Трамп әкімшілігі Газадағы қақтығыс бойынша келісім жасап, тұтқындарды босатқаннан кейін, Украина-Ресей соғысын аяқтауға кірісетінін айтқан еді. Вашингтон Ресейге саяси-әскери қысымды арттыру арқылы Мәскеуді келіссөз үстеліне отырғызуға болады деп санайды. Трамп Киевке «Томагавка» зымырандарын беру шешімі Путинді дипломатияға итермелеуі тиіс деген ойда.

The Financial Times басылымы АҚШ-тың Украинаға алыс қашықтыққа соққы жасайтын зымыран түрлерін сату идеясы барын айтты. Зымырандардың бір түрі «Томагавка» болуы мүмкін. «Томагавка» зымырандары әдетте кемеден, сүңгуір қайықтан ұшырылады. Ұшақтан ататын түрі де болған, алайда ол типі ескірді және тиімсіз саналады. АҚШ тарапы жерүсті қондырғыларынан да бұл зымыранды ату жүйесін жасап шықты. Украина «Томагавка» зымырандарын алатын болса, оны тек құрлықтағы ату жүйелерінен ғана ұшыра алмақ.
Мамандар Украинаға зымыранды ұшыру үшін Typhon жүйесі қажет болатынын айтты. Сонымен бірге, алыс қашықтыққа зымыран ататын кеменің жүйелерін құрлықтық негізге модернизациялау арқылы зымыранды атуға болады. Әзірге АҚШ-тың Украинаға «Томагавка» зымырандарын беретіні немесе бермейтіні белгісіз.
«Томагавканы» беру шешімі бірнеше кедергіге келіп тірелуі мүмкін. Біріншіден, зымыранды ату жүйелерін жеткізу мәселесі туындауы ықтимал. Екіншіден, зымыранды Еуропа елдері сатып алып, Украинаға жеткізеді. Еуропа қанша зымыран алатыны белгісіз. Үшіншіден, зымыран санының шектеулі болуы да үлкен мәселе.
2022 жылдан бері АҚШ әскері 202 дана «Томагавка» зымырандарын сатып алды. Ал 2024 жылдан бастап АҚШ хуситтер мен Иранға қарсы кемі 124 зымыранды қолданған. Вашингтон Венесуэлаға қарсы әскери операция бастайтын болса, осы зымыран түрлерін қолдануы мүмкін. Демек, АҚШ Украинаға аса көп көлемдегі зымырандарды бере алмайды. Бұл символикалық шешім болуы мүмкін. Ал Киев соққы жасайтын нысандар бойынша таңдау жасауға мәжбүр болмақ.
АҚШ-тың Қорғаныс қауіпсіздігі орталығының директоры Стейси Петтиджонның ойынша, АҚШ Украинаға 20-50 дана «Томагавка» сатуы мүмкін. Ал Пентагонның бұрынғы сарапшысы Марк Кансианның ойынша, Трамп әкімшілігі жүзден астам зымыранды сатуға дайын деген ойда. Қазіргі таңда АҚШ-та 4 мыңнан астам қолдануға дайын «Томагавка» зымырандары бар.
Владимир Зеленский «Томагавка» зымырандарын Ресейдің әскери және стратегиялық нысандарын атқылау үшін ғана қолданатынын айтты. Киев ресейлік мұнай-газ саласын да соққы астына алмақ. Стратегиялық және халықаралық зерттеу орталығының (CSIS) директоры Том Караконың ойынша, Киев Ресейдің стратегиялық бомбалаушы ұшақтары орналасқан әуежайларды да атқылауы мүмкін.
Карнеги Қорының бас сарапшысы Майкл Кофманның пікірінше, Трамптың Путиннен көңілі қалған және АҚШ басшысы ендігі таңда тек дипломатия емес, сонымен бірге ультиматум тәсілін де жиі қолдануға көшеді. «Трамп Ресейге қатысты бірнеге ультиматум қойды және уақытты созумен келді. Ол тіпті Путинмен жеке кездесу өткізді. Алайда көптеген жағымды ұсыныстар мен сигналдарды Путин кері қайтарумен болды. Енді Трамп басқаша әрекет ететін болады», - дейді ол.
Аустриялық сарапшы Франц-Стефан Гадидің айтуынша, Украина «Томагавка» зымыранының шектеулі болуына байланысты, зымырандарды аса маңызды нысандарды атқылау үшін ғана қолданады. Соның ішінде дрон және зымыран құрастыру орталықтары, зымыран қоймалары, әскери әуежайлар, МӨЗ-дер мен мұнай терминалдары, порттар соққыға ұшырауы мүмкін. Ал соққы жасайтын нысандарды АҚШ бекітеді. Сарапшылар Вашингтонның аталған зымыранмен Мәскеуге соққы жасауға рұқсат етпейтінін айтуда. Бұл жағдайды тым ушықтырып, ядролық қақтығысты туындатпау үшін қабылданатын шешім болмақ.
Әскери сарапшылардың ойынша, егер АҚШ тарапы Украинаға зымыран беру шешімін қабылдайтын болса, зымырандарды жылдам жеткізу мүмкіндігі бар.
Mezgil.kz