Еуропа соғысқа дайындалуда: Украина – Еуропаның бірінші қорғаныс шебі!

Ресейдің Украинаға қарсы жасап жатқан басқыншылық соғысы Еуропаны оятып, «үлкен жарылысқа» себепші болғаны факт.  Еуропа енді бұрынғы Еуропа емес.

1760687924290894.jpg

Кеше Еуропалық комиссия 2032 жылға дейінгі «Defence Readiness Roadmap 2030» атты жаңа қорғаныс жоспарын жариялады. Бұл — жай ғана қағаз бетіндегі құжат емес, бұл тұтас континенттің қауіпсіздік жүйесін түбегейлі өзгертетін «үлкен жарылыс бетбұрыс», тағдыршешті жоспар.

Бұл ауқымды құжат бір ғана мақсатты көздейді. Ол — Ресей агрессиясын тежеу. Еуропа мұны ашық айтып отыр. Қорғаныс комиссары Андрюс Кубилюс: «Бізге бейбітшілікті сақтау үшін жаңа деңгейдегі дайындық қажет. Себебі Путиннің Еуропаға қарсы зұлым жоспары бар», - деді.

Сонымен, Еуропа қауымдастығы әзірлеп, жоспарлаған құжатта не жазылған?

УКРАИНА – ЕУРОПАНЫҢ БІРІНШІ ҚОРҒАНЫС ШЕБІ!

Еуроодақтың жоспары нақты төрт бағыттан тұрады:

Бірінші – «Шығыс қырағылығы» (European Flank Watch) — Ресеймен шекаралас елдердің қауіпсіздігін күшейту;

Екінші – «Дрондардан қорғану жоспары» (European Drone Defence Initiative) — заманауи соғыс тәсілдеріне қарсы еуропалық жауап;

Үшінші және төртінші– «Әуе қалқаны және Ғарыш қалқаны» (European Air Shield және European Space Shield) — аспан мен ғарыштан келетін кез келген қауіптің алдын алу.

Бұл жоспар бойынша Украинаға басты назар аударылған. Украина — Еуропаның жаңа қорғаныс дәуірінің алдыңғы шебінде. Брюссельдің айтуынша, Украина — «Еуропаның бірінші қорғаныс шебі». Бұл — символдық сөздер ғана емес, шын мәніндегі әскери-саяси шындық. Ресеймен бетпе-бет соғысып жатқан Украина бүгінде Еуропаның тәжірибе алаңы ғана емес, болашақ қорғаныс жүйесінің ұстаханасына айналып отыр.

2026 жылы Украинамен бірігіп дрондар альянсы құрылмақ. Заманауи соғыста Украинадан үйренер дүниенің көп екенін Еуропа елдері мойындап отыр. Сол себепті де Еуропа алғаш рет өз қауіпсіздігін сыртқы серіктеске сүйеніп емес, нақты одақтастық пен ортақ өндіріс арқылы нығайтпақ.

ЖАҢА ЖОСПАР: ҚОРҒАНЫСҚА БІРІГІП ИНВЕСТИЦИЯ ҚҰЯМЫЗ!

Еуропа қауымдастығы ұсынып отырған жаңа қорғаныс жоспарының тағы бір назар аударатын тұсы – енді еуропалық елдер қорғанысқа жеке-жеке емес, бірлесіп инвестиция құяды. Мақсат — 2027 жылға дейін қорғаныс секторындағы сатып алулардың 40%-ын ортақ жүйеге көшіру. Бұл — әскери бірлікке қадам.

3,4 триллион еуро — дәл осындай сома 2025 жылға дейін «нақты қорғанысқа» бағытталады. Мұндай қаржы бұрын тек соғыс кезіндегі бюджеттерде ғана болған.

Бүгінгі Еуропа бейбітшілік үшін соғысқа дайындалып жатыр. Путиннің ксоғыс амбициясы тұтас континентті біріктірді. Ал Украина — сол бірліктің алдыңғы шебінде, бейбітшілік жолында агрессорға қарсы қалқан боп тұр. Бұл — Еуропаның жаңа дәуірі. Ал оның символы — темір мен ерік-жігерге айналған Украина.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар