Венесуэла маңына АҚШ әскерін топтастыруда. Ондаған ұшақ, десанттық кемелер, сүңгуір қайық, 5 мыңнан астам арнайы жасақ сарбаздары және соққы жасаушы дрондар Венесуэлаға 700 шақырым жерде топтастырылды. Сарапшылар АҚШ билігі есірткі тасымалдаушы топтарға ғана емес, Венесуэла билігіне де соққы жасауы мүмкін деп санайды. Foreign Policy басылымы Вашингтонның аталған аймақтағы стратегиясына қатысты болжам жасап, үш түрлі сценарийді болжады.

Он күн бұрын Венесуэла оппозициясының серкесі Мария Мачадо Нобель сыйлығын алды. Мачадоның халықаралық дәрежеде мойындалуын Венесуэла оппозициясы қуанышпен қарсы алды, ал ел билігі Мачадоны «шайтанның серіктесі» деп айыптады. Сарапшылар Венесуэлада билік ауысса, Мачадо ел басына келуі мүмкін деп санайды. Оның кандидатурасын Трамп әкімшілігі де қолдар еді. АҚШ президенті Дональд Трамп Мачадо жайлы бірнеше мәрте пікір білдіріп, «өте жақсы адам сияқты» деп сипаттады.
Сонымен, Foreign Policy жазған үш түрлі сценарий қандай?

БІРІНШІ СЦЕНАРИЙ. КӨТЕРІЛІС
АҚШ билігі Венесуэла халқының билікке қарсы көтерілуін қолдар еді. Ол үшін халықтың көтерілісі аздық етеді. Әскерилер наразы топқа қосылып, режимнің биліктен кетуін талап етуі тиіс. Нобель сыйлығын иемденген Мария Корина Мачадо халықты бірнеше мәрте көтеріліске шақырған болатын. Оның сөзінше «әскердегі кей офицерлер халық жағына шығуға әзір».
Сарапшылардың ойынша, мұндай сәтте АҚШ билігі халық жағына өткен әскерилерге барлау ақпаратын беруі мүмкін. Сонымен бірге қажетті ресурспен қамтамасыз етпек. 2019 жылы АҚШ Хуан Гуайдоны «Венесуэланың уақытша президенті» деп танып, әскерилерді Гуайдоны қолдауға шақырды. Алайда әскер Гуайдоны қолдаған жоқ.
2024 жылғы сайлауда Мадуро жеңіске жетті. Дегенмен тәуелсіз сарапшылар оның оппозициядан жеңілгенін айтты. Артынша Мадуро елде жаппай репрессия жасауға көшті. Оппозиция басшысы Эдмундо Гонсалес елден кетті, Мачадо тығылып күн кешуге мәжбүр болды. Ондаған оппозиция мүшесі сотталды, кейбірі із-түссіз жоғалып кетті. Мадуро ел ішінде қандай да бір бүлікті болдырмау үшін аса сақ әрекет етуде. Сарапшылар қазіргі сәтте ішкі бұлқыныс мүмкін емес деп санайды. Себебі режим мемлекетті әскермен басып, қатаң бақылауда ұстауда.

ЕКІНШІ СЦЕНАРИЙ. АҚШ-ТЫҢ ТІКЕЛЕЙ ӘСКЕРИ ӘРЕКЕТІ
Венесуэла билігінің ойынша, АҚШ қазіргі сәтте Мадуроға қатысты тікелей әскери операция өткізуді ойластырып жатыр. Венесуэла сарапшылары да, Еуропа мамандары да солай пайымдауда.
Трамп әкімшілігі Мадуроға қысымды арттырып, Венесуэлаға жақын маңға әскерді топтастыруды жалғастыруда. Пентагон бірнеше есірткі тасымалдаған қайыққа соққы жасады. Трамп Венесуэладан теңіз арқылы есірткі тасымалдайтын жолдарды бақылауға алғанын айтты және «ендігі кезек құрлықта» деп мәлімдеді.
Венесуэла ықтимал шабуылға дайындалып жатыр. Ел әскері негізінен кеңестік және ресейлік қарумен қаруланған. Қытайдың әскери техникаларын да сатып алған. Венесуэла авиациясында Еуропа мен АҚШ-тың бірнеше ұшағы да бар. Қазіргі сәтте Венесуэлада С-125 «Печора», ЗУ-23-2, «Игла-С», С-300ВМ «Антей-2500» кешендері стратегиялық нысандарға жақын маңға орналастырылды.
Әскери сарапшылардың пікірінше, АҚШ тікелей операцияны бастау үшін, ең алдымен аталған кешендерді жоюы қажет. Foreign Policy сарапшыларының сөзінше, Венесуэла аймағында әлемдегі ең көп заңсыз қару айналымының бірі іске асуда. Егер әскери операция жылдам аяқталмаса, онда Венесуэлада азамат соғысы болуы ықтимал. Себебі оппозиция мен билік өкілдерінен бөлек, өзара жауласушы есірткі, қару сататын топтар да баршылық.

ҮШІНШІ СЦЕНАРИЙ. КАРАКАСПЕН КЕЛІСІМ.
Сарапшылардың сөзінше, үшінші сценарий іске асуы әбден мүмкін. Николас Мадуро Вашингтонмен келісімге келу үшін бірнеше мәрте жабық түрде келісім ұсынды. Тіпті биліктен кету кезеңін де айтқан. Қыркүйек айында Мадуро Трампқа «келісім жасасу» туралы хат жіберген. АҚШ-тың арнайы өкілі Ричард Гренеллдің сөзінше, АҚШ пен Венесуэла арасында расымен де байланыс орнаған.
Венесуэла мен АҚШ жария түрде келісім жасасуы ықтимал дейді мамандар. Екі ел түрмедегі сотталушылар бойынша тұтқын алмасуы мүмкін. Сонымен бірге Венесуэла билігі АҚШ-тың мұнай өндіретін компанияларына есігін ашуы ықтимал. Мысалы Chevron компаниясы Венесуэла нарығына кіруі мүмкін.
Mezgil.kz