Оқ пен судың ортасында қалды: Су қоймасының жарылуы Ресей әскеріне қалай әсер етуде?

Украина әскері Белгород облысындағы су қоймасына соққы жасап, қойманың су жіберу бөлігін істен шығарды. Шабуыл 24-қазан күні іске асты. Артынша Украина дрондармен, зымырандармен тағы қайтара соққы жасаған. Су қоймасы Северский Донец өзеніне бақылаусыз негізде су жібере бастады. Бұл Ресейдің аталған бағыттағы әскеріне кері әсерін тигізбек.

1761726490360333.jpeg

(Сурет: Әлеуметтік желіден)

Су қоймасына зақым келгені туралы Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков 25-қазанда растады. «Жау әскері су қоймасына тағы қайтара соққы жасап, оны мүлдем талқандауға тырысуы мүмкін. Егер солай етсе, онда Харьков облысындағы бірқатар аймақ пен біздің аумағымыздағы бірқатар елді-мекен суға кетуі ықтимал. Ол аймақта 1000 жуық адам тұрады», - дейді ол.

Украина су қоймасына соққы жасағанын растады. 26-қазан күні Украинаның Дрон әскери күштерінің қолбасшысы Роберт Бровди («Мадьяр» лақап атымен танымал) су қоймасына соққы жасалғанын, қоймадағы су деңгейі түсе бастағанын айтты. Ал ресейлік ақпарат көздері су қоймасына HIMARS зымыран кешені соққы жасағанын жазды.

Шабуыл салдарынан су қоймасына апаратын жол, су жіберу шлюздері мен құрылғылар бөлімі зақымданған. Әлеуметтік желіде су қоймасының талқандалған фотосы, видеосы жарияланды.

Аталған су қоймасы Северский Донец өзенінің бойында салынды. Қойма 1985 жылы қолданысқа берілді. Ол Белгородтан 10 шақырым жерде орналасқан. Су қоймасы аймақты сумен қамтамасыз ету үшін қолданылды. Кейін шаруашылыққа қолданылмай, тек су жинайтын қоймаға айналды. Ұзындығы 25 шақырым, ал ені кей тұста 10 метр, кей тұста 3 шақырымды құрайды. Ең терең тұсы 14 метрді құрайды. 2004 жылы Ресей су қоймасын федералды маңызға ие нысандардың қатарына қосты.

Су қоймасының жарылуы Белгород қаласына әсер етпейді. Өйткені қойма Белгород қаласынан төмен орналасқан. Алайда Белгородтағы басқа елді-мекендерге зияны тиюі мүмкін.  Судың басым бөлігі Украина аумағына кетуде.

Бұл Украина аумағындағы ресейлік сарбаздарға қиындық әкелуі мүмкін. Себебі су қоймасынан аққан су Ресей әскері оккупациялаған аумаққа кетуде. Соның бірі Волчанск қаласы саналады. Қаланың жартысын 2024 жылдан бері Ресей, жартысын Украина әскері өз бақылауында ұстауда. Қаланың қақ ортасынан Волчья өзені ағып өтеді. Ресей әскері қазан айында шабуылды үдетіп, Украина әскері бақылауындағы жағалауға өтіп, нан зауытын басып алып, бекіне білді. Ресей әскері Огурцово, Гатище, Бугроватка ауылдарын да бақылауда ұстап отыр. Бұл елді-мекендердің барлығы дерлік Северский Донец өзенінің бойында орналасқан. Су деңгейі көтерілсе, Волчья өзенінің деңгейі де көтеріліп, бұл Ресей әскерінің позициясына қауіп төндірмек. Белгород облысындағы Графовка, Новая Таволжанка, Архангельское, Безлюдовка, Шебекино елді-мекендері де судан зардап шегуі ықтимал.

Әскери сарапшыар Волчанск маңындағы ресейлік әскери позицияардың су астында қалу қаупі бар дейді. Бұл Ресей әскеріне қару-жарақ, оқ-дәрі, азық-түлік жеткізуді де қиындатып, логистиканы әбден күрделендірмек. Ресейдің 82-ші мотоатқыштар полкі, 138-ші мотоатқыштар бригадасы судың блиндаждарға кіріп жатқанын айтуда. Бұл бағыттағы Ресей әскері украин әскерінің шабуылы мен судың қыспағында қалуы мүмкін дейді мамандар. Бұл ең алдымен Волчанск қаласындағы нан зауытын басып алған ресейлік сарбаздарға өте қауіпті болмақ.

Ресей 2023 жылы Украинаның қарсы шабуылын тоқтату үшін «Каховка су қоймасын» жарып жіберген болатын. 2024 жылы Донецк бағытында «Курахов су қоймасы» жарылды. Ресей мен Украина бір-бірін айыптады. Сарапшылар соғыс барысында бірнеше су қоймасының жарылғанын айтуда. Енді олардың қатарына Белгород су қоймасы да қосылды.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар