі болған.

АҚ ҮЙДЕГІ КЕЗДЕСУ: ТРАМП ПЕН НЕТАНЯХУ НЕ ШЕШТІ?

Ал кеше АҚШ президенті Трамп Израиль премьері Нетаняхуды Ақ үйде қабылдап, келіссөз өткізді. Талқыланған басты тақырып – Газадағы соғыс.

Кездесуде Газадағы соғысты аяқтау мен келісім шарттарының жай-жапсары айтылды. Жоспар бойынша:

- Израиль әскерлері Газадан шегініп, оккупацияны тоқтатуы тиіс.

- ХАМАС тұтқында отырған барлық адамдарды 72 сағат ішінде босатуы керек, ал Израиль жүздеген палестиналықты түрмеден шығарады.

- Сонымен қатар, қаруын тастаған ХАМАС мүшелеріне амнистия беріліп, олар Газадан еркін кетуге мүмкіндік алады.

- Әкімшілік мәселелерде сектор уақытша «Палестина комитеті» атты үкіметтің бақылауында болады, ал оның үстінен халықаралық «Бейбітшілік кеңесі» қадағалайды.

- Кеңесті Трамптың өзі басқарады. Бұл халықаралық бақылауды күшейтіп, келісімнің орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

- Әскери инфрақұрылым түгел жойылып, оның орнына «Дубай үлгісіндегі» экономикалық даму жобасы іске қосылмақ.

Алайда саясаттағы бұл келісімдер мен дипломатиялық қадамдарға қарамастан, Газадағы гуманитарлық жағдай күннен күнге қиындап барады. Газа Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың 7 қазанынан бері Израильдің әскери операциялары салдарынан 65 549 адам қаза тауып, 167 518 адам жараланған. Соңғы тәулікте ғана 47 адам қаза тауып, 142 адам жарақат алған. Бұл тек ресми тіркелген деректер, ал қираған ғимараттардың астында әлі де мыңдаған адамның мәйіті жатыр.

Қазіргі таңда Газа тек әскери майдан ғана емес, саяси ойын алаңы болып отыр. Бір жағында Израильдің қауіпсіздік үшін бастаған қатаң операциясы болса, екінші жағында АҚШ өз саяси ықпалын күшейтуді көздеп отыр. Ал осының ортасында – мыңдаған бейбіт тұрғын, соның ішінде балалар мен әйелдер, қантөгістің құрбаны болып отыр.

Трамптың кешенді жоспары іске аса ма, әлде бұл да тарихта қағаз жүзінде қалған тағы бір құжат болып қала ма – оны уақыт көрсетеді. Дегенмен бір нәрсе анық: Газадағы гуманитарлық дағдарыс шешілмейінше, Таяу Шығыста «мәңгілік бейбітшілік» орнауы мүмкін емес.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар