The Financial Times басылымы Трамптың «Лукойл» мен «Роснефтьке» салған санкциясының әсері жайлы сараптама жазды. «Аталған шешім Мәскеу билігін есеңгіретіп тастады» дейді басылым мамандары. Санкцияға байланысты қос компания экспорт бойынша бірқатар ауыр шешімдерді қабылдауға мәжбүр болмақ.

Трамптың санкциялары қос компанияны қаржылық мүмкіндіктерінен қағуда. «Роснефть» пен «Лукойл» компаниялары күн сайын 9,5 млн баррель мұнай шығарады. Бұл Ресейдегі өндірілетін мұнайдың басым бөлігі деген сөз. Дональд Трамп аталған салаға алғаш рет соққы жасады.
«Роснефть» компаниясы өндіретін мұнай Ресей бюджетінің 17 пайызын құрайды. Ендігі таңда қос компания санкцияларға байланысты экспорт бағытын өзгертуге мәжбүр болмақ. Ресейдің өзге мұнай компаниялары да бұған дейін санкцияға ұшыраған болатын. Алайда «Роснефть» пен «Лукойл» компаниялары Ресей мұнайының тең жартысынан көбін өндіреді. Аталған компаниялар енді санкциядан сытылудың жолын іздеп, жалған компаниядар құруға, жалған келісімдер жасауға мәжбүр болмақ. Бұл уақыт пен қаржыны талап етеді. Сонымен бірге жанама санкция қаупін арттырады.
Жаңа санкциялар ең алдымен Қытай мен Үндістан сатып алатын мұнайға соққы жасайды. «Роснефть» 2025 жылдың алғашқы жартысында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға аз пайда тапты. «Лукойл» компаниясының табысы да 15 пайызға азайған. Ал таза пайда екі есеге түскен. Ендігі таңда, жаңа санкциялар көрсеткіштерді тіпті құлдыратуы мүмкін.
Ресейдің қос компаниясы соғыс басталған сәтте мұнайды Еуропадан Азияға қарай бағыттауға тырысты. Ресей билігі мұнай компанияларына танкерлер сатып алуға көмектесіп, көлеңкелі флотты жасақтауға жәрдемдесті. Дегенмен Еуропа Ресейдің көлеңкелі флотындағы кемелерді анықтап, оларды санкциялық қыспаққа алуда.
Argus Media компаниясының бас экономисі Дэвид Файфтың айтуынша, шикі мұнайды ішкі мұнай өңдеу зауыттарына бағыттау қиынға соғуда. Себебі Украинаның дрон шабуылдары МӨЗ-дердің өңдеу қуатын айтарлықтай қысқартты. Сәйкесінше, санкцияға іліккен қос компания мен олардың МӨЗ-дері шикі мұнайды өңдеудің басқа жолын іздестіретін болады.
Emerging Markets Oil and Gas Consulting Partners консалтингтік компаниясының негізін қалаушы Рональд Смиттің ойынша «егер сатып алушы табылса, айналма жол да табылары анық». Мұндай айналма схемалар неғұрлым күрделене түссе, соғұрлым ресейлік мұнай өндірушілердің шығындары артады. Себебі Ресей тарапы айналма жол арқылы мұнайды жеткізу шығынын өзі көтереді. Ал сатып алушыға нарықтағы бағадан кемі 10 долларға төмен жеңілдік жасайды.
Өткен жылы Ресейдің мұнай секторы шамамен 43 миллиард доллар жоғалтқан. Бұл оның әлеуетті табысының шамамен 30%-на тең деген сөз. Ал АҚШ-тың соңғы санкциялары ресейлік мұнайдың баррелін тағы 4 долларға түсірмек.
Сарапшылар «Роснефть» немесе «Лукойл» компанияларының санкцияларға байланысты толық күйреуін күтпейді. Себебі аталған компанияларды мемлекет барынша қолдайтын болады. Алайда бұл өзге компанияларға жасалатын мемлекеттік көмекті азайтуға әкелуі мүмкін. Осылайша екі ірі компанияны сақтап қалу үшін, Мәскеу өзге бірнеше кіші компанияны құрбандыққа шалуы әбден мүмкін дейді мамандар.
Mezgil.kz