Reuters агенттігі Түркияның энергетика саласында өзгеріс жасауға дайын екенін жазды. Анкара ресейлік газға балама табуда. 2028 жылға қарай Түркия өз аумағындағы газ өндірісін еселеп арттырып, АҚШ-тан газ алуды көбейтпек. Бұл Түркия нарығының 60 пайызға жуығын газбен қамтамасыз етуге жетеді деп болжануда. Сәйкесінше ресейлік газдың үлесі еселеп азаюы ықтимал.

Вашингтон ашық түрде Түркияға қысым жасап, ресейлік газды азайтуды, ыңғайы келсе мүлде тоқтатуды талап етуде. АҚШ НАТО елдері Мәскеу мен Тегеранның энергия көздеріне тәуелді болмауы тиіс деген позицияны ұстануда.
Сарапшылар Түркия энергия көздерін әртараптандыру арқылы аймақтағы газ хабына айналуы мүмкін деп санайды. Сарапшылардың пікірінше, Анкара ресейлік және ирандық газды сатып алып, өз аумағында өндірілген газды Еуропа нарығына сатуы мүмкін.
Ресей Түркия нарығына газ жеткізуші басты мемлекет саналады. 20 жыл бұрын Ресей газы Түркия нарығындағы газдың 60%-ын құраса, қазір оның үлесі азайып, 2025 жылы 37%-ды құрады. Түркия мен Ресей «Түрік ағыны» және «Көк ағын» құбырлары арқылы ауқымды көлемде газ жеткізуге келіскен. Келісімнің мерзімі аяқталуға жақын.
Түркия Иранмен де келісім жасасты. Алайда келісім келер жылдың орта шегінде аяқталады. Анкара Бакумен де келісім жасасты. Келісім бойынша әзербайжандар түріктерге 2033 жылға дейін газ жеткізеді.
Түркия аталған келісімдердің бірқатарын созуы мүмкін. Мамандардың болжамынша, Түркия тарапы газ бағасына жеңілдік сұрайтын болады. Анкара газ өндірісін арттыруға ниетті. Ал мемлекеттік және жеке компаниялар АҚШ және Алжир елімен келісім жасасып, газ жинақтайтын терминалдар санын арттыруда.
Түркия АҚШ-тан газ алуды арттырады. АҚШ газы Түркия нарығының қажеттілігін 50 пайызға өтемек. Осылайша Иран, Ресей газының үлесі азаяды. Анкара АҚШ-тың Mercuria компаниясымен келісім жасасты. Келісім бойынша АҚШ компаниясы Түркияға 20 жыл бойы газ жеткізеді. Келісім құны 43 млрд долларды құрап отыр.
Әзірге Ресейден келетін газ көлемі азайған жоқ. Мәскеу Анкарамен энергетика саласындағы байланыс жалғасатынын, тіпті дамитынын айтуда. Ресейдің Энергетика және қаржы институтының өкілі Алексей Белогорьевтің ойынша, түріктің BOTAS компаниясы алдағы 2-3 жылда Ресейден газ алуды азайта бастайды.
Еуропа елдері 2027 жылы ресейлік газдан толық бас тартуды ойластыруда. Бұл Түркия арқылы да газ жеткізу тоқтатылады деген сөз. Түркия Ресей газын Венгрия мен Румынияға жеткізу бойынша келісім жасасқан. Ал 2027 жылдан бастап Анкара өз газын саудаға шығарып, Ресейдің газын арзан бағаға сатып алуы мүмкін.
Mezgil.kz