2 млн адам: Ресей билігі әскерді толтырудың жаңа әдісін тапты

Ресей билігі әскерге мобилизациялық резервті қолдануы мүмкін. 2015 жылы Владимир Путиннің бұйрығы бойынша Қорғаныс министрлігінің мобилизациялық резерві құрылған болатын.


armia700.jpg

 

Дүйсенбі күні Ресей үкіметі арнайы заңды қарастырды. Заң бойынша резервтік әскерді елде әскери жағдай жарияламастан антитеррор операцияларында, әскери қақтығыстар мен өзге елдегі соғыста қолдануға рұқсат етілді. Ресей МемДумасындағы қорғаныс комитетінің төраға орынбасары Алексей Журавлевтің ойынша, бұл 2 млнға жуық адамды әскерге қосуға мүмкіндік жасайды.

 

«Біз қазір өте ауқымды қарулы қақтығысқа түсудеміз, алайда ресми түрде соғыс жарияланған емес. Заң Қорғаныс министрлігінің аяғын тұсап қойған еді. Енді ол еркін маневр жасай алатын болды. Арнайы заңды қабылдадық», - дейді ол.

 

Әңгіме әскерге өз еркімен қосылып, әскери борышын өтеп, сол үшін белгілі бір жеңілдіктерге ие болған, ал қазіргі таңда резервтік күштер қатарына қосылғандар жайлы болып отыр. Журавлевтің сөзінше резервтегі азаматтар енді қақтығыс ошақтарына көптеп жіберілуі мүмкін. Заң бойынша резервтік күштер үшін арнайы жиындар ұйымдастырылады. Олар қорғаныс саласындағы арнайы тапсырмаларды орындауға жұмылдырылуы мүмкін. Мерзімі екі айды құрамақ. Тиісті өзгерістер «Әскери міндет және әскери қызмет», «Әскери қызметкердің статусы туралы» заңдарына енгізіледі.

 

Ресей заңгерлер қауымдастығының басқарма төрағасының орынбасары Игорь Черепановтың айтуынша, өзгерістер тек ерікті түрде әскери резервте болу туралы келісімшартқа қол қойған азаматтарға қатысты болмақ. Резервистер әртүрлі тапсырмалар мен міндеттерді орындауы мүмкін. Кейбірі тіпті Украина соғысына жіберілуі ықтимал. Ресей өз Конституциясына заңсыз негізде Украинаның 4 облысын қосқандықтан, Ресей заңы бойынша Запорож, Херсон және Донбасс аймағы Ресей жері саналады. Сәйкесінше, аталған аймаққа резервтік күштерді жіберуге заң бойынша еш кедергі жоқ. Сонымен бірге Ресей Украинаның Сум, Харьков аймақтарына да резервтік күштері жіберуі мүмкін. Себебі заңда шетел аумағындағы қақтығыстарға қатысуға рұқсат етілген.

 

Сарапшылар Ресей билігі тағы бір мәрте мобилизация өткізуден қашқақтайтынын айтуда. Қоғамдық көңіл-күйді ескере отырып, Мәскеу әскерді толтырудың өзге жолдарын іздестіруде. Аталған шешім соның дәлелі дейді мамандар.


Mezgil.kz

 

 



Ұқсас тақырыптар