Украина АҚШ-тан алыс қашықтыққа соққы жасайтын қару беруді сұрауда. Бұл зымырандар және дрондарға қатысты.

Sky News басылымы Украина әскері Қырымға қарсы ауқымды шабуыл ұйымдастыратынын жазды. Warsaw Security Forum жиынында сөз сөйлеген Ұлыбританияның бұрынғы қорғаныс министрі Бен Уоллес «Қырымды адам тұруға қолайсыз ету үшін, Украинаға қажетті қаруды беруге тиіспіз» деп мәлімдеді.
The Wall Street Journal басылымы АҚШ билігінің Киевке «Томагавка» және «Barracuda» зымырандарын беруді ойластырып жатқанын айтты. Сарапшылар «Томагавка» зымырандарының санының шектеулі екенін мәлімдеді және бұл зымыран түрі Украинаға берілуі екіталай дейді. Ал «Barracuda» зымырандарын беру мүмкіндігі жоғары. Әскери сарапшы Майкл Кларктың сөзінше Украина қыс мезгіліне дейін Қырымға десант түсіріп, операция өткізуі мүмкін. Кларктың ойынша Украина жақын аралықта Қырымдағы Ресейдің әуе қорғаныс жүйелеріне үздіксіз соққы жасауға тырысады. Артынша Киев Қырым көпірін нысанаға алуы мүмкін.
Quincy Institute for Responsible Statecraft сарапшылары АҚШ-тың Украинаға «Томагавка» зымырандарын беру мүмкін емес деген ойда. «Украина әскерінде аталмыш зымыранды қолдану мүмкіндігі аз, ал АҚШ эскалацияны қаламайды» дейді.
Дей-тұра сарапшылар АҚШ-тың Украинаға «Barracuda» зымырандарын беруі мүмкін екенін айтты. «Barracuda» зымырандары 2024 жылы АҚШ әскеріне қолданысқа берілді. Зымыранның құны бар болғаны 200 мың долларды құрайды. Зымыран модификациясына байланысты 200-950 шақырымға дейін ұшады, ал жарылғыш қуаты 15-55 келі аралығында. Зымыран жылдам ұшады әрі дәл бағытталады.
Barracuda зымырандарын Anduril компаниясы шығарады. Зымыран о баста ұшақ арқылы қолданылатын. Уақыт өте келе, Anduril компаниясы зымыранның жер үстіндегі қондырғы арқылы атылатын түрін жасап шықты. Жер үстіндегі қондырғы арқылы атылатын түрі 700 шақырымға дейін ұшады. Anduril компаниясы зымыранның көп еместігін айтты. Себебі компания аталған зымыранды енді шығара бастады, ал соғыс жағдайында әлі сыналып үлгерген жоқ. Дегенмен зымыранды алушылар саны артса, компания ай сайын 250-300 дана зымыран шығаруға әзір.
АҚШ тарапы Украинаға «Barracuda» зымырандарын берсе, Киев жаңа типтегі зымырандарды Ресейдің энергетикалық салалары мен қару-жарақ қоймаларына, әскери өндіріс ошақтарына бағыттауы ықтимал.
The Wall Street Journal басылымы Киевтің Ресей аумағын атқылау үшін «Фламинго» зымырандарын қолдану мүмкіндігін айтты. Алайда Украинада аталған зымыранды шығару қаржылық тапшылыққа келіп тірелуде. «Storm Shadow» зымырандары да ұрыста тиімділігін көрсетті. Алайда оның саны шектеулі.
Mezgil.kz