Қыспаққа алған ҚҚС: Ресей билігі не істемек?

Ресей билігі экономикалық қиындықтарға байланысты ҚҚС (қосымша құн салығы) көтеруді жоспарлауда. 2026 жылдың 1-қаңтарынан бастап Ресейде ҚҚС 22 пайызға көтеріледі. Ресей билігі 7 жылдың ішінде екінші мәрте ҚҚС пайызын көтеруде. Осылайша Мәскеу әлемдегі ҚҚС көлемі жоғары 20 елдің қатарына кірмек. ҚҚС дегеніміз – сатылатын тауар мен көрсетілетін қызметтер бағасына қосылып, нәтижесінде мемлекеттік бюджетке аударылатын салық түрі.


NDS.jpg

 (Сурет nifi.ru сайтынан алынды)


ҚҚС құны Ресейде 2019 жылға дейін 18 пайыз болды. Артынша бұл көрсеткіш 20 пайызға артты. Енді ҚҚС көлемі 22 пайызға көтерілмек. Елде сатылатын барлық тауар құнына қосылатын бұл мөлшерлеме кәсіпкерлерге үлкен соққы жасайды дейді сарапшылар.

 

Еуропа елдерінде ҚҚС құны қашанда жоғары болған. ЕО-ға мүше елдер мен ЕО-мен сауда серіктестігін жасаған бірқатар елдерде ҚҚС құны жоғары. Мысалы Венгрияда 27 пайыз, Данияда, Хорватия мен Швецияда 25 пайыз, Финляндия, Эстония, Грекияда 24 пайыз, Словакия мен Ирландияда 23 пайызды құрайды. Ресейдің пропагандистері «ЕО мен оның негізгі серіктестерінде ҚҚС құны аспандап тұр» деп ұзақ жылдар бойы ақпараттық шабуыл жасап, өз аудиториясына Ресей экономикасын «дұрыс бағытта» деп насихаттаумен болды. Алайда Мәскеу енді өзі де ҚҚС көлемін көтеруге мәжбүр жағдайға жетті.

 

Мысалы, ЕО-дағы ірі экономика саналатын Францияда ҚҚС көлемі 20 пайыз, Германияда 19 пайыз болып бекітілген. Осылайша Ресей аталған елдердегі ҚҚС көлемінен асып кететін межеге жетті. Еуропадан тыс аумақта 22 пайыздық ҚҚС бірқатар елдерде ғана бар. Уругвайда 22 пайыздық мөлшерлеме бекітілген және Ресей аталған елмен 2026 жылы теңеседі. Қытайда 13 пайыз, Жапонияда 10 пайыздық ҚҚС бар.

 

Ресейдің Қаржы министрлігі ҚҚС пайызын көтеру арқылы бюджетке қосымша 1,4 трлн рубль түсіруді ойластыруда. Ал бюджет өз кезегінде әр үшінші рубльді соғысқа жіберуде. Ресей бюджеті дефицит жағдайына жетті. 2025 жылы бюджет тапшылығы 5,7 трлн рубль болмақ. 2026 жылы ол 3,8 трлн рубль, 2027 жылы 3,2 трлн рубль, 2028 жылы 3,5 трлн рубль болады деп болжануда. Ресей үкіметі бюджетті толтыру үшін жеңілдетілген салықтық жеңілдіктерді де алып тастамақ. Бұл 700 мыңнан астам кәсіпкердің қалтасына салмақ салады.

 

Ресей билігі бюджетті толтыру үшін түрлі салықты енгізуде. Тарифтер, баж салығы, табыс салығы көтерілді. ҚҚС құны да артуда. Алдағы уақытта утильалым көлемі де көтеріледі. Ресейлік экономистер биліктің бюджетті толтыру шешімдерін қатаң сынға алуда. Ресей сарапшылары Кремльдің шешімдері уақытша тұрақтылық беретінін, ал ұзақ мерзімді көрсеткіште кәсіпкерлікті құлдырататынын айтуда. 


Mezgil.kz

 

 



Ұқсас тақырыптар