Ресейден төнген қауіп: Суоми елі соғысқа дайындалуда!

Финляндия билігі Ресеймен ықтимал қақтығысқа дайындалуда. Бұл туралы The Times басылымы жазды.


_124866178_4fd26595-16a6-4263-923c-da1e01a0e85d.jpg

 

Финляндияның қолбасшысы Матти Питкяниитти фин әскерінің соғысқа дайындығы туралы айтты. Финляндия НАТО-ға кіргенге дейін, Ресей халқы Суоми еліне барып, сауда жасайтын. Әсіресе шекаралас аймақтың халқы мен Петербор тұрғындары Финляндияға жиі келетін. Алайда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін, жағдай өзгерді. Хельсинки қорғанысқа ерекше көңіл бөле бастады. Шекарадағы тексеріс күшейді.

 

Қолбасшы (полковник) Матти Питкянииттидің қол астында 235 тұрақты қызметкер мен 150-ден астам сарбаз бар. Олар Ресеймен шекаралас аймақтың бірін күзетеді. Сарбаздар Онттола әскери полигонында жаттығудан өтіп, артынша шекараға аттанады.

 

Финляндия жас сарбаздарды қиын жағдайды ұрыс жүргізуге дайындауда. Қолбасшы Матти Питкянииттидің сөзінше, қол астындағы 140 ер және 10 әйел жауынгер түрлі дайындықтан өтуде. Олар 20 метрлік өзенді жүзіп өтіп, NH90 Eurocopter тікұшағынан секіріп, түнде және күндіз атысу жаттығуларын үйренген.

 

Фин шекарашылары Javelin танкке қарсы кешенін атуды жақсы меңгерген. Сонымен бірге дрондарды қолдану бойынша да арнайы курстар ашылған. Қолбасшы Питкянииттидің сөзінше, фин шекарашылары қажет жағдайда ел шекарасын толық миналай алады. Оған қажетті мина да, мүмкіндік пен техника да бар дейді қолбасшы.

 

Финляндия билігі Ресейдің шабуыл жасау ықтималдылығын жоққа шығармайды. Алайда әскери мамандардың сөзінше, Ресей соғысты Финляндиядан бастаса, онда Мәскеу өте үлкен шығынға ұшырауы мүмкін. Себебі Фин жері қорғанысқа ыңғайлы, ауа райы соғыс жүргізуге қолайсыз, ал фин әскері заманауи қарумен жарақтанған рухты сарбаздардан тұрады.

 

Финляндия халқының саны 5,7 млн адамды құрайды. Елде 900 мың резервист бар. Суоми елі артиллерия санымен мақтана алады. Еуропа бойынша ең көп зеңбірек пен гаубицаға ие елдің бірі саналады. Ресейдің ашық шабуылы Мәскеу үшін логистикалық тұрғыдан нағыз сойқанға айналуы мүмкін. Кремль 1939-40 жылдары Финляндияға шабуыл жасап, үлкен шығынға ұшыраған болатын.

 

Финляндия әскері қазір соғыс жағдайына жақындатылған әскери жаттығуды өткізуде. Әскери бөлімшелердің жартысы сценарий бойынша шартты түрде Ресей әскері болып, шабуыл жасауда. Ал шекара бөлімшелері шабуылды тойтару үстінде. Әр жаттығудан кейін үлкен талқылама іске асуда. Шабуылды тойтарудағы қателіктер, шабуыл жасаудағы қателіктер сарапталып, қорытынды шығарылуда.

 

Финляндия 2023 жылы НАТО-ға мүше болды. Қазіргі таңда қорғаныс саласына қаржы бөлуді арттыруда. Leopard 2A4, Leopard 2A6 танктері, CV90 бронды көліктері, K9 Thunder артиллериясы, мыңнан астам гаубица мен жылжымалы миномет, алыс қашықтыққа зымыран ату жүйелерінің бірнеше типі бар ел. Әуе қорғаныс жүйесінде F/A-18C/D Hornet ұшақтары бар. F-35A Lightning II ұшақтарын сатып алуда. Тікұшақтардың санын да арттырып жатыр. Теңіз күштері жеңіл және ауыр десанттық кемелерден, теңіз дрондарынан және жылдам қайықтардан тұрады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар