Соғыс және бақылау: Әсіре ұлтшылдар Кремльге не үшін керек?

Der Spiegel басылымына ресейлік жазушы, саяси шолушы Михаил Зыгарь ауқымды мақала жазып, Ресейдегі ұлтшылдық пен діншілдікті Кремльдің бір құралы ретінде сипаттады.


KMO_138318_00061_1_t218_132205.jpg

 

Кремль әсіре ұлтшылдықты қоздыру арқылы ішкі аудиторияны өзіне бағындырып, сыртқы саясаттағы агрессияны арттыруда. Мәскеу шіркеу арқылы да қоғамға өз насихатын жүргізіп жатыр. Украина соғысын ақтап, Ресейдің әділетті күресі жайлы әр діни мереке мен даталарда айтуда.

 

Қыркүйек айында Мәскеу мен Петербор қалаларында «кресшілер шеруі» өтті. Аталған шараны Ресей православ шіркеуі ұйымдастырды. Шараға ұлтшылдар мен түрлі әсіре ұлтшыл ұйымдар шақырылды.

 

Михаил Зыгарьдың айтуынша Ресей билігі «Единая Россия» партиясынан бөлек, екі қозғалыс құруды ойластыруда. Аталған қозғалыстар ресейлік азаматтарды біртұтас идея аясына біріктіріп, билікке деген сенімді арттыруды көздейді. Жоспар бойынша Ресей қоғамындағы КСРО-ны аңсаушылар, Сталинді дәріптеп, коммунизмді жақтаушылар, қазіргі таңда мигранттарға қарсы көзқарас ұстанатындар, абортты тұтас жоққа шығарып, Батысты айыптаушылардың барлығы арнайы қозғалыстарға қосылуы тиіс.

 

Ресей билігі әсіре ұлтшыл қозғалыстарды 2000-шы жылдардан бастап саяси мақсатта қолдануды ойлады. 2000-шы жылдары Кремльдің идеологиясын бағыттаушы Владислав Сурков әсіре ұлтшылдар мен футбол жанкүйерлерін біріктіріп, қозғалыс құруды қалады. Ол бойынша «аталған қозғалыс қандай да бір түрлі-түсті революцияны тұншықтыруы қажет» еді. Сол сәтте Кремльдің рұқсаты бойынша жылына екі мәрте «Русский марш» шеруі ұйымдастырылды. Дәл сол кезеңде, скинхедтер саны артты. Мәскеу мен Петербор қалаларында «Ресей орыстар үшін, Мәскеу мәскеуліктер үшін» деген ұрандар айтылды.  

 

Алайда әсіре ұлтшылдар қозғалысын бақылау қиынға соқты. 2009 жылы Мәскеуде әсіре ұлтшылдар белгілі құқық қорғаушысы Станислав Маркелов пен Анастасия Бабурованы атып тастады. Аталған оқиғадан кейін Сурков әсіре ұлтшылдарды қолдауды азайтты.

 

Дегенмен, Украинада соғыс басталған сәтте, Кремль әсіре ұлтшылдар мен діншілдерді қайта қолға ала бастады. Бұл саясат 2014 жылы басталып, 2022 жылы тіпті ұлғайды. Ендігі таңда, Ресейдегі әсіре ұлтшылдарға бірқатар артықшылықтар берілген. Олар кресшілер және ұлтшылдар шерулерін жасауда. Ал шіркеу бұл қозғалыстарға қолдау білдірумен келеді.

 

Қыркүйек айында өткен кресшілер шеруін ресейлік кәсіпкер Константин Малофеев қолдады. Ол «Царьград» арнасының иесі саналады. Малофеев 2014 жылы Украинадағы сепаратистерді барынша қолдады. Сондай-ақ, ресейлік идеолог Александр Дугинді де қолдаумен келеді. Осылайша, Константин Малофеев Ресейдің жаңа саясатына қолдау білдіруде. Ол шіркеу мен әсіре ұлтшылдардың тандеміне дем беріп, Кремльдің қоғамды біріктіру идеясын іске асыруда. Қыркүйек айында өткен кресшілер шеруіне «Русская дружина» және «Сорок сороков» сынды белгілі әсіре ұлтшыл қозғалыстардың қатысуы соның айқын дәлелі. Аталған шеруге кемі 50 мың адам қатысқан. Бұл қозғалыстар Украинаны Ресейге күшпен қосу және Ресей империясын қайта қалпына келтіру идеяларын қолдаушылар саналады.

 

Ресей билігі бұл шерулерге рұқсат берумен қатар, қоғамның реакциясын да байқауда. Ресей көпұлтты мемлекет және бірнеше республикадан тұратын федерация. Алайда әсіре ұлтшылдар «Ресей тек орыстар үшін» деп ұрандатуда. Кремль бұл ұрандарға қатысты қоғамда қарсылық реакциясы байқалмаса, онда шерулердің ауқымын арттыруы мүмкін. Қыркүйек айында өткен шеру барысында Мәскеу Ресей империясының туын алып шығуға рұқсат етпеді.

 

Сарапшылар Ресей билігі әсіре ұлтшылдарға жақын болуды қалайтынын айтуда. Мәскеу үшін бұл топты бақылауда ұстау аса маңызды. Украина майданы Ресей билігі үшін сәтсіз аяқталса, әсіре ұлтшылдар Кремльге қарсы көтерілуі ықтимал. Сол үшін де Мәскеу ұлтшылдарды өзіне жақын ұстағысы келеді. Сонымен бірге, бұл Ресей билігінің агрессивті саясатын ақтайтын негізгі топ саналады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар