Reuters басылымы Қытайдың Ресейден сырт айналғанын жазуда. АҚШ билігі Ресейдің ірі екі мұнай компаниясына санкция салды. «Роснефть» пен «Лукойл» компанияларының акциялары құлдырауда. Аталған екі компанияға тиесілі 34 еншілес компания қара тізімге енгізілді. АҚШ бұл компаниялармен байланысы бар өзге елдерге де жанама санкция қаупі төнетінін айтты.

(Сурет realtribune.ru сайтынан алынды)
Қытай билігі санкцияға іліккен ресейлік компаниялармен байланысын азайтуда. Қытайдың ірі МӨЗ-дері ресейлік мұнайды сатып алуды тоқтатуда. Бейжің АҚШ-тың санкцияларын сақтайтынын айтуда, алайда Вашингтонның бұл шешімін қолдамайтынын мәлімдеді. «Біржақты негізде санкция салу саясаты шиеленісті күшейтеді әрі әділетсіз қадам» деді Қытай СІМ басшысы.
Бұған дейін санкцияларға байланысты ресейлік мұнайды сатып алуды Үндістанның компаниялары азайтатынын мәлімдеді. Bloomberg басылымы Үндістанның Indian Oil, Bharat Petroleum, Hindustan Petroleum МӨЗ-дері ресейлік мұнайдан мүлде бас тартатынын айтты. Үндістан АҚШ-тың жаңа санкциясынан кейін осындай шешім қабылдаған. Нью-Дели ресейлік мұнайдан бас тартуды бірден іске асырмай, кезең кезеңімен жүзеге асырмақ.
Үндістан мен Қытай Ресейдің мұнайы мен газын сатып алатын негізгі мемлекеттер саналады. Екі елдің тарапынан ресейлік мұнайға деген тапсырыстың күрт азаюы Ресейдің экономикасына соққы жасайды. Қытай мен Үндістан мұнайды өзге елдерден алуды қарастыруы мүмкін, сәйкесінше бұл әлемдегі мұнай бағасының өсуіне әсер етпек.
Қытайдың PetroChina, Sinopec, CNOOC және Zhenhua Oil компаниялары ресейлік мұнайды сатып алуды тоқтата тұратынын айтуда. Бұл уақытша шешім болуы мүмкін. Аталған компаниялар ресейлік мұнайды теңіз жолы арқылы тасымалдайды. Қытай күн сайын 1,4 млн баррель ресейлік мұнайды теңіз жолымен тасымалдау үстінде.
Vortexa Analytics мәліметі бойынша, 2025 жылдың тоғыз айында Қытайдың мемлекеттік компаниялары күніне 250 мың баррель ресейлік мұнайды сатып алған. Ал Energy Aspects мәліметі бойынша, бұл көрсеткіш 500 мың баррельге жетуі ықтимал. Алайда жеке компаниялардың үлесі мемлекеттік компаниялардан әлдеқайда көп.
Sinopec-тің бір бөлімі саналатын Unipec ресейлік мұнайды сатып алуды өткен аптада тоқтатты. Ұлыбритания Ресейдің «Роснефть» пен «Лукойл» компанияларын санкция тізіміне қосқан соң, сондай шешім қабылданды. Ұлыбритания Қытайдың екі ірі МӨЗ-ін де санкция тізіміне қосты. Бейжің дереу арада өзге санкциядан компанияларды қорғау үшін, ресейлік мұнайды сатып алуды уақытша азайту керектігін айтып, компанияларға арнайы хат жіберген.
Трейдерлік компаниялардың мәліметінше, «Роснефть» пен «Лукойл» мұнайды Қытайға делдал компаниялар арқылы сатады. Бұл санкциядан қашу мақсатында жасалған амал. Қытай Ресейден құбыр арқылы да мұнай алады. Оның көлемі күндігіне 900 мың баррельді құрайды. Аталған мұнай толықтай PetroChina компаниясына жеткізіледі.
Сарапшылардың пайымдауынша, Қытай мен Үндістан ресейлік мұнайды Таяу Шығыс, Африка және Латын Америкасының мұнайына алмастыратын болады. Ал Мәскеу мұнай сатуды азайтпау мақсатында Бейжің мен Нью-Делиге үлкен жеңілдіктер ұсынуда.
Mezgil.kz