Өткен жұмадан-бері әлемнің назары тағы Ақ үйге ауды. 2,5 сағатқа созылған Трамп пен Зеленскийдің кездесуі — дипломатиялық ритуал ғана емес, жаңа бұрылысты сәт болды.

(Сурет: dailystorm сайтынан алынды)
Бұл кездесу – бір көргенге екі ел басшысының бейбітшілік туралы саяси диалогы боп көрінуі мүмкін. Бірақ шындығында – әрқайсысы өз шындығын қорғаған күрделі айқас болды. Бірі – соғысты осы жерден тоқтатқысы келеді. Екіншісі – соғысты әділетті аяқтағысы келеді. Бұл екеуінің ұсыныстарының басты айырмасы — тұтас бір мемлекеттің тағдыры, территориясы һәм өркениетті әлемдегі қауіпсіздік кепілдігі таласқа түсуде.
ТРАМПТЫҢ БЫЛШЫЛЫ: ПУТИНМЕН КЕЗДЕСУДЕ НЕ ШЕШІЛМЕК?
Бұл жолы Трамптың сөзі жайлы ғана болған жоқ. Ол ашық айтты: «Украинаның енді 1991 жылғы шекарасына шығуы екіталай. Соғысты осы жеткен жерде тоқтату керек», - деді. Путинмен Венгрияда кездесетінін, соғысты тоқтату туралы келісімге келуге дайын екенін мәлімдеді. «Путин соғысты тоқтатқысы келеді, Зеленский де соғысты тоқтатқысы келеді. Ендеше, соны жасайық», - деді ол.
Бұл — Трамптың өзінше «бейбітшілік формуласы». Бірақ оның астарында Украинаға бағытталған қысым жатыр: «Сен тоқта, жеріңнің бір бөлігін бер, ең бастысы — соғыс біткен болсын», - деген сөз.
ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ ӨТКІР ЖАУАБЫ: ПУТИННІҢ ӘЛІ ЖЕТПЕЙДІ!
Ал Зеленскийдің жауабы өткір әрі салқын болды. «Украина территориясын Украинасыз ешкім шешпейді. Бұл жерлер біздің жеріміз. Путин Украинаны түгел алғысы келді, бірақ шамасы жетпеді. Сондықтан біз күресуді жалғастырамыз», — деді ол. Бұл жауапта шаршаған, бірақ қайсар ұлттың үні бар. Зеленский Трампқа алғыс айтып: «Бейбітшілік керек, бірақ ол әділетсіз болмауы тиіс», - деді. Бұл сөздің артында төрт жылдық майдан, жүздеген мың адамның өмірі, қираған қалалар мен елдің жараланған рухы тұр.
Кездесуде Украина Президенті майдандағы карталарды ала келіп, жағдайды егжей-тегжей түсіндірмек болған. Бірақ Трамп карталарға көз де салмай, үстел үстінен ысырып қойып, Путиннің кей сөздерін қайталап отырған. «Financial Times» жазғандай, Трамп Зеленскийге: «Путиннің шартын қабылда», - деп тікелей айтқан. «Болмаса, Путин Украинаны жояды», - деген. Бұл дипломат емес, саудагердің тілі. Бұл — бейбітшілік емес, бопса тілі!
Тіпті «Tomahawk» зымыранын сөз еткен сәттің өзі АҚШ-тың екіұдай ұстанымын айқындады. Зеленский Трампқа: «Зымыранды мыңдаған дронға айырбастайық», - деп ұсыныс жасады. Трамп бұған: «Қызықты идея», - деп қана жауаптады. Бірақ кейін: «Соғысты Tomahawk-сыз аяқтау дұрыс», - деп кері бұрылды.
АҚШ БЕЙБІТШІЛІКТІ САТЫП АЛУДЫ ОЙЛАСТЫРУДА!
АҚШ-тың позициясы — Украинаға жеткілікті көмек беріп, бірақ Мәскеуді ашуландырмау. Ал мұндай тепе-тең саясат майдан даласында емес, саясат сахнасында ғана жұмыс істейді.
Трамптың соңғы сөзі: «Екеуі де өздерін жеңімпаз деп жарияласын, ал қалғанын тарих шешеді», - болды. Бұл сөз шын мәнінде, әділдікті құрбан етіп, тыныштықты сатып алу амалы. Украина үшін бұл — жеңіс емес, жарты жолдан тоқтау. Ал Ресей үшін — «алып қойғаның өзіңде қалсын» деген үнсіз мойындау!
Путиннің де мұндай «бейбіт келісімге» көнбесі анық. Себебі ол төрт облысты псевдореферендум арқылы өз Конституциясына енгізіп қойған. Егер Кремль сол жерлерді Украинаға қайтаруға келіссе, Ресей қоғамы ашу-ызаға булығып, Пригожин нұсқасындағы бүліктер қайта көтерілуі мүмкін. Себебі Ресейдің идеологиясы — соғыс, ал оның экономикасы мен саясаты сол соғыстың қанды дөңгелегіне байланып қалған.
ТРАМП – ӨЗІНІҢ САЙЛАУАЛДЫ БЕДЕЛІН, ЗЕЛЕНСКИЙ – ӨЗ ЕЛІНІҢ БОЛАШАҒЫН ОЙЛАЙДЫ!
Трамптың ұсынысы сырттай «бейбітшілік», бірақ ішкі мазмұны — геосаяси есеп. Ол соғысты емес, сайлауалды имиджін ойлайды. Ал Зеленский соғысты емес, елінің болашағын ойлайды. Сондықтан олардың «бейбітшілігі» бір тілде айтылғанмен, екі түрлі мағына береді. Бірі — «қазір тоқта, артыңнан не болса, ол болсын» дейді. Екіншісі — «тоқтаймыз, бірақ ертең тағы басып кірмейтіндей кепіл керек» дейді.
Міне, осы жолғы кездесудің өзегі осы болды. Трамп – «майдан шебінде тоқтаңдар» дейді. Зеленский – «біз өз жерімізде тұрмыз» дейді. Бірі – картаны ысырып тастайды, екіншісі – картамен өмір сүріп отыр. Бірі – дипломатияға сүйеніп, екіншісі – шындыққа сүйеніп сөйлейді.
Бұл кездесуден кейін әлем «бейбітшілік жақындады» деп қуана алмайды. Себебі әділетсіз бейбітшілік — соғыстың жаңа түрі! Бір соғыста екі жеңімпаз болмайды. Ал Украина үшін жеңіс — шекараға оралу емес, әділдікке оралу. Ал Трамп үшін бейбітшілік — келісімге қол қойып, өзін әлемнің «құтқарушысы» ретінде көрсету мүмкіндігі.
Қысқасы, Трамп Зеленскийді жығып берген жоқ — бірақ оның сөздері Украинаға жаңа майдан ашуы мүмкін. Бейбітшілік үшін емес, «келісім үшін» соғыс басталуы ғажап емес. Ал тарих мұндай келісімдерді кешірмейді.
Mezgil.kz